Билік пен бизнес қарым-қатынасында жаңа тарау басталуда

559

Бір кездері экономикалық саясаттың "сәнді" құралдарының бірі болған мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясындағы бизнеспен серіктестікке деген Үкіметтің ықыласы айтарлықтай суыған сияқты.

Билік пен бизнес қарым-қатынасында жаңа тарау басталуда Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

О баста мемлекеттік активтерді жекешелендіру және МЖӘ механизмін құру бірден бірнеше міндетті шешеді деп есептелді.

Біріншіден, осы арқылы Yellow Pages қағидатын сақтау, яғни, мемлекеттің экономика мен кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу және оның экономикадағы үлесін ЭЫДҰ-ның дамыған елдерінің деңгейіне (ЖІӨ-нің шамамен 15%-ы) дейін жеткізу міндеті қойылды.  

Екіншіден, жеке капиталдың, инвестициялардың ағыны, корпоративтік басқару мен заманауи менеджмент жүйелерін енгізу есебінен мемлекеттік кәсіпорындарды сауықтыру көзделді. Осылайша, мемлекет экономикада бірте-бірте шетке ығысып, орнын тиімділігі жоғары жеке кәсіпкерлікке беруге тиіс еді.

Алайда тұжырымдама өмір шындығымен қабыспады. Мемактивтерді жекеге өткізіп, нарықтың "сиқырлы қолымен" бәрін реттемек болған талпыныс бюджеттің бүйірін тескен шығынға айналды.

"Әріптестіктің" астарынан басқа мүдделер қылаң берді. Мысалы, Мәжіліс депутаттарының дерегінше, жекешелендіру бағдарламасы аясында 2017-2020 жылдары кем дегенде 124 мемлекеттік медициналық ұйым жеке қолға тапсырылған. Мемлекеттік клиникалардың көбі 300-500 млн теңгеге, сирек жағдайларда – 1-1,5 млрд теңгеге дейінгі қаржыға сатылып кетті. Бірқатары тіпті сенімгерлік басқару түрінде іс жүзінде "сыйға" тартылған.

Ал, олардың орнына МЖӘ тетігімен жаңадан салынып жатқан медициналық ұйымдар мемлекетке бірнеше жүз (!) миллиард теңгеге түсуде. Мысалы, 2021 жылғы 12 қазанда бекітілген "Дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасы аясында ірі 20 көпбейінді аурухана салу қарастырылған болатын.

Үкіметтің 2023 жылғы 22 қыркүйектегі №828 қаулысымен бұл ұлттық жобаның күші жойылғанына қарамастан, жобалардың бір бөлігі қолға алынып үлгерді. "Қазақстандық МЖӘ орталығының" мәліметінше, жоспарланған медициналық нысандардың жалпы құны шамамен 3 триллион теңгеге бағаланған!

Бұл ретте инвесторлар ол нысандарды салып, жабдықтап, іске қосуға шығындаған барлық қаражатын мемлекеттің кепілдендірілген төлемдері есебінен кері қайтарып алады. Оларға инвестицияларына өтемақы, басқару ақысы, серіктестің пайдасы, сонымен қатар банктік қарыздар бойынша пайыздар төленеді. Сонымен бірге, нысан оның жеке меншігінде қалады. Осыдан сұрақ туындайды: егер барлық қаржылық ауыртпалық пен тәуекел мемлекеттің иығына түссе, инвестордың рөлі тек түскен ақшаны игерумен шектелгені ме?

Мәжілісмендер Түркістандағы 570 орындық 8 қабатты көпбейінді аурухананы мысалға келтірді. Жоба 2019 жылы басталды және өңірлік денсаулық сақтаудың беткеұстары-флагманы ретінде таныстырылды. Ол заманауи жабдықтармен жарақтанады, жоғары технологиялық операциялар жүргізіледі, білікті мамандар үшін 2000-нан астам жұмыс орнын ашады. Инвестор – түріктің YDA Group компаниясы Денсаулық сақтау министрлігі арқылы МЖӘ келісімшартын бекіткен. Жобаның болжамды құны 200 млрд теңгеден асқан, деп жазды 2025 жылдың желтоқсанында Kazinform.

Алайда 2025 жыл аяқталғанда нысан әлі күнге пайдалануға берілмеген екен, құрылыс сатысында болды.

"Министрлік пен инвестор арасында шарт жасалған жоқ. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп жобаны одан әрі іске асыру мәселесін пысықтауда", – делінген ҚР ДСМ жауабында.

Сонымен қатар, 2026 жылдың наурызында Түркістан қалалық орталық ауруханасында ұйымдастырылған баспасөз туры барысында басқа дерек жарияланды. Медициналық ұйымның басшысы Гүлмира Ахметова журналистерге биыл бұл ескі аурухана 570 орындық жаңа облыстық көпбейінді ауруханаға көшуге дайындалып жатқанын хабарлады. Солай болса, игі. Қыруар қаржы жұмсалғанда, елдің игілігін көргені маңызды.

Мәжілісмендердің мәліметінше, операциялық шығындарды, инвестордың сыйақысын және несиелер бойынша пайыздарды есепке алғанда, Түркістан қаласындағы көпбейінді аурухананың жиынтық инвестициялық шығындары 480 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Оның үстіне, YDA Holding бірден 3 ұқсас көп бейінді аурухана құрылысын Түркістан, Астана және Петропавл қалаларында жүргізуде.

Елеңдетер келесі деректі де Мәжіліс депутаттары жариялады: "Астана медицина университеті" КеАҚ жанындағы 800 орындық Университеттік ауруханаға МЖӘ аясындағы төлемдер 900 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Жиынтығында елорда мен Түркістандағы тек осы екі нысан бойынша инвесторға бюджеттен шамамен 1,4 трлн теңге шығынды өтеу туралы сөз болып отыр. Мәжілісмендердің бағалауынша, бұл қаражатқа барлық заманауи талаптарға сай келетін 17 аурухана салуға болар еді.

Мысалы, МЖӘ механизмі мемлекеттік сатып алу процедураларын айналып өту үшін жиі қолданылды. Парламенттің мәліметінше, Алматыда МЖӘ арқылы жолдар мен тротуарлар жөнделген, жаңа жиектас-бордюрлерді жыл сайын ауыстыра берген. "Әріптестер" көгалдандырумен айналысқан, көше жарығын да осы тетікпен жаңартқан.

Ұқсас жағдайлар Көкшетау, Щучинск, Кентау және басқа қалаларда тіркелді. Нарықтық экономиканың алтын қағидасы – тәуекел мен табыс тепе-тең бөлінуге тиіс. МЖӘ-де тәуекел мемлекетке, таза пайда жеке меншікке тиесілі болып шықты.

Тағы бір схема кең таралыпты, компанияның интеллектуалдық меншік құқықтарын сақтау керек дегенді желеу етіп, әкімдіктер ешқандай конкурс өткізбестен онымен МЖӘ шарттарын жасасқан. Яғни, бұл тетік енді "бір көзден сатып алу" үшін қолданылыпты.

Бұл жағдайда әкімдіктер жеке әріптесінің барлық шығындарын бюджеттен өтейді және оған ай сайын бюджет қаражаты есебінен қосымша таза пайда төлейді. Соның кесірінен адам айтса сенгісіз көрініс қалыптасты: мемлекеттік-жекешелік әріптестік деген атпен мемлекет тек әлеуметтік міндеттемелерді ғана емес, сонымен бірге коммерциялық тәуекелдерді де өз мойнына алды. Бұл ретте тіпті жергілікті тұрғындардың инфрақұрылымға қолжетімділігінің базалық мәселелерін де шеше алмайтын жобаларды қаржыландырды.

Президенттің пәрмені бәрін орнына қойды

Қалыптасқан жағдай ел басшылығының назар аударуын талап еткені жасырын емес. Ұзаққа созылған және пайдасы күмәнді тәжірибеге Президент нүкте қойды. 2022 жылғы 21 қаңтарда бизнес өкілдерімен кездесуде ол МЖӘ-ні қайта қарау қажеттігін ашық мәлімдеді.

"Бұл механизм мәні бойынша мемлекеттік сатып алу процедураларын айналып өтудің құралына айналып кетті", – деді Президент.

Ізінше, 2022 жылғы 1 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы МЖӘ саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту қажеттігін нықтады. Оның пайымдауынша, бұған барлық негіз бар.

Оқиға мұнымен аяқталған жоқ. Тарихи бетбұрыс жасалды: мемлекет активтерді кері қайтара бастады. Мысалы, Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжановтың мәліметінше, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы №17 бұйрығы мен жергілікті атқарушы органдардың шешімдері негізінде еліміздің 6 өңіріндегі 13 колледж бизнеске сенімгерлік басқаруға беріліп кетіпті: Павлодар облысында – 4 нысан, Түркістанда – 3, Алматыда – 2, Батыс Қазақстан облысында – 2, Астана қаласында – 1 және Қызылорда облысында – 1 нысан.

"Алайда "Talap" КеАҚ-тың сенімгерлік басқарушылардың қызметіне жүргізген мониторингінің қорытындысында, оқу орындарын дамыту бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамауына байланысты 6 колледж жергілікті атқарушы органдардың балансына кері қайтарылды. Бұлар: Талғар агробизнес және менеджмент колледжі, Алматы экономикалық колледжі, Сервис және жаңа технологиялар колледжі, Тереңкөл ауданының аграрлық-техникалық колледжі, Ертіс аграрлық-техникалық колледжі, Қ.Пшенбаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжі", – деп хабарлады Ахметжанов.

Сондай-ақ, мониторинг барысында келесі жүйелі проблемалар анықталды: жеке қолға тапсырылған колледждерде материалдық-техникалық база жаңғыртылмаған және оқу шеберханаларын жабдықтау шаралары жүргізілмеген. Инвестиция тарту төмен деңгейде қалған. Педагогтардың біліктілігін арттыру және олардың өндірісте тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері тым төмен болған.

Сондықтан Үкімет бизнеспен серіктестікті басқа қағидаттар негізінде "қайта құру" туралы шешім қабылдады. Оқу-ағарту министрлігі активтерді беруге емес, кооперацияның мемлекетке тиімдірек әрі тәуекелі азырақ формаларына басымдық бере бастады.

Бірінші формат – дуалды оқыту, ол 552 колледжде енгізілді: 11 мыңнан астам серіктес кәсіпорын және шамамен 136 мың студент (барлық шәкірттің 35%-ы) сонымен қамтылды.

Екінші тәсіл – "нысаналы тапсырыс" деп аталады. Оның аясында елімізде 40 мың студент кәсіпорындардың тікелей өтінімдері мен тапсырысы бойынша білім алуда. Бітірген соң соларға кепілді түрде жұмысқа орналасады.

Үшінші әдіс – қамқорлық (шефство): 4 мың кәсіпорын 613 колледжді қанатының астына алып, студенттердің практикасы үшін база ұсынады, педагогтерге тағылымдамалар ұйымдастырады және материалдық-техникалық базаны нығайтуға қатысады.

МЖӘ 2.0: нақты инвестиция мен IT басымдығы

Бір қызығы, бұрыннан қордаланған кесір-кесапатына қарамастан, мемлекет МЖӘ-ден біржола бас тартқан жоқ, тек оның қағидатын өзгертті. Ендігі басымдық – бюджет ақшасына көз тіккен құрылыстар емес, жоғары технологиялар мен IT саласы.

Үкіметтің биылғы 10 ақпандағы кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев МЖӘ тақырыбына қайта оралды, бірақ бұл жолы басқа контексте атады. Ол Үкіметке жетекші компаниялармен бірлесіп, "мемлекет пен жеке әріптестік негізінде Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құруды" тапсырды. Ол орталықты мемлекеттік емес компаниялардың консорциумы басқарады. Уәж қисынды көрінеді: өйткені бизнес тезірек бейімделеді әрі нарық талаптарын жақсы біледі.

"Еліміздегі мемлекет пен жеке әріптестік әлеуеті дұрыс игерілмей отыр. Инфрақұрылымдық жобалардың көбі бұрынғыдай тікелей бюджет қаржысына тәуелді. Бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан мұндай тәсіл көптеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бөгет болып отыр. Әлбетте, кез келген қаржы құралы сияқты МЖӘ-нің де өз құны бар. Алайда, ол өзін-өзі ақтаса, Үкімет аталған механизмді белсенді қолданғаны жөн", – деген Президент заңнамаға да тиісті өзгеріс енгізілетінін жеткізді.

Демек мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмін құрту емес, қайта жүктеу күтіп тұрғанға ұқсайды. Осы орайда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, Үкімет бұл институттың адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту құралы ретіндегі тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде.

"Механизм әлеуетін толыққанды пайдалану үшін соңғы 3 жылда МЖӘ заңнамасы жаңартылды. Соның ішінде Президенттің МЖӘ-нің жаңа моделіне көшуге қатысты тапсырмасын орындау үшін заңнамаға жобалардың "жоғары маржиналдылығын" төмендетуге, мемлекет пен жеке сектор арасындағы тәуекелдерді теңгерімді бөлуге, жоспарлау сапасын арттыруға және мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өту схемалары мен тәжірибесін болдырмауға бағытталған түзетулер енгізілді", – деді Жұманғарин.

Осы түзетулерді іске асыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігінің 2025 жылғы 16 маусымдағы №52 бұйрығымен МЖӘ бойынша бюджеттік шығындарды, әлеуметтік және экономикалық тиімділікті, сондай-ақ тәуекелдерді бөлуді бағалауға арналған әдістемелер бекітілді. Бұл МЖӘ жобаларының, соның ішінде цифрлық технологиялар саласындағы жобалардың санынан сапасына көшуге мүмкіндік беріпті.

Вице-премьердің дерегінше, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша IT саласында жалпы сомасы 538,9 млрд теңгеге 25 МЖӘ шарты жасалған. МЖӘ тетігі арқылы IT саласына тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі 202 млрд теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, Президенттің тапсырмасы бойынша басымдық бюджеттік қаржыландыруы жоқ МЖӘ жобаларына қарай ауысуда: жеке әріптес салған инвестицияларын мемлекеттің кепілдендірген төлемдерінен емес, нарықта табыс табу, тұтынушылардан төлем алу арқылы қайтарады.

Серік Жұманғариннің мәліметінше, Қазақстанда бүгінде жалпы құны 2 трлн 744,3 млрд теңге болатын 1 106 МЖӘ шарты жасалған. Сонымен бірге, "Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы" АҚ ақпаратына сәйкес, IT саласында жасалған МЖӘ шарттарының 32%-дан астамы немесе 8 жоба бюджеттен қандай да бір төлемдерді талап етпейді. Бұл МЖӘ нысанын құрудан 49 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуді қамтамасыз етті.

IT саласындағы мемлекеттің қаржылық міндеттемелері жоқ ірі жобалар қатарында "Күнделік" электронды журналдар мен күнделіктер жүйесін құру және дамыту, жүк әуе тасымалында қағазсыз құжат айналымын енгізу (e-Freight), сондай-ақ әуе жолаушылары туралы деректерді жинау жүйесі аталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу