Биені бүгімен, түйені түгімен жұтқан

7456

"ҚазАгрода" сегіз жыл бойы қылмыстық топ әрекет етіп, бюджет қаражатын талан-таражға салған.

Биені бүгімен, түйені түгімен жұтқан

"ҚазАгро" ұлттық холдингінің еншілес кәсіпорны болып табылатын "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Орталық аппаратының жол беруімен оның Шығыс Қазақстандағы филиалында мемлекеттік қаражат жаппай ұрланған. Мемлекеттік көмекке зәру болған шаруалар қаржыдан қағылған".

Бұл ақпарат ШҚО прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысында жария болды. Мұндай жай агроөнеркәсіптік секторды несиелеуде заңдылықтарды сақтау мәселелері туралы Бас прокуратураның тапсырмасына сәйкес жүргізілген тексеру нәтижесінде анықталды. Дәлірек айтсақ, жағдай "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысындағы филиалына қатысты. Алқа отырысына прокурорлар, қала және аудан әкімдері, ШҚО кәсіпкерлер палатасының және қордың Шығыс Қазақстандағы филиалының өкілдері қатысты. Отырыста атап өтілгендей, қылмыстық топқа қор филиалының қызметкерлері ғана емес, сонымен бірге атқарушы билік, бағалау компаниялары, ветеринарлық қызмет те тартылған.

"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ ауылдық жерлерде жеңілдікпен несие беру жүйесін қалыптастырып, қаржы көзіне шаруалардың жолын ашу мақсатында 1997 жылы құрылды. Қазіргі кезде ол 19 бағдарлама бойынша несие береді. 2007-2016 жылдар аралығында қордың жергілікті филиалына бюджеттен 9, 3 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Алқа отырысында мәлім болғандай, несиені 5, 5 мыңнан астам шаруа алған. Несие беру бағдарламасы мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған және ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызы зор. Бірақ биылғы жылдың қаңтар айында басталған ШҚО прокуратурасы өткізген тексеру барысында қаражат көп жағдайда адресаттарға жетпейтіні анықталды. Несие алуға үміткерлердің жеке басын куәландыратын құжаттарын алып, бірнеше күннен кейін несие беруден бас тартылды деп қайтарып берген деректер анықталды. Осыдан соң қор қызметкерлері кісілердің құжаттарын өз мақсатында несие алу үшін пайдаланған.  Бұл "несиелер" қайтарымсыз деп танылды.

ШҚО прокуратурасының алдын-ала мәліметтері бойынша, 2007-2016 жылдар аралығында 1 млрд теңгеге жалған несие берілген. Ал бұл республикалық бюджеттің ақшасы.

Мысалға, 2017 жылдың 20 сәуірінде прокуратураның ресми жариялаған ақпараты бойынша, несие қор қызметкерлерінің таныстары мен туыстарына берілген. Тексеру кезінде 10 млн теңгеден артық сомаға 17 несие берілгені анықталды. Ең қызығы, қор филиалының қызметкерлері барлық жағдайда өсімақыны заңсыз төмендетіп отырған. Филиал мақсатты қарыздарды өз қызметкерлеріне беріпті. Несие беру кезінде несие алу мақсаты мен шарт міндеттемелерін орындау мерзімін көрсетпеген.  Сонымен бірге қарыз несие тарихы жағымсыз және кепілдікке қойылған мүлкі күдікті азаматтарға да беріле берген.

ШҚО прокурорының орынбасары Виталий Шабер қор филиалында қолданылған тәсілдер жалған кәсіпорындарда ақшаны қолма-қол етуде қолданылатын тәсілдерге  ұқсас болғанын айтты.

Бұрынғы директордың былығы

"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ филиалының бұрынғы директоры Мақсат Кенжебековтың басшылығымен  осындай 158 несие рәсімделген. Жалпы сома – 300 млн теңге, – деді Виталий Шабер. – Олардың біразының мерзімінен кешіктірілгеніне бес жылдан асқан. Тура осындай жолмен 1 млрд теңгеден астам 500 несие рәсімделген. Осы несиелердің ішінде жұмыс істеу қабілеті жоқ адамдарға да рәсімделген несиелер бар. Мұның барлығы алдына ала ойластырылған қылмыс".

Бұған дейін филиал қызметкерлерінің Бородулиха ауданындағы бұзылған ғимаратты 6 млн теңгеге бағалап, кепілге қойып, несие алғаны да прокуратураға белгілі болды.  

Виталий Шабер 2011 жылы қор Әсем Сүлейменоваға мал шаруашылығын дамытуға несие бергенін, ал оның туғаннан жұмыс істеуге қабілеті жоқ мүгедек екенін мысалға келтірді. Әсем Сүлейменова "Ақыл-есі орташа дәрежеде кем" деген диагнозбен жүйке аурулары диспансерінің есебінде тұрған адам.  Өмірі малы болмаса да, оған 8 бас ірі қараны өсіру үшін несие берілген.

Істі тергеу барысында басқа алынған несиелер сияқты бұл жерде де малға берілген және Сүлейменова ТБС-да кассир болып жұмыс істейді деген жалған анықтамалар бары әшкереленді. ШҚО прокуроры орынбасарының айтуынша, қор қызметкерлері Әсем Сүлейменованың қаржылық қабілетін әдейі тексермеген. Сонымен қатар қылмыстық істі тексеру барысында "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ филиалы бөлімшесінің менеджері Сұлтанов деген әріптесінің рұқсатсыз оның атынан несие алған фактілер де шықты. Сұлтанов бұл несиені әріптесі біліп қалып, дау шыққан кезде ғана төлеп бітірген. Сұлтанов несиені мерзімінен кешіктіріп төлесе де, оған айыппұл салынбаған.

"Сұлтанов осылайша несие төлеуден өрескел бұлтарып жүрген анасының, ағасының атына да жеңілдетілген несие рәсімдеген. Прокуратураның айтуынша, бұл қулық-сұмдыққа филиалдың бас бухгалтері Амалханова да қатысты болған. 2006-2011 жылдары ол қызының, күйеуінің және басқа да туыстарының атынан несие рәсімдеген. Бұл несиелерде белгілі мақсатқа жұмсалмаған, сондай-ақ мерзімі де кешіктірілген. Ал оның қызы несие комитетінің мүшесі болған. Оған мәжбүрлеп өндіріп алу шарасы қолданылды. Кепілге қойылған мүлкі өндіріп алу кезінде қарастырылмаған. Бас бухгалтер Амалханова банк қызметі туралы талапты бұзып, қызына кепіл беруші болған. Ал несиені төлеу мерзімі кешіктірілген кезде кепілге қойылған мүлік өндіріп алуға алынбаған", – деді Виталий Шабер.

Алқадағылардың түсіндіруінше, прокурорлық тексеріс кезінде кейбір қызметкерлер жанталасып несиелерін төлей бастаған, оның ішінде олардың үшінші адамға өтірік рәсімдегендері де бар. Бірақ та қордың кінәрат-талаптық жұмыс сатысында қиындықтар бар. 2013 жылы оның қызметкерлері 180  млн теңге болатын мерзімі кешіктірілген қарыз бола тұра сотқа бір де бір талап-арыз жасамаған, ал 2013 жылдан бастап 2016 жыл аралығында шамамен 606 талап-арыз жасаған, оның 185-і қайта қайтарылып алынған. Тіпті сот қанағаттандырған 404 талап-арыздың өзі несиелерді беру легитимділігімен қайта тексерілуі керек. Өйткені олардың жартысынан көбісіне несие алушы қатыспаған. Тексеріс көрсеткендей, олар тіпті өздерінде мұндай несиенің бар екенін де білмейді.  

Жемқорлық және қылмыстық әрекет элементтері бар жағдайлар да кездесуде. 2014 жылы Кәрімжанов деген біреудің (алқада олардың аты аталмады) міндеттерді орындау бойынша мерзімі оның қаржылық жағдайын тексерместен ұзартыла салған, ал ол болса бұл уақытқа дейін 5 жыл бойы несиені төлеу шартын өрескел бұзған. Несиені төлеу мерзімін ұзартқаннан кейін де қарызды төлемей қойған. 

Дегенмен осындай өрескел заң бұзушылықтарға қарамастан, "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ-ның Шығыс Қазақстандағы филиалының бұрынғы директоры Мақсат Кенжебаев 2015 жылдың аяғында өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Бір қызығы, бұдан бұрын "ҚазАгро" холдингі" АҚ баспасөз қызметі онымен еңбек шарты бұзылғанын мәлімдеген болатын.

Жария болған мәліметке сәйкес, өз қауіпсіздік қызметінен жағымсыз қорытынды шығарылса да несие төлемей жүргендерге қор еш кедергісіз жаңа несие берген. Осылайша, өзге банктерде өтеу мерзімі өткен 4 несиесі бола тұра Ахметбеков мырзаның шаруа қожалығына тағы несие берілген. Кәсіпкер осы несиені де төлемеген. Қазір бұл кісінің қорға қарызы 5 млн теңгеден асады. Бірақ оған қатысты мәжбүрлеу шаралары қолданылмаған.

Прокурорлардың дерегі бойынша, Бородулиха ауылдық округінің бұрынғы әкімі, Бородулиха ауданы әкімінің қазіргі орынбасары Кинугул Бичуинов аталған округте тұрмайтын  адамдарға шындыққа жанаспайтын ондаған анықтама мен қолдаухаттар берген. Олар бойынша ветеринарлық инспекторлар жануарларды тасымалдауға жалған төлқұжаттар мен анықтамалар жазған. Айта кетейік, ШҚО прокуроры Бағбан Тайымбетов алқа отырысында Бичуинов мырзаны атқарып отырған лауазымынан босату туралы ұсыныс жасады.

"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ-ның Шығыс Қазақстандағы филиалының директоры Рауан Әукенов мұндай жағдайлар 2015 жылдың соңына дейін орын алғанын айтты. Оның айтуынша, қазір қорда қаражаттың ұрлануына жол бермеу үшін барлық шара қолданылып жатыр. Дәлірек айтсақ, мал басын және кепілге қойылатын мүлікті бағалалайтын комиссияның құрамында филиал қызметкерлері бар, олар бағалау үшін орналасқан орындарға барып келеді. Кінәрат-талаптық жұмыс басталды. Арыздар проблемалы бөлімге тапсырылды. 42 несие бойынша қылмыстық іс қозғауға қордың өзі бастама жасаған. Қызметкерлерге қатысты қызметтік тергеу жүргізілуде.

"Несиені өтемегендерден мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары неге қолданылмады? – деп сұрады директордан Бағбан Тайымбетов. – Сома 400 млн теңгені құрайды. Сіздер оны құқықтық бөлімге тапсырмағансыздар. Біз сотқа дейінгі тексеруердің бірыңғай тізілімінде тағы бір қылмыстық істі тіркедік. Ал сіз шамамен 300 млн теңгені құрайтын 185 шағымды қайтарып алдыңыз. Сіз жаңа орынға 2015 жылы келдіңіз. Лауазымды тұлға ретінде неге ешқандай шара қолданбандыңыз?".

Қазір қордағы қаражатты ұрлау ісі бойынша ведомствоаралық топ құрылды, оның құрамына прокуратура, ҰҚК, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро және өзге құқық қорғау органдарының қызметкерлері кірді. Қордың филиалында осыған байланысты ҚР ҚК 190 бабы 3 тармағы "Аса ірі мөлшердегі алаяқтық" бойынша қылмыстық іс тергелуде.

"Біз нақты емес сандар мен тапсырмалар беріп, қаражаттың қайтарылуы мен Кенжебаевты қылмыстық жауапкершілікке тартуды тежеп, оған өз еркімен жұмыстан шығуға мүмкіндік берген "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Орталық аппаратының түсініксіз ұстанымын Бас прокуратураға жеткізгіміз келеді", – деп түйіндеді прокурорлар.

Ольга Ушакова, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу