Бигелді Ғабдуллин тәубеге келіп, келтірген зиянның орнын толтырды

6426

Ол өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істің тоқтатылуын сұрады, бірақ сот онысын қабылдамады.

Бигелді Ғабдуллин тәубеге келіп, келтірген зиянның орнын толтырды Фото: zannews.kz

Сотқа дейінгі тергеу барысында Central Asia Monitor газетінің бас редакторы және Radiotochka.kz интернет-порталының директоры Бигелді Ғабдуллин кінәсін мойнына алып, істеген ісіне өкінді. Айыпталушы жәбірленушілерге келтірген 20 млн теңге зиянның орнын толтырды. Бұл туралы Бигелді Ғабдуллин ісіне қатысты өткен алдын-ала тыңдау барысында белгілі болды, оған ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы "Бопсалаушылық" бойынша айып тағылып отыр. Тыңдау Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті.

Осыған байланысты айыпталушының адвокаты Аманжол Мұхамедяров осы қылмыстық іс бойынша өндірісті тоқтату және Бигелді Ғабдуллинді қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы өтініш білдірді.

Адвокат ҚР Қылмыстық кодексінің 65-бабы, 1-бөлімін алға тартты, оған сәйкес кінәлі адамның жеке басы, айыбын мойындап келуі, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, тергеп-тексеруге ықпал еткені, келтiрген зиянның орнын толтырғаны ескеріліп, қылмыстық теріс қылық жасаған не алғаш рет қылмыс жасаған адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкiн.

Алайда сот қорғаушы тараптың өтінішін қанағаттандырмады.

"Алдын-ала тыңдау барысында айыпталушы кінәні мойнына алғандықтан оны қылмыстық жауапкершіліктен босату мәселесін шешу әлі ерте, себебі бұл мәселе алдын-ала тыңдау кезінде емес, негізгі сот талқылауында барлық дәлел жан-жақты зерттелгеннен кейін шешілуі керек", – дейді судья Бағлан Ыдырысов.

Қылмыстық іске қатысты негізгі сот отырысы 17 қаңтарға белгіленді.

Бигелді Ғабдуллиннің қамауға алынғаны туралы 2016 жылдың 15 қарашасында белгілі болды.

Оған мемлекеттік органдардың басшыларына қарсы ақпараттық шабуыл жасаған БАҚ ұйымдастырды деген айып тағылды. Тергеу болжамы бойынша, ол лауазымды тұлғаларға қатысты сынды тоқтатқаны үшін өз медиаресурстарына мемлекеттік тапсырыстарды бопсалап алған. Сөйтіп, Жамбыл облысының әкімдігі оны 10 млн теңге бюджеттік қаражатты бопсалады деп айыптады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу