Билік пен бизнестің мүддесі Құзіретті операторлар одағында түйіседі

2445

Мұндай диалог сыртқы экономикалық бағытта жұмыс істеп жатқан компаниялар үшін керек.

Билік пен бизнестің мүддесі Құзіретті операторлар одағында түйіседі

Өткен жылдың тамыз айында үкіметтің экономикалық блогы бизнес секторының өкілдерін ашық диалогқа шақырды. Құзыретті экономикалық операторлар одағын құрудың қажеттігі де сол кезде айтылды. Екі тараптың келісімінің нәтижесінде 2018 жылдың қарашасында "Нұр жолы" Кеден және логистика жөніндегі Құзіретті операторлар одағы құрылды. 
Бұл құрылым, оның төрағасы Ренат Смағұловтың айтуынша, Қазақстанда тіркелген шетелдік және отандық компаниялардың жұмысында ашықтықты қамтамасыз етуді көздейді. Билік пен бизнес арасындағы сұхбатқа платформа қалыптастыру да осы одақтың негізгі бағыттарының бірі ретінде таңдалып алды. 
"Мұндай сұхбат сыртқы экономикалық бағытта жүрген компаниялар үшін керек", – дейді Ренат Смағұлов.
Ол әңгіме арасында Құзіретті экономикалық операторлардың (ҚЭО – ред.) қызметін тек Қытаймен ғана байланыстыра алмайтынымызды, Орталық Азия нарығын осыдан 5-6 жыл бұрынғы кезеңмен салыстыруға келмейтінін айтып өтті. Өзбек нарығы дамуға бет алды. Халықаралық тәжірибеде кең қолдауға ие болып отырған институт жұмысының енді қаттырақ сезінбекші екенбіз. 
"ҚЭО сыртқы экономикалық нарық ойыншылары арасындағы бәсекелестікті заңмен жүйелендіреді. Көрші елдермен сауда көрсеткішіндегі ресми статистика арасындағы алшақтық экономикаға, бюджет түсіміне кері әсер етіп отыр. Кедендік логистика жүйесінде көлеңкелі схема деген түсінік бар. Біз жұмысымызды көлеңкелі тізбектен көлеңкелі қатысушылар қандай пайда көрді, одан экономика қандай зиян көрді деген сұрақты зерттеуден бастадық", – дейді одақтың төрағасы. 
Ренат Смағұловтың айтуынша, кедендегі "көлеңкелердің" әрекетіне ЕАЭО мүше елдерінің кедендік рәсімдеу кезіндегі сәйкессіздіктер күш беріп келген. 
"Олардың ЕАЭО-ға мүше елдердің кеден-логистика бекеттерінде "көздері" мен "құлақтары" жетеді. Олар көрші елдердегі әрбір өзгерісті бақылап отыр. Ресейде немесе Қырғызстандағы кеден саясатында ауа райы жайлы болса, атбасын соған бұрып, заттарын сол елдерде ресімдеп келген. Сауда көрсеткішіндегі ресми статистика мен шынайы көрсеткіштің ала-құлалығына осы себеп болды", – дейді Ренат Смағұлов.
Су жаңа одақтың төрағасы нарық кәсібиленген кезде ғана проблеманың түйіні тарқатылатынын айтты. Ол үшін бизнес мен мемлекеттік органдар арасында ашық сұхбат керек. "Атамекен" ҰКП-ның бизнес пен билік арасындағы модераторлық қызметінің нәтижесі елге сезіле бастады. Ендігі міндет осы жаңалықты тереңдету. 
"Күн сайын кездесетін және жедел түрде шешуді талап ететін проблема жетеді. Сыртқы экономикалық нарық қатысушылары мемлекеттік органдарға кез келген уақытта хабарласып, мәселені сол жерде шешетін модераторлық институт керек. Біз сол себепті жаңа одақтың құрамына тек бизнес өкілдерін ғана емес, мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар мамандарды қатыстырып отырмыз. Мұндай одақ құру туралы ұсынысты тек бизнес өкілдері емес, үкімет тарапынан да түсті. Билік пен бизнестің мүддесін ҚЭО түйістіреді", – деп түсіндірді Ренат Смағұлов. 
Ренат Смағұловтың айтуынша, ҚЭО жұмысын дамыту ЕАЭО елдері арасында бір мезгілде жүріп жатыр екен. Демек, бұл ұйымның алдағы уақытта ЕАЭО жанындағы бақылау және сараптама жасайтын құрылым ретінде өкілетілігінің күшейтілуі де әбден мүмкін. 
"Әзірге бұл ұйымға 4 компания өтіп отыр. ЕАЭО мүше 5 мемлекет арасында үкіметтік емес заңды ұйым ретінде танылды. Қазақстанда тіркелген шетелдік компаниялар да мүше болып қабылдануға ниет танытып отыр. Олармен келіссөздер жүргізіліп жатыр" , – дейді Ренат Смағұлов.
Бүгінгі таңда еларалық сауда байланысының нақты көрсеткіші бүркемеленіп отырғаны осыған дейін де айтылған. 
"Бұл мәселені сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың кәсіби деңгейін көтеру және мемлекеттік органдардың өзара әрекеттесуі арқылы ғана шешуге болады", – дейді Ренат Смағұлов. 
Бұл міндетті "Нұр жолы" Кеден және логистика жөніндегі Құзіретті операторлар одағы өз жауапкершілігіне алып отыр. Оның нәтижесін 2019 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысынан білетін боламыз. 
Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу