Бибісара Асаубаева Азияның үздік шахматшысы атанды

1598

18 жастағы спортшы қазіргі таңда Үндістанда Қазақстан құрамасымен бірге Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында бақ сынауда.

Бибісара Асаубаева Азияның үздік шахматшысы атанды

Қазақстандық Бибісара Асаубаева "2021 жылғы Азияның ең үздік шахматшысы" атанды. Бұл туралы өзінің Instagram парақшасында хабарлады.

"Кеше халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) марапаттау рәсімі өтті. 15-ші әлем чемпионы Вишванатан Ананд маған "Әйелдер арасындағы Азияның 2021 жылғы үздік шахматшысы" жүлдесін табыс етті. Менің еңбегімді бағалаған ФИДЕ-ге рахмет!", – деп жазды қазақстандық шахматшы өзінің Instagram парақшасында.

Айта кетейік, Үндістанда өтіп жатқан Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында 5 тамыз күні Қазақстан әйелдер құрамасы вьетнамдық қарсыластарынан басым түсті (2,5-1,5). Жансая Әбдімәлік өз ойынында жеңіске жетсе, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нахбаева және Назерке Нұрғали қарсыластарымен тең түсті. Қазақстан әйелдер құрамасы үшін бұл турнирдегі бесінші жеңіс болса, тағы екі кездесу тең және  екі ойын жеңіліспен аяқталды.

Ал бүгін, сегізінші турда Қазақстан әйелдер құрамасында тағы да өзгерістер бар. Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева (Назерка Нұрғалидың орнына) және Гүлісхан Нахбаева Словакияға қарсы ойнайды. Словакия бірінші айналымда Непалды (4:0), екінші айналымда Исландияны (3,5-0,5) жеңді. Үшінші айналымда Украинадан (0:4) жеңілсе, төртінші айналымда Сингапурды (2,5-1,5) ұтты. Бесінші кездесуде Хорватияны (2-2), алтыншысында Бразилияны (2,5-1,5), жетіншісінде Эстонияны (2,5-1,5) ұтты. Әйелдер арасында Қазақстан 10-шы, Словакия 13-орында келеді.

Сонымен қатар Қазақстан ерлер құрамасы алтыншы кездесуін өткізіп, жеңіске жетті. Турнирдегі кезекті ойын күні қазақстандықтар өздерінен рейтингі жоғары тұрған Испания құрамасынан (2,5-1,5) басым түсті. Ринат Жұмабаев, Арыстанбек Оразаев пен Қазыбек Нөгербек кездесулерін тең аяқтаса, Әлішер Сүлейменов жеңіске жетті.

Бүгін, сегізінші турда Қазақстан ерлер құрамасы Әзербайжанмен, ал әйелдер құрамасы Словакиямен ойнайды. Ерлер құрамасы тағы да жеңісті құраммен – Ринат Жұмабаев, Әлішер Сүлейменов, Арыстанбек Оразаев және Қазыбек Нөгербек өнер көрсетеді. Әзербайжан құрамасы бірінші айналымда Алжирді (4:0), екінші айналымда Филиппинді (3:1), үшіншіде Аргентинаны (3:1) жеңсе, төртінші айналымда Түркиямен (2:2) тең ойнады. Бесінші кездесуде Кубадан жеңілді (5-2,5). Ал 6-ойыншда Словакияны (3-1), жетіншісінде Израильді (3-1) жеңді. Ерлер арасында Қазақстан құрамасы 7-ші, Әзербайжан құрамасы 11-орында келеді.

Олимпиада швейцариялық жүйе бойынша өтуде. Әр команда 11 ойын өткізеді. Әр айналымда алдыңғы ойындардың нәтижелері бойынша рейтингте жақын тұрған қарсылас таңдалады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу