Би мен бекер мал шашпақ жарға жығады

4534

Әлеуметтік желіде биімен танылған байшыкеш Джанлуки Ваккидің мүлкін Италия билігі бұғаттап тастады.  

Би мен бекер мал шашпақ жарға жығады

Билік пен байлық адамға әр береді ғой, өткен жылғы жазда қымбат яхтадағы әдемі биімен әлемдегі, соның ішінде Қазақстандағы біраз адамның жүрегін жаулаған "билейтін миллионер" алаяқ болып шықты. Банктен үлкен көлемде қарыз алып, оны қайтармай қойған Джанлуки Ваккидің мал-мүлкін Италия билік өкілдері тұтқындап жатыр.

Corriere della Sera басылымының хабарлауынша, Ваккидің иелігіндегі кеме-яхталар, сарай-виллалар және оның үлесіндегі әртүрлі компаниялардағы акциялар тәркіленуде.

"Биші миллионер" Джанлуки Ваккидің бұл дүние-мүлкін Италияның сот билігі оның өтеуден жалтарған 10 миллионнан астам еуро қарызы үшін алып қоюда. Осы қарызды ол кезінде Banco BPM банкінен алған екен.

Соттың осындай төтенше, шетін шешімге бармасына амал қалмапты. Себебі, Вакки мырза Banco BPM банкінен алған 10,5 миллион еуро несиесін қайтару туралы барлық талаптарға пысқырмаған.

Бір айта кетерлігі, әдетте іскер, дәулетті, бизнес адамы өзін салмақты, ұстамды ұстайды, өйткені бұл осындай тұлғаның бедел-репутациясының бір бөлігі болып табылады. Өзін салмақты ұстамайтын адаммен ешкім істес болғысы келмейтіні мәлім. Ал Джанлуки Вакки болса, әлеуметтік желілерде өзінің билері түсірілген роликтерді жариялауымен бүкіл дүниежүзіне танымал болды.  Бұл ретте 50 жасар италиялық интернетті пайдаланушыларды тек билеу қабілеттерімен ғана емес, сондай-ақ жалаңаштанып суретке түсу арқылы спорттық шымыр тәнімен де таң-тамаша қалдыруға тырысты.

Бизнеске емес, осындай ермекке баса маңыз беруінің астарына үңілген италиялық журналистер Джанлуки Ваккидің кәсіпкер болып саналғанымен, шын мәнінде, өз басы бизнеспен айналыспайтынын анықтаған. Ол косметиканы, дәрілік препараттарды, шайды және кофені қаптауға арналған аппараттарды өндіретін отбасылық кәсіпорыннан табыс табады.

Мұның сыртында автотрейлерлер өндіретін SEA Societa Europea Autocaravan SpA компаниясының президенті ретінде тіркелген.

Бірақ сол кәсіпорындарды өркендету мәселелерімен айналысу орнына "билейтін миллионер" өз уақытының негізгі бөлігін өз тұлғасын Instagram арқылы ілгерілетуге және танымал етуге шығындайтын көрінеді. Бұл әлеуметтік желіде оған тіркелген жазылушылардың саны бүкіл әлем бойынша 11 миллионнан асыпты.

Бір қызығы, бірқатар отандық салмақты ақпарат құралдарының өзі биылғы 22-24 маусым аралығында елордада өткен Еуразиялық медиафорумға Джанлуки Вакки келетіні туралы алдын ала хабарлап еді: оның жыл сайынғы халықаралық медиақұрылтайдағы спикерлердің бірі екендігі мәлімделді. Тіпті егжей-тегжейі де жарияланып, Ваккидің форумдағы "Жеңілдетілген әлемдегі өмір. Қазіргі заманғы адамның дағдарыс заманындағы бақытының мәні неде?" аталған қорытынды сессиясының қонағы және сөз сөйлеушісі болатыны да айтылды. Ол "бизнес саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, өмір мен моральдық-адамгершіліктік құндылықтар туралы философиялық сұрақтарға жауап береді" деп жоспарланған. Бірақ италиялық биқұмар миллионер келмей қалып, өзін күткен біраз жанның көңілін қалдырыпты.

Кейін журналистерге хабарланғандай, "эпатажды Джанлука Вакки" медиафорумның шақыруына жауап қатпай қойыпты. Медиафорумның PR-директоры Эльмира Сейдазимова Ваккидің келетіні туралы ақпаратты өздерінің сайтынан алып тастауға мәжбүр болғанын жеткізген.

Вакки Мәскеуге жиі келіп, әртүрлі іс-шараларға, көңіл көтеру кештеріне, шеберлік сабақтарына қатысып тұрады. Ол Андрей Малаховтың "Пусть говорят" телебағдарламасына да қатысқан екен. Бәлкім, өз тұлғасын танымал ете түсуге ынтыққан "билейтін миллионер" қазақстандық аудиторияны шақ көрмеген шығар.

Жанат Ардақ    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу