Қазақстандық шахматшы, үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева шахматтағы ең беделді жарыстардың бірі Norway Chess Women 2026 турниріне алғашқы болып шақырту алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бибісара Асаубаева Ослоға жол тартады. Әйелдер арасындағы блиц шахматтан қазіргі әлем чемпионы Norway Chess Women 2026 турниріне қатысатын алғашқы ойыншы атанды", – делінген жарыстың ресми Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева жуырда Катар астанасы Дохада өткен әйелдер арасындағы блиц шахматтан әлем чемпионатында топ жарды.
15 турдан тұратын жарысқа әлемнің 140 үздік шахматшысы қатысты. Отандасымыз 11 ұпай жинап, жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалда Бибісара қытайлық Чжу Цзиньэрді 3:0 есебімен айқын жеңді. Айта кетейік, Чжу Цзиньэр блиц шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ал финалда қазақстандық шахматшы украиналық екі дүркін әлем чемпионы Анна Музычукты 2,5:1,5 есебімен ұтып, чемпион атанды.
Осылайша Бибісара Асаубаева блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанды. Ол бұған дейін 2021 және 2022 жылдары әлем чемпионатында жеңіске жеткен болатын. Бибісара шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ қызы.
Айтулы жеңістен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны жеңісімен құттықтап, оны II дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады