"Бесоба" мұрагерлері: 115 ғимарат өздігінен күйреуі ықтимал

7849

Үкіметтің құрылыс саласындағы сарапшылардан көңілі қалды, деп жазады Inbusiness.kz.

"Бесоба" мұрагерлері: 115 ғимарат өздігінен күйреуі ықтимал

Жеке эксперттердің қордалаған былығы көп

Осыдан жеті жылдай бұрын ел Үкіметі Doing Business жаһандық рейтингіндегі Қазақстанның тұғырын тездетіп биіктету үшін өзгелер сыртында құрылыс сараптамасы саласын да бетімен жіберді. Оның нәтижесі халықты да, билікті де шошынтып отыр. Басқа түгіл, "BI Group", "Базис-А" секілді алпауыт салушылардың құрылыс сапасы еш сын көтермейді, тұрғындардың қатаң сынына себепкер болуда.

Осы кезеңде өңірлерде біраз көп қабатты үй қараптан-қарап құлап қалды. Бұған Қарағандыдағы "Бесоба", Қостанай қаласындағы "Юбилейный" тұрғын үй кешендері мысал. Олардың бәрінде инженерлік-геологиялық ізденістердің, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасыз жүргізілуі салдарынан конструкция күйреген.

Сарапшылардың байламынша, өзге де нысандарға солардың жолын құшу қаупі төніп тұруы ғажап емес. Себебі, кейінгі 5–10 жылда қаншама ғимарат құрылыс нормалары толық сақталмай салынып кеткен. 

Бұған тосқауыл қою мақсатында Ұлттық экономика министрлігі "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі" заңына түзетулер енгізетін заң жобасын әзірледі. Ол нысанның тұрғызылуына жол ашатын сарапшыларға жауапкершілік жүктеп, олардың қорытындыларына талапты күшейтпек.

"Сараптама ұйымдары жобалардың сапасына талдау және бағалау жүргізу кезінде инженерлік ізденістердің өзектілігін және осы нәтижелердің жасалуының қолданыстағы нормаларға, оның ішінде инженерлік-геологиялық ізденістер өндірісінің толықтығына, құрамына, көлеміне, әдістері мен технологияларына сәйкестігін тексеруге міндетті", – деп жазылған жаңа заң жобасында.

Бірақ заңнаманы "косметикалық әрлеу" – саладағы күрделі жағдайды түземесе керек. Бұл жерде "күрделі жөндеу", яғни ірі қадамдар қажеттей.

Осылай деп шешкен мемлекеттік бас экономистің командасы ел Үкіметіне кезінде Doing Business рейтингіндегі Қазақстанның орнын жақсарту үшін қабылданған кейбір нормалардан бас тарту туралы ұсыныспен шықты.

Атап айтқанда, ел Парламенті 2014 жылғы 29 желтоқсанда қабылдаған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының кейбір нормаларын жою көзделуде.

Себебі, олар мысалы, сараптама саласындағы мемлекеттік монополияны бірер санатпен ғана шектеп тастаған болатын.

"Қазіргі уақытта құрылыс жобалары сараптамаларының 80%-ы бәсекелестік ортада. Алайда жеке сарапшылық ұйымдар айтарлықтай бұзушылықтарға жол береді. Біріншіден, олар сараптама мерзімдерін сақтамайды. Екіншіден, жобалық-сметалық құжаттамаларға егжей-тегжейлі талдау ұсынбайды. Үшіншіден, инженерлік-геологиялық ізденістер бойынша есептері жоқ болып шығады. Ал ғимараттардың сөгіліп, құлауы оқиғаларының 85%-ға дейінгісі дәл осы ізденістер нәтижелерін бұрыс бағалау кесірінен болады", – деді заң жобасына түсініктеме берген Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Төртіншіден, жекеменшік эксперттік ұйымдар сметалық-нормативтік базаның талаптарын сақтамайтын көрінеді. Бесіншіден, техникалық күрделі объектілердің жауапсыз жеке ұйымдардың еншісіне берілуі де меморган басшылығының алаңдаушылығын туғызып отыр.

Республикадағы 115 нысан ақаулы болып шықты

Министр мырза төбе шашты тік тұрғызар бір мәліметті хабарлады.

"Ішінара, іріктеп жүргізілген талдаудың өзінде елдегі 115 жобада олардың беріктігіне, орнықтылығына және конструктивтілігіне кері ықпал ететін 1 мыңнан астам жөнсіздік әшкереленді. Соның ішінде 42 жоба – бюджет қаражатына қаржыландырылып жатқан нысандар! Бұған қоса, құрылыс құны 9,5 миллиард теңгеге негізсіз қымбаттатылғаны анықталды", – деді Ә.Ерғалиев.

Салада "бармақ басты, көз қысты" жағдайлар түрлі былықтың белең алуына ықпал ететінге ұқсайды.

Мысалы, Қостанайдың "Юбилейный" шағын ауданындағы №24 бес қабатты тұрғын үйдің жұмыс жобасы бойынша тапсырыс беруші "Мемлекеттік сараптама" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының теріс қорытындысын алыпты. Өйткені жұмыс жобасынан архитектуралық және конструктивті шешімдер бойынша 100-ден астам кемшілік пен ескертпе анықталған.

Осыдан кейін тапсырыс беруші жобасын қайта қарап, болашақ тұрғындардың және айналадағы адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін олқылықтарын жоюға жедел кірісуі керек еді.

Бірақ оның орнына ол жеке сарапшылық ұйымның қызметіне жүгініп, оң қорытынды алады. Салдарынан, жаңа салынған үй ізінше тура ортасынан қақ айырылды.

Заманауи адамзат өркениеті қалпымен құрылысқа негізделген. Баспананың, әкімшілік, коммерциялық, өндірістік ғимараттардың, өзге де сәулет-құрылыс нысандарының қаншалықты беріктігі, қолайлылығы, көркемдігі – мемлекеттің осы өркениет жолында қаншалықты ілгерілегенін паш етеді.

Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі осынау стратегиялық салаға мемлекеттің араласуын кеңейту елдің дамуына оң ықпал ететініне назар аудартады. Оның үстіне бұл – алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі.

"Шетелдік тәжірибеге жүгінсек, тек одақтастарымыз Ресей, Беларусьте ғана емес, Сингапур, Норвегия секілді дамыған елдерде де бүгінде жобаларды мемлекеттік сараптау институты жұмыс істейді. Оны аз десеңіз, Түркия да, Венгрия да теріс тәжірибеге жолығып, оның салдарларын жою үшін ақыры сараптамаға мемлекеттік монополияны қайтару туралы шешім қабылдады", – деді Ұлттық экономика министрі.

Қазіргі кезде "Мемсараптама" РМК арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік монополияға тек "мемлекетаралық және халықаралық жаңа нысандардың", "құрылыстың бірегей объектілерінің" және "технологиялық күрделі жаңа ғимараттар мен құрылыстардың" техникалық-экономикалық негіздемелеріне және жобалық-сметалық құжаттамаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу ғана жатады. Басқасы, соның ішінде бюджеттен қаржыландырылатыны да бәсекелі ортаның "ханталапайына" тасталған.

Жүргізілген талдау көрсеткендей, сараптама институтын жеке секторға беру біраз бюджет қаражаттарын жоғалтуға (құрылыс құнын негізсіз қымбаттату), сондай-ақ құрылыс сапасының құлдырауына соқтырыпты.

Осыған байланысты аса күрделі, мемлекеттік маңызды, әлеуметтік қажетті жобаларды кешенді сараптауды мемлекеттік монополияға беру ұсынылып отыр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу