Биатлоннан әлем кубогында алғаш рет жүлде алдық

3399

Қазақстан биатлоншылары бүкіл әлемді таң қалдырып, супермикст бәйгесінде үшінші орынға ие болды.

Биатлоннан әлем кубогында алғаш рет жүлде алдық Фото: biathlonworld.com

Супермикст – биатлон әлеміндегі ресми түрде өткізіліп отырған жаңа бәйге. Аралас эстафета мен суперспринт жарысын біріктіре отырып шығарылған. Оған бір қыз және бір жігіт қатысады. Төрт кезеңнен тұрады. Қыздар бірінші және үшінші, ал жігіттер екінші және төртінші кезеңде бақ сынайды.

Қыздар төрт айналып шығады немесе 6 шақырымға жарысады. Ал жігіттерге бөлінген қашықтық – бір айналым (яғни 1,5 шақырым) артық. Әйелдер де, ерлер де әр кезеңде нысананы жатып және түрегеп тұрып көздейді. Үш қосымша оқ (мүмкіндік) беріледі. Айып шеңбері – әдеттегіден әжептәуір қысқа (150 м емес, 75 м ғана).

Біздің елдің намысын Галина Вишневская мен Максим Браун қорғаған. 23-тен асқан Галина жас кезінде талантты спортшы ретінде көзге түсіп жүретін. 2014 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған. Соңғы жылдары халықаралық дүбірлі жарыстарда да ел намысын абыроймен қорғап жүр. Мәселен, биылғы жылдың басында Саппорода өткен қысқы Азия ойындарында төрт алтын алды. Ал Алматыдағы Ақ Азиадада ел қоржынына екі алтын, бір күміс салған болатын. Сондай-ақ биыл қаңтар айында Алатау бөктерінде өткен Универсиадада алтын мен күмісті қос-қостан еншілеген-ді.

Енді, міне, бүкіләлемдік аренада еліміздің намысын абыроймен қорғауға жарап қалыпты. Сөреден шыққан бетте-ақ әлемнің ең үздік биатлоншы қыздарымен тайталасып, көшбасшылар қатарында жүрді. Әрі алғашқы кезеңде мәреге бірінші болып жетті.

Максим Браун екінші кезеңде нысана көздеуде толқып, төрт рет мүлт кетті (2 + 2). Эстафетаны Вишневскаяға бесінші болып тапсырды. Галина қайтадан қамшыны басты. Әрі нысана көздеуде де мүлт кеткен жоқ. Өз кезеңін төртінші болып аяқтағанымен, көшбасшымен арадағы уақыт айырмасын мейілінше қысқартты.

Соңғы кезеңде 24 жастағы Максим де ерледі. Ол да нысана көздеуде мүлт кеткен жоқ. Соның арқасында жарыс жолына екі рет екінші болып шықты. Бірақ жылдамдығы жоғары кейбір елдің биатлоншылары қуып жетіп отырды. Көмбеге тақағанда бесінші болып келе жатқан. Австрия әу бастан қара үзіп кеткен. Жамбы ату шебінен өзімен иық қағыстыра шыққан неміс биатлоншысы да ұзап барады...

Италия және Швеция биатлоншыларының да жылдамдықтары жоғары екен, олар да Браунның алдына түсіп алған. Бірақ... Бұйыратын жүлде ешқайда кетпейді екен. Алақанға келіп өзі түсті. Стадионға кірер жердегі сүйір бұрылыстардың бірінде қола жүлдеге таласқан әлгі екеуі бір-біріне шалынып құлады.

Ал Максим қар үстіне ұмар-жұмар құлаған екеуін айналып өтіп, мәре сызығын үшінші болып қиды. Францияның әйгілі жұлдызы Мартен Фуркад құстай ұшып, төртінші орынға ие болды. Сөйтіп Қазақстан биатлоншылары әлем кубогында алғаш рет жүлдеге ілікті.

1. Австрия (Лиза-Тереза Хаузер, Симон Эдер) – 36.17,0 (0 айып шеңбері + 2 қосымша оқ)
2. Германия (Ванесса Хинц, Эрик Лессер) – +16,5 (0+9)
3. Қазақстан (Галина Вишневская, Максим Браун) – +32,7 (0+5).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу