Билік буржуазиямен бәтуаласа бастады

3926

Бүгінгінің байлары бұрынғының байларындай "Атымтай жомарт" емес. Олар "Шашып жегеннен, басып жегенді" жөн көреді. "Алаған қолдары береген" болса, 162 адам ғана жылдар бойы ел байлығының жартысын жамбастап жатпас еді. 

Билік буржуазиямен бәтуаласа бастады

Inbusiness.kz тілшісі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінен көңілге толғанын тарқатады. Бұл үшін ол ауқатты адамдардың "аузын бағып", айтқандарының астарына үңілді. Әлеуметтік желіге шолу жасап, "сырт көздің" пікіріне құлақ түрді. Сонымен қатар алдағы уақытта сұхбат жанрында жариялау үшін бірқатар бизнесменге сауал жолдады. 

Шимай мен "Шатпақ"

Спичрайтерлерінің сөзін түзеді ме, күзеді ме, кім білсін, Президент көк сиямен алдындағы мәтіннің "мұртын" бұзыпты. Бұл – фотографтың қырағы көзіне түсіп қалыпты. Мұны Ақорда жақта жүрген Жарқын Түсіпбекұлы: "Мемлекет басшысы бүгін бизнес өкілдерімен кездесті. Анықтап қарасаңыз, Президент қолындағы мәтінге қаламмен көп өзгеріс енгізген" деп "шатпақтап", Мемлекет басшысының суретін әлеуметтік желідегі парақшасына жарқ еткізді. Президенттің жазып бергенді оқып отыратын адам емес екенін көрсету үшін бе, әлде елден ерекше жазба жариялау үшін бе, ол жағын білмедік.

Қара костюм, қара галстук 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуге киіп келген киімі де желідегілерді жапатармағай "жамыратты". Бұған Алмас Алмайдың: "Тоқаев бүгін бизнесмендермен кездесті. Әлгі сіздер айтып жатқан 162 ең таңдаулы тарланмен. Не айтқанын оқыдыңыздар, білдіңіздер. Маған қызық болғаны, Президенттің галстугы.

Галстук. Бұл жолы біздің биліктің бейресми түсіне айналған фиолет те емес, ресми кездесулер протоколына сәйкес қанық көк те емес... Қара!

Қара галстук – құпия, Қара галстук – интрига, Қара галстук – билік.

Қара галстук – қарсылық, Қара галстук – күш! Тұман, бұлыңғыр, белгісіздік – қорқынышты ғой?! Қара галстук дәл осы "ішімдегіні біл" деген тымырайған тұйықтықтың да белгісі! Қара галстук таққан адам сирек күледі, оқшау сүреді, талғап араласады. Сенетін адамы да аз. Ең бастысы – саясаткер қара галстук тақса, "билік менде, бұл жерде мен ғана сөйлеймін" деген нышан. Тоқаевтың кәстүмінде қара, білінер-білінбес ақ сызықтары бар екен. Тікесінен төгілген параллельдер емес. Арагідік қиылысып қалған кезде торды да елестетеді. Айтпақшы, Президенттің галстугындағы басым түс қара, алайда, ақ нүктелерді де байқау қиын емес. Тұтас қараға ретімен төгілген ақ дақтар. Бұл нені білдіреді дейсіз бе? Эгоизмді!" деген сөзі түрткі болды.

Гегель мен Бабель 

Президент бай-бағландардың алдында бизнесті монополиялауға болмайтыны туралы сөз қозғағанда: "Адамдар бизнестің барлық түрі неге бір адамдар қолында деп ойлайды. "Біздің қай жеріміз кем" деген сұрақ қояды. Гегельді Бабельмен шатастыратын, арнайы білімі жоқ адамдар бар. Бірақ олар үлкен бизнеске ие. Сонымен қатар арнайы курстарды бітірген білімді адамдар бизнес көздеріне, несие ресурстарына және тағы басқаларға қол жеткізе алмайды. Бизнес дами береді, бұл депрессияны, қоғамға сенбеуді тудырады. Осыдан кейін барлық әлеуметтік-экономикалық салдармен қоса әділдікке сенбеу пайда болады", – деді.

Осы сөзді естіген ел Гегель мен Бабельдің төркінін іздеп кетті.

Смағұловқа сұқтанды

Әлеуметтік желі қолданушылары Astana Group холдингінің негізін қалаушы және президенті Нұрлан Смағұлов Мемлекет басшысының сөзін жақтырмай отырған сыңайлы деп болжам жасады. Мұны Нұрлан Смағұловтың топ арасындағы сәтсіз фотокейпін жариялау арқылы дәлелдемек болды. Күлкілі, бірақ кімге не дейсің?

Естеріңізге салайық, Нұрлан Смағұлов Қазақстанның бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сол жағалаудағы жаңа MEGA Silk Way сауда ойын-сауық орталығын таныстырғанда орталықтың атын "Нұр Плаза" деп қоюды ұсынған. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев: "Сен бұлай жағымпаздануды қайдан үйрендің?", – деп сұраған. Ол ойланбастан: "Өмір үйретті", – деп қойып қалған. Содан бері ол атышулы болып кеткен. 

Бизнесмендер не деді?

Біз үшін маңыздысы осы еді. Көңіл құрғыр бай-бағландар "Қазақстан халқына" қорына жарысып ақша аударатындарын айтатын шығар деп үміттенген. Бірақ бұл жолы айтпады. Біз ойымыздан айнымай, айтып қайтсін, айтпай-ақ аудара салатын шығар деп топшыладық.  

Дегенмен ұлттық буржуазия өкілдері үндемей қалған жоқ. Мысалы Freedom Holding Corp инвестициялық тобының негізін қалаушы және негізгі акционері Тимур Турлов бизнесті цифрландыру сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін баяндап, инвестиция салу үшін кәсіпкерлерге қарапайым әрі ұзақ мерзімді ойын ережесі қажет екенін айтты. Technodom Operator компаниясының негізін қалаушы және иесі Эдуард Ким Президенттің отандық Кәсіпкерлер кеңесін құру туралы бастамасын қолдайтынын мәлімдеді.

"Жаңа құрылымның пайда болуы кәсіпкерлердің диалог құру мүмкіндігін арттырады", – деді ол.

Сейсембайдың сөзі

"Сырт көз" ретінде нысанаға дөп тиді.

"Әрине барлық бастамалар жақсы, бірақ кемшін тұстар да жоқ емес. Көптеген тапсырмаларды іске асыру механизмі түсініксіз. Мысалы аса ірі бизнесмендер өз табысының белгілі бір пайызын халық қорына қалай аударады? Қанша пайызын? Қандай жиілікпен? Оның негіздемесі қандай болмақ? Менің ойымша, бұл заңды схема емес, оны айналып өту, басқаша талдау, ақырында тіпті одан қашып құтылу оп-оңай", – деді Марғұлан Сейсембай.

Оның түсіндіруінше, егер қандай да бір уағдаластық пен қауіпсіздік кепілдігі болса, бұрынғы билікке жақын капиталды заңдастыру схемасы әлдеқайда түсінікті, әділ және тұрақты болады. Яғни олар бір реттік, үлкен мүлік салығын төлейді де, заң аясында әдеттегідей жұмысын жалғастыра береді. "Тоқаевтың месседжі өз капиталын бұрынғы билік кезінде жинаған бизнесмендерге, сондай-ақ бизнес пен билік арасындағы қарым-қатынас туралы жаңа қоғамдық шарттың декларациясына көбірек бағытталды", – деді Марғұлан Сейсембай.

Рысмамбетовтің растауынша

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең басты лейтмотиві – ұлттық буржуазияны өңірлерде өндіріс орындарын ашуға міндеттеуі болды.

"Мұндай бастама жоғары мінберде алғаш рет көтерілді", – деді экономист Расул Рысмамбетов.

Маманның мәлімдеуінше, бізде өңдеу өнеркәсібінде өсім болғанмен, кәсіпорындар мен зауыттарды саусақпен санауға болады. Бұл – ұлттық экономиканың дамуына кедергі келтіретін жағдай.

Кесімді сөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан болды.

"Егер, Сіздер, болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – Сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. "Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз" деген қағидатқа жол берілмейді. Сондықтан жұмыс 2 бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру және қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауыл қою", – деді Мемлекет басшысы еліміздің ірі бизнес өкілдеріне.

Біздіңше, билік пен буржуазияның бәтуаласуы басталды. Мұның нәтижесі қалай болатынын уақыт және "Қазақстан халқына" қорына түскен қаражат көлемі көрсетеді.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу