Билік қаңтар оқиғаларына қатысушыларды неге "халық сотына" тапсырмады?

1882

Жоғарғы сот алқабилердің қатысуымен сот қарайтын істердің санаттарын 3 есеге күрт кеңейтуді ұсынып отыр. Енді азаптауларға айыптылардың тағдырын да халық өкілдері шешуі мүмкін.

Билік қаңтар оқиғаларына қатысушыларды неге "халық сотына" тапсырмады?

ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің мәліметінше, бүгінде "қаралы қаңтар" оқиғаларына қатысып, қылмыс жасағаны дәлелденген 168 адам сотталды. Бірақ тергеушілер де, соттар да олардың көбіне ізгілік танытқан: өз айыбын толық мойындап, кешірім сұрап, келтірген залалының орнын толтыруға шара қабылдағандары үшін 168 сотталушының 147-сі темір торға қамалмады: оларға қатысты "қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазалау шаралары қолданылды".

"Сотталғандардың кінәсі негізінен, қылмыс жасалған орындарда түсірілген видеожазбалар, куәгерлердің куәлік етуі, тәркіленген заттай айғақтар көмегімен дәлелденуде. Қалған қылмыстық істер – өндірісте, аяқталу сатысында тұр. Айғақзаттар, дәйектемелер жинау бойынша тергеу іс-қимылдары жүргізіліп жатыр. Сарапшылар зерттеуінің нәтижелері күтілуде", – деді полковник Санжар Әділов.

"Қасіретті қаңтарға" қатысты бірде бір істі әзірге кездейсоқ іріктелген қарапайым азаматтардан құралатын "алқабилер соты" (суд присяжных) қарамапты. Тағы 377 күдіктіге қатысты қылмыстық істер де кәсіби судьялар қарауына тапсырылған.

Жалпы алғанда, тек ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 1 090 қылмыстық іс жатқан көрінеді. Бұған қоса, қаңтар трагедиясын зерттеуге ҰҚК, Бас прокуратура секілді органдар да тартылғаны мәлім.

Мысалы, Бас прокуратураның Бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың дерегінше, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған және соған қатысқан 547 тұлға ұсталды, қазіргі кезде оның 269-ы қамауда отыр. Арасында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері бар. 

Қалай болғанда, қаңтар оқиғаларын ұйымдастырушыларды және қатысушыларды кәсіби соттар соттайтынға ұқсайды. Сарапшылар мұның бірнеше себебі бар болуы мүмкін деген пікірде. Біріншіден, алқабилер қарауы үшін соған сотталушының өзі өтініш беруі керек. Тергеушілер кейде айыпталушыны ондай өтініш бермеуге көндіретін көрінеді.

Екіншіден, Қазақстанда алқабилердің қарауына өлім жазасы немесе өмір-бойы бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін қылмыстық істер, сонымен қатар адам ұрлау, адам саудасы, кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту, кәмелетке толмағандар саудасы секілді қылмыстар санаты тапсырылады. Ал "қайғылы қаңтар" оқиғаларына қатысты ұсталғандар негізінен, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және қатысу, тонау, ұрлық, қару-жарақтың заңсыз айналымы, көлік айдап кету сияқты қылмыстары үшін айыпталуда.

Осы орайда Жоғарғы сот алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің санаттарын кеңейтуге кірісті. Қылмыстық-процестік кодекске тиісті түзетулердің жобасы да әзір. Сол арқылы демократияны дамытуға, әрі қарапайым халықты сот төрелігін іске асыруға кең қатыстыруға қол жеткізілмек.

Бұл Президент Қ.Тоқаевтың биылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 21-тармағы ретінде белгіленіпті. Ендеше Парламент құптайтын болса керек.

Алқабилер екі жылда қанша адамды абақтыға қаматтырды?

Алқабилер соты қарайтын істер келесі жылы онсыз да көбейгелі тұрған. Себебі, 2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының алқабилердің қылмыстық процеске қатысуын одан әрі кеңейтуге бағытталған баптары 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енбек.

Ол күшіне енгеннен кейін егер сотталушы өтініш білдірсе, алқабилер "аса ауыр қылмыстар туралы барлық істерді қарайтын болады".

"Бүгінде алқабилердің қатысуымен сот 14 қылмыстық құрамды қарастыра алады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 30 құрам болады. Алайда республикада өлім жазасын жаза түрі ретінде алып тастауға және қылмыстың жекелеген санаттары бойынша қылмыстық заңды ізгілендіруге байланысты құрамдардың саны азайды. Статистикалық деректерге сәйкес, 2020 жылы алқабилердің қатысуымен 58 адамға қатысты 42 іс қаралды. 57 адам сотталды, 1 адам ақталды. Былтырғы 2021 жылы 85 адамға қатысты 59 іс қаралды, оның ішінде 78 адам сотталды, 7 адам ақталды", – деп мәлімет берді Жоғарғы сот.

Енді жаңа заң жобасы алқабилердің қатысу аясын ары қарай кеңейтуді және оларды аса ауыр қылмыстар бойынша ғана емес, ауыр қылмыстар бойынша да төрелікке тартуды қарастырады.

Жоғарғы соттың түсіндіруінше, әсіресе, қоғамда үлкен дүрбелең тудырған істерді "халық сотының" қарауы өте маңызды: яғни, оған айыптыларға жазаны қоғамның өзі шығармақ.

"Алқабилердің қоғамдық резонанс тудыратын істер бойынша үкім шығаруға қатысқаны айрықша маңызды. Мұндай санаттағы істерді алқабилердің қатысуымен қарау – соттың объективті және әділ төрелікпен аяқталатынына халықтың күмәнданбауына ықпал етеді", – деген ұстанымда Жоғарғы сот.

Осы мақсатта 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, ауыр қылмыстардың келесі түрлерін алқабилердің қатысуымен қарау ұсынылады:

  • Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі (жүкті әйелдерді, кәмелетке толмағандарды азаптауды қолдану арқылы қинау);
  • ҚК 146-бабының 2, 3-бөліктері (азаптаулар);
  • ҚК-нің 188-1-бабының 2, 3, 4-бөліктері (мал ұрлау);
  • ҚК 293-бабының 3-бөлігі (қару қолданумен бұзақылық);
  • ҚК-нің 337-бабының 4, 6-бөліктері (заңсыз аңшылық);
  • ҚК-нің 346-бабының  2, 3, 4, 5, 6-бөліктері (көлік құралын мас күйінде басқару).

Алқабилер қанша істі қарауы мүмкін?

Мұны ұғыну үшін жыл сайын осы санаттар бойынша кәсіби соттар қанша істі қарайтынына талдау жүргізген жөн.

Атап айтқанда, 2020 жылы жоғарыда көрсетілген баптар бойынша соттарға жалпы саны 944 қылмыстық іс келіп түсіпті. Соның ішінде 717 іс үкім шығарумен аяқталды. Бұл сол жылы соттар қараған және үкім шығарған барлық істердің 2,7%-ы ғана. Қорытындысында, 996 адам сотталды (сотталғандардың жалпы санының 3,3%-ы).

2021 жылы аталған баптар бойынша 801 қылмыстық іс түсіп, оның 658-і бойынша үкім шығарылған (2,6%-ы). 993 адам сотталды (сотталғандардың жалпы санының 3,5%-ы).

Ұсынылып отырған заң қабылданған жағдайда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилердің қатысуымен 44 құрам қаралатын болады. Қазіргісі 14 құрам екенін ескерсек, 3 еседен көпке артпақ.

Айта кететін жайт, қаңтар оқиғаларына қатысты ұсталғандардан прокуратура органдарына, рұқсат етілмеген тергеу амалдарын қолдану, яғни "азаптау" жөнінде 301 шағым түскен. Олар бойынша 243 қылмыстық іс қозғалды. Бірақ 2014 жылға дейін олар не жабылуы, не үкімі шығып болуы мүмкін. Демек, алқабилер қарауына ол істер де жетпейтін түрі бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу