Бибісара Асаубаева Гиннестің рекордтар кітабына енді

1511

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ең жас Әлем чемпионы атанған Асаубаева 17 жасында осы ұйымның арнайы сертификатына ие болды.

Бибісара Асаубаева Гиннестің рекордтар кітабына енді

"Блиц бойынша әйелдер арасындағы ең жас Әлем чемпионы қазақстандық Бибісара Асаубаева 2004 жылы 26 ақпанда дүниеге келген. Бибісара 2021 жылы 30 желтоқсанда 17 жас және 307 күнде Варшавада (Польша) өткен блиц бойынша 2021 жылғы әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында жеңіске жетті", – деп ресми құжатта жазылған.

Бұл турнирде қазақстандық жылдам шахматтан (рапид) екінші болды. Шешуші ойындарда Бибісара Грузиядан келген тәжірибелі шахматшы Нана Дзагнидзе, жерлесі Әсел Серікбайды жеңіп, халықаралық чемпионаттың жеңімпазы, гроссмейстер Александра Костенюкпен тең түсті. Бұдан бөлек, әлемдік рейтингте керемет прогреске қол жеткізді. Жаңартылған FIDE рейтингінде Асаубаева бірден 49 саты жоғары көтеріліп, 10-орынға табан тіреді. Айтарлықтай жетістіктерге жетті. Сондай-ақ Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшылардан Жансая Әбдімәлік 23-орыннан тоғызыншы орынға, ал Динара Сәдуақасова 18-ден 11-орынға көтерілді.

Ал рапид рейтингінде Әбдімәлік 12-ші, Сәдуақасова 14-ші, Асаубаева 19-орында. Жалпы есепте шахматшылар бір қатарда, Жансая – 15, Динара – 26, Бибісара 33-орынға жайғасты.

Айта кетейік, Асаубаева – Қазақстанның шахмат тарихында ересектер арасындағы тұңғыш Әлем чемпионы. Блицте көрсеткен тамаша нәтижелерінен басқа, ол әйелдер арасындағы гроссмейстер (2019) және ерлер арасында халықаралық шебер (2020) атанды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу