Бидайдың бағасы өседі

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
4225

Шаруаларға дизель отынының қымбат бағамен жетуіне тасымалдаушылар кінәлі.

Бидайдың бағасы өседі

Биыл республикалық бюджеттен ауыл шаруашылығы министрлігіне 355,5 млрд теңге бөлінді. Алдын ала жасалған болжам бойынша, осы айға дейін қаржының 240,2 млрд теңгесі игерілуге тиіс болды. Алайда жоспар орындалған жоқ.

Жұмсалмай қалған 7 млн теңге туралы вице-министр Берік Бейсенғалиев үкіметте сөз қозғады. Оның мәлімдеуінше, ақшаның игерілмеуіне жарияланған байқау мерзімдерінің ұзаққа созылуы мен кейбір байқаулардың өтпей қалуы себеп болған.

Вице-министрдің айтуынша, жоспардың 97,1%-ы жүзеге асқан. Тамыз айына дейін 233,2 млрд теңге жұмсалған. Қалған қаржы жыл соңына дейін игеріледі.

Осы орайда біз 3 ай бұрын үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев көтерген бастамаға назар аударайын деп отырмыз. Естеріңізге салайық, министр алдағы уақытта республикалық бюджет нақтыланар тұста еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін 2017-2021 жылдар аралығында дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаға қосымша 1,3 трлн теңге бөлуді сұрады.

"Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған ұзақмерзімді мемлекеттік бағдарламаға бөлінген 1,4 трлн теңгеге қосымша 1,3 трлн қаражат қарастыруды ұсынамыз. Бұл үшін бірқатар құжаттарға өзгеріс енгізіп, қаржыландыру мәселесін қайта қарау қажет", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Сөзінің салмағын арттыру үшін министр қосымша қаржы етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасына серпін беретінін алға тартты.

"Мал өсірумен айналысатын фермерлік шаруашылықтардың 100 мыңға, ірі-қараның басын 15 млн-ға, қой санын 30 млн басқа жеткіземіз. Мемлекеттік бағдарламаның қатысушыларына ерекше қолдау көрсетіледі, жер беріледі, мал, техника сатып алу үшін жеңілдікпен несие рәсімделеді", – деді министр.

Бұған қоса ол ет өнімдерінің экспортын 2,6 млрд долларға жеткізу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Осы арқылы Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Вьетнам мемлекеттерінің нарығына енетінімізді айтты.

"Болашақта құс етінің де өндірісін 560 мың тоннаға көбейтіп, экспортқа 150 мың тонна ет шығарамыз. Жоспарды жүзеге асыру үшін қомақты қаржы қажет", – деп түйді сөзін Өмірзақ Шөкеев.

Өткенді еске алғандағы мақсатымыз, миллионды игере алмай отырған министрлік триллионды желге ұшырмай деген сұраққа жауап іздеу болатын. Біздің күмәнға бой алдыруымыздың себебі бар. Былтыр қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бюджет қаражатын игермеген мемлекеттік мекемелердің атын атағанда ауыл шаруашылығы министрлігінің 6 жарым млрд теңгені ұқсата алмағанын айтқан болатын.

Жалпы, ауыл шаруашылығы министрлігіне қатысты сын-ескертпе көктемгі егіс науқаны мен күзгі жиын-терім кезінде көбейіп кетеді. Биыл да солай болды. Дихандар мен шаруалар жеңілдікпен берілетін дизель отынының бағасы қымбаттап кеткеніне наразы болып, ауыл шаруашылығы министрлігіне мұң шақты.

Өмірзақ Шөкеев үкімет отырысында биыл шаруаларға 394 мың тонна арзандатылған жанар-жағар май бөлінгенін баяндады.

"Шілде айында барлық өңірлер дизель отынымен тиісінше қамтамасыз етілді. Тамыз айына бөлінген 110 мың тонна жанар-жағармайдың ақысы алдын ала төленген болса да, шаруаларға жеткізіп беру мен сақтау мәселесі дұрыс шешілмеді. Біз бұл туралы энергетика министрлігін хабардар еттік және қыркүйек, қазан айларында жанар-жағармайды тиеу мен жөнелтуді тиісінше ұйымдастыруды сұрадық", – деді министр.

Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, жеңілдікпен берілетін дизель отынының шаруаларға қымбат бағамен жетуіне тасымалдаушылардың қызмет көрсету бағасын өсіре беруі себеп болып тұр.

"Әкімдіктер жергілікті операторлармен баға саясатына қатысты ортақ мәмілеге келуге тиіс. Бұл – ең тиімді әрі қолайлы тәсіл", – деді министр.

Өмірзақ Шөкеевтің дерегінше, биыл қамбаға 20 млн тонна астық құйылады. Алдын ала жасалған болжам бойынша, өткен жылы 35 мың теңге болған   үшінші сұрыпты бидайдың бір тоннасы биыл 48-49 мың теңгеден сатылады.

"Бұл соңғы әрі нақты баға емес. Баға тағы өседі деп үміттенеміз", – деді министр.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу