БҒМ мектептердің 100% бейнебақылаумен қамтылғанын жариялады

2264

Дегенмен педагогтердің өзі ол камералардың түсіре алмайтын "жерлері" көп екенін айтып отыр. Сонымен бірге күзет қызметіне қатысты Президент тапсырмасын мектептердің біразы сол бойы орындамапты. 

БҒМ мектептердің 100% бейнебақылаумен қамтылғанын жариялады

Қазіргі 2021-2022 оқу жылының аяқталуына үш аптадай уақыт қана қалды. Ендеше ағымдағы оқу жылының кейбір қорытындыларын шығара беруге болатындай.

Атап өтер жайт, 2021 жылғы 16 қарашада өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Президент білім ордаларында қауіпсіздіктің кемшін екенін қатты сынаған еді. Оның байламынша, мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті сақтау – шешімін таппаған өзекті проблемаға айналды.

"Қазір оқу орындары күзет агенттігімен 1 жылға келісімшартқа отырады. Әдетте, оны жылдың басында жасайды. Бұл – оқу жылының ортасы деген сөз. Мұндай келісімшарттарды ұзағырақ уақытқа, мысалы үш жылға жасаған тиімді болар еді. Оған рұқсат беру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелеріне бірыңғай талаптар әзірлеуді тапсырды. Оның ішінде, білім беру ұйымдары 3 жылға келісімшартқа отырып, мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз етілуі қажет.

Салада қордаланған мәселелердің барын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов растады. Оның айтуынша, 2021 жылдан қалалардағы ірі мектептер, колледждер, ЖОО-лар мамандандырылған күзет агенттіктерінің қызметтерін пайдалана бастады.

"Бұл ретте тендер нәтижесі тек 1 жылға дейін жарамды болатынын ескерсек, білім беру ұйымдары үшін бұл өзекті проблемаға айналды. Конкурс бойынша рәсімдердің өткізілуі мен қорытындысының шығарылуына, кей жағдайда шығарылған шешімге шағымдануға көп уақыт кетеді, тіпті күнтізбелік жыл аяқталып жатады. Күзет агенттігі үшін де, мектеп үшін де бірнеше айға ғана келісімшартқа отыру тиімсіз және қажет емес. Сонымен қатар күзетшілердің үнемі ауысып тұруы балалармен жұмыс істеу барысында кері әсер етеді", – деді министр.

Мысалы, күзетші балаларды танып, тентек-телісі кім екенін айырып болғанша, ауысып кетеді. Биылдан бастап, күзет агенттіктерімен келісімшарттар 3 жыл мерзімге жасалуда.

Президент сынынан кейін қызу басталған іс жыл соңында саябырсып қалды. Тек 2022 жылдың басында "қасіретті қаңтар" оқиғалары бұл мәселені де өзекті етті. Сондықтан биылғы 16 қаңтарда БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов білім басқармалары мен бөлімдерінің басшыларын жиып, онлайн кездесу өткізді. Оның барысында өзге мәселелерге қоса, оқу мекемелеріндегі күзет қызметінің жұмысы пысықталды.

Содан бері не өзгерді?

БҒМ-нің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтің мәліметінше, 2022 жылдың 1 тоқсанындағы жағдай бойынша орта білім беру ұйымдарының 80%-дан астамы лицензияланған күзетпен шарттар жасасып болыпты.

Айтпақшы, қалған 20 пайызын қорғауға күзет агенттіктері қызығушылық танытпаған деген бейресми дерек бар. Өйткені күзет қызметкеріне мектеп күзетшісінің азғантай жалақысы төленеді.

"Қазіргі уақытта біздің комитет БҒМ-нің және білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітті. Оған қатысты 2022 жылғы 30 наурызда БҒМ-нің №117 бұйрығы шықты. Нұсқаулықтың 2-тарауының 10-тармағына сәйкес, персоналдың және оқушыларының нақты саны 700-ден асатын, әрі мегаполистерде, астанада, облыстық маңызды қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарының меншік иелері объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етуге міндетті. Бұл үшін олар күзет қызметтерін көрсету туралы шарт жасасады", – деді комитет басшысы Есенғазы Иманғалиев.

Оның айтуынша, күзет қызметтерін көрсетуге, соның ішінде объектілерді күзетуге лицензиясы бар күзет агенттігі кемінде 3 жыл мерзімге жалданады. Ал осы күзет қызметі субъектісімен шарттың жобасы қамқоршылық немесе ата-аналар кеңесімен келісіледі.

"Жалпы бүгінде орта білім беру ұйымдарының 100%-ында бейнебақылау жүйелері бар. Өңірлік жоспарларға сәйкес оқушылар, студенттер арасында төтенше жағдайлар, теракті қаупі туындаған кезде қандай қауіпсіз мінез-құлық көрсету керектігін түсіндіру мақсатында ТЖ департаменттері және полиция қызметкерлері бірігіп, интерактивті сабақтар өткізеді. 2021 жылы және 2022 жылдың 1 тоқсанында ақпараттық іс-шаралармен 9,8 мыңнан астам білім беру мекемелері қамтылды. Оған 392 мыңға жуық адам – оқушылар, студенттер, оқытушылар қатысты", – деді Есенғазы Нұртөлеуұлы.

Бейнебақылау камераларын орнату бастамасын ұзақ жылдардан бері ата-аналар, қоғам белсенділері көтеріп келеді. Оған көбіне директорлар, педагогтер қарсы. Олар мектепте түсірілген бейнежазба интернетке таралып кетіп, беделіне дақ түсіре ме деп қорқады. Бұл туралы ақпарат құралдары да, сарапшылар да талдап жазды.

Оқушылар да қылмыс жасайды

Мысалы, Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында 12 жалпы білім беретін мектеп бар екен. Қала шағын болғанымен, балиғатқа толмаған балалар арасында қылмыс таралған. Шахтинскіде кәмелетке толмағандар жасаған 12 қылмыстың тіркелгені хабарланды. Оның негізгі бөлігі – 8 фактісі (66,7%-ы) 188-бапқа сай келеді, яғни ұрлық. 2 факті (16,7%) Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша қозғалған: оқушылардың адам зорлауымен байланысты. 8,3%-ы 122-бап бойынша жыныстық қатынас, 16 жасқа толмаған қызбен сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасауға қатысты. Оқушылардың автомобильді айдап кетуінің 1 фактісі (8,3%) тіркелген.

Мұның бәрі тек шағын бір қаладағы қылмыстар. 80-нен астам өзге қалада, ауылдарда не болып жатқаны белгісіз. Өзекті статистика жоқ.

"Қауіпсіздік мәселелеріне қатысты білім беру ұйымдары ІІМ және БҒМ бұйрықтарының талаптарына сәйкес бейнекамералармен 100% қамтамасыз етілді. Жалпы саны 709 камера орнатылған. Өңір мектептерінде 407 камера, балабақшаларда – 201 камера, қосымша білім беру ұйымдарында – 101 камера қойылды. 2021 жылғы 25 тамыздан бастап Шахтинск мектептеріне мамандандырылған күзет енгізілді. Нысандарды күзету үшін мектептер "Қыпшақ сарбазы-А" ЖШС-мен және "Саланг Қызыл Жар" ЖШС-мен шарттар жасасты. Бұл жеке күзетке арналған ақша күзетшілер мен вахтерлердің жалақы қорынан пайдаланылатын болады", – деп мәлім етті Шахтинск қаласының білім бөлімі.

Жалпы алғанда, еліміздегі мектептердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелер түбегейлі шешілді деуге болмайды. Айталық, Алматы әкімдігі жүргізген талдау көрсеткендей, бейнебақылау жүйелерімен жарақтандырылды деген мектептердің өзінде камералар үңіле алмайтын "соқыр аймақтар" жетерлік. Сондықтан сарапшылардың айтуынша, біріншіден, ондай аймақтарды жою үшін қосымша камералар орнатып, оларды полиция департаментінің жедел басқару орталығына шығаруды толық қамтамасыз ету қажет.

Екіншіден, балалар және мектептің барлық қызметкерлері қауіпсіз болуы үшін білім ордаларының басшылары кіреберісте турникеттер қоюы, өткізу режимінің қатаң сақталуына қол жеткізуі, яғни бөгде тұлғалардың ішке еркін кіріп-шығып жүруіне жол бермеуі керек.

Үшіншіден, директорлар мен орынбасарлары мектепте тұрақты кезекшілікті ұйымдастырып, вахтерлердің, күзетшілердің жұмысына бақылау орнатуы, бейнежазбаларды міндетті түрде сақтай отырып, үздіксіз бейнебақылауды қамтамасыз етуі шарт.

Төртіншіден, қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша тұрақты түсіндіру жұмысын жүргізу маңызды. Үнемі еске сала бермесе, салғырттық жайлайды, баяғыда бір рет айтылған қауіпсіздік қағидалары ұмыт қалады, оқыс оқиға бола қалса, оқушылар түгіл, педагогтердің есіне түспейді.

Биылғы "Балалар жылында" ең құрыса, балалардың қауіпсіздігі мәселесі шешілгені маңызды. Әйткенмен кейбір елді мекендердегі, әсіресе ауылдардағы балалар жаңа оқу жылында да қорғалмаған білім ордаларына оралуға мәжбүр болуы мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу