Би билеп, Олимпиада чемпионы бола аласыз

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2994

Бүгін кешке еліміздің астанасында брейк-данстан Қазақстан чемпионаты өтеді.

Би билеп, Олимпиада чемпионы бола аласыз Фото: outstyle.org

Назарбаев Университетінің атлетикалық орталығында маңызды оқиға жүзеге асатын болды. Би өнерінің бір түрінен Қазақстан чемпионаты өтіп, жүлдегерлері анықталады. Бұл ретте, Қазақ елі де халықаралық үрдістен шет қалмай, бишілерімізді (енді спортшыларымызды) Париж Олимпиадасына дайындауды бастап отыр.

Жақында Халықаралық Олимпиада комитетінің 134-ші сессиясы өткен. Лозаннада ұйымдастырылған осы жиында 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына уақытша төрт спорт түрі қосылды. Олар – спорттық құзға өрмелеу, скейтбординг, серфинг және брейк-данс.

Енді, IOC-тің Олимпиада бағдарламасы жөніндегі комиссиясы осы төрт спорт түрі бойынша егжей-тегжей талдау жасап, қадағалап отырады. Содан соң, яғни 2020 жылы желтоқсан айында, IOC-тің Атқару комитеті нақты шешім қабылдап, аталған төрт спорт түрлерін 2024 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізетін болады.

Басқасы басқа, бірақ Халықаралық Олимпиада комитетінің хип-хоп мәдениетіндегі брейк-дансты ресми түрде спорт түрі деп қабылдауы қызық болды, әрине. Бірақ брейк-данс 2018 жылы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының бағдарламасында болған. Қыздар, ұлдар арасында және аралас жұпта жүлделі орындар сарапқа салынған.

Осылайша, би өнері мен мәдениетіне жақын брейк-данс спорт түрі болып шыға келді. Халықаралық Олимпиада комитеті өкілдері "бұл – музыка мен қимылды біріктіретін өте сирек спорт түрі" деген пікірлерін әлдеқашан жайып салған. Енді бидің осы түрінен де Олимпиада чемпиондары шыға бастауға тиіс. Әрі біздің қыз-жігіттерімізге бұл өнер таңсық емес екенін білеміз, әрі оларға үміт артамыз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу