Биатлоншы жігіттер алтынды орыстарға қолдан берді

1963

Алматыдағы дүбірлі дода аяқталуға жақын. Қазақстан құрамасы жалпы есепте екінші орында келеді.

Биатлоншы жігіттер алтынды орыстарға қолдан берді

Осы орнымызды сақтап қалсақ жарар еді, бұлай дейтініміз, соңғы кездері жеңіс тұғырынан кәрістер мен жапондар түспей келеді. Ресей командасын енді ешкім қуып жете алмайтыны түсінікті. Демалыс күндері Талғардағы Солдат тау шатқалында да, Шымбұлақта да, Алматының спорт сарайларында да көрермен саны рекордтық деңгейге жетті. Әсіресе Алматыдағы спорт сарайларында ине шаншар орын болмады. Өйткені шорт-трекшілеріміз бен мәнереп сырғанаушыларымыз жарыс жолына шықты.

Денис Тен Қазақстан қоржынына оныншы алтын медальді салды. Ол өнер көрсетіп болған соң өз ойымен бөлісті: "Бүгін сондай әсерлі күн болды. Қуаныштан қатты толқып тұрмын. Мұндай спорттық шараның өзімнің туған қалам Алматыда өтіп жатқаны Қазақстанның өркениетті, болашаққа бей-жай қарамайтын прогрессивті мемлекет екендігінің бір дәлелі. Бүгін мені қолдаған барлық жанкүйеріме алғысым шексіз. Осылай жеңістен жеңіске жетіп, 2018 жылғы Олимпиадада осы жетістігімді қайталасам деген арманым барын жасырмаймын. Бүгінгі жеңісімді жақында ғана өмірден қайтқан әжеме арнаймын. Баршаңызға үлкен рахмет! Сонымен қатар Абзал Рахымғалиевтің қатарға қайта қосылғанына қуаныштымын. Ол 2014 жылдан бері көрінбей кетті, бұрындары екеуміз жарыстарға бірге қатысатынбыз, бұйыртса, сол дәстүрді жалғастырамыз деп сенемін", –дейді Универсиада чемпионы.

Абзал Рахымғалиев те бұл бәсекеде өз бағдарламаларын таза орындап шықты, алайда арбитрлер оған аса жоғары баға бермеді. Нәтижесінде 204,23 баллмен 12-орын алды. Екінші орынды жапониялық Кэйдзи Танака иеленсе, қола медаль Швеция елінен келген Александр Майоровқа бұйырды.

Қазақстан шорт-трекшісі Нұрберген Жұмағазиев те небір мықтылармен жарысқа түсіп, қоржынымызға қола медаль салды. Нұрберген тек кореялықтар Парк Джи Вон мен Ким до Кюм екеуінен ғана артта қалды, лидерден небәрі 0,665 секундқа кешікті.

Тағы бір конькишіміз Денис Никиша медаль сарапқа салынбайтын "В" жұбату финалында жарысқа түсіп 2-орын алды.

Алатау биатлон-шаңғы кешенінде биатлоннан эстафеталық микс бәсекесі өткен болатын. Яғни әр командадан екі қыз, екі жігіт қатысады. Өкінішке қарай Галина Вишневская мен Дарья Усанованың көрсеткен керемет нәтижелерін жігіттер Василий Подкорытов пен Антон Пантов ойдағыдай жалғастыра алмай, ұятқа қалды. Қыздарымыз Ресей спортшыларынан 1 минут 26,1 секундқа озып тұрған еді. Ал жігіттер бәрін құртты. Ату алаңында нысанаға тигізе алмай, әбігерге түсті. Сөйтіп Ресейліктер алдымызды орады.

Дегенмен күміс жүлде де жаман емес. Бірақ қыздарымыз алтынға лайық өнер көрсетті. Үшінші орынды Украина командасы иеленді.

Қазақстанның ерлер хоккей командасы ширек финалда Швецияны 4:0 есебімен ұтып жартылай финалға жолдама алды. Енді олар Чехиямен сынға түседі. Чехтер Словакияны буллит сериясында жеңді (4:3).

Дүйсенбі күні жарыс жалғасады. "Алматы Арена" стадионында сағат 16:00-де кёрлингтен қола жүлде үшін ерлер және әйелдер бәсекесі өтеді.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында хоккейден әйелдердің қола жүлде үшін және финалдық ойыны болады. Үшінші орын үшін сағат 16.30-да және ақтық сын 20.00-де өтеді.

Ал Шымбұлақта слалом, биатлон, шаңғы жарысы, фристайл және таутөбедегі "Медеу" мұз айдынында көнькишілер жарысқа түседі.

Әзірге 10 алтын, 4 күміс және 10 қола медальмен Қазақстан құрамасы Ресейден кейін 2-орында келеді. Үшінші орында 7 алтын, 3 күміс, 3 қоламен Оңтүстік Корея құрамасы. Жапондар 5 алтын, 11 күміс, 9 қоламен 4-орында.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу