Билік үйірмелер мен спорт секцияларындағы алаяқтыққа тосқауыл қоймақ

2826

"Өлі жандар", жалған мәліметтер беру, тренерлер тізіміне интернеттен алынған адамдардың аты-жөнін қосу, балаларды лайықсыз жерде, жертөледе жаттықтыру – тағылып отырған айып-претензия ауқымы үлкен.

Билік үйірмелер мен спорт секцияларындағы алаяқтыққа тосқауыл қоймақ

Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс және оны "бір терезе" қағидатымен жүзеге асырудың құралы Аrtsport.edu.kz – бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың мақтанышы болатын. Ол мұны сала басшысы ретінде атқарған зор ісі, ауқымды жетістігі ретінде қайталаудан жалықпайды. Алайда қазір оның біраз былығы ашылуда.

Қаңтар оқиғаларынан кейін, биылғы 11 қаңтарда оның орынтағына қонжиған Дәурен Абаевтың командасы бұл жобаны ішінара тоқтатып та тастады. Содан балалары тегін спортпен шұғылдану, өнермен айналысу мүмкіндігінен айырылған ата-аналар шулап, ел басшылығына түрлі үндеу жолдай бастады.

Нәтижесінде, бұл жоба қайта жанданды. Бірақ абаевтар оған қатысты біраз өзгеріс жасауға ниетті. Сонымен бірге министрлік бұрын болмаған жаза түрін – "мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласында әкімшілік жауапкершілікті" енгізуді ұсынып отыр.

Нендей былықтар анықталды?

Саладағы былықтар мұзтауының ұшы – бүкіл жұрттың көз алдында: Қазақстан кейінгі кездегі жазғы-қысқы барлық олимпиадаларда, көптеген чемпионаттарда оңбай ұтылып, бірде бір жүлде ала алмады. Заманауи қазақстандық өнердің де шекесі шылқып тұрғаны шамалы. Өнер түгіл қарапайым қолөнерден хабары жоқ, олақ ұрпақ өсіп келеді.

Мемлекеттің осы бағытта жұмсаған миллиардтары құмға сіңген судай жоқ болды. Нәтиже байқалмайды.

Жалпы А.Райымқұлованың ілгерілетуімен 2020 жылғы 30 желтоқсанда Парламент "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын қабылдап, "мемлекеттік спорттық тапсырыс" және "мемлекеттік шығармашылық тапсырыс" деген бұрын-соңды болмаған ұғымдар мен тетіктерді енгізді.

Оларды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттерден 11,15 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде 6,252 миллиарды – спорттық тапсырысқа, ал 4,898 миллиарды – шығармашылық тапсырысқа шығындалып кетіпті. Әйткенмен, соның нәтижесінде спорт пен өнер саласында отандық жаңа дарындар ашылып, әлемге түгіл, елге танылғаны шамалы.

Неліктен? Өйткені ол секциялар балаларды көбіне биік би мәдениетіне қатысы жоқ K-pop, хип-хоп фристайл, еlectro dance, tutting секілді заманауи "ырбаңдайтын" би түрлеріне, сондай-ақ теннис, каратэ, бокс секілді Олимпиадада жүлде алу қиын спорт түрлеріне жаттықтырған. Бұл секциялардың көбі кәсіби майталмандарды дайындай алмайды, негізінен Тик-токта, би кештерінде жұртты елең еткізгісі келетін жасөскіндерге бағытталған деуге болады. Сондай-ақ жай ғана суға түсуді қалайтын балалар да мемтапсырыс аясында бассейнге барып жүргені жасырын емес.

Ал жаһандық сайыстарда жеңіс тұғырына көтерілгісі келетін өрендерге бұл секциялардан пайда жоқ көрінеді. Ата-аналардың айтуынша, жаттықтырушылар тегін секцияларда тек спорт түрінің "әлқиссасына" ғана үйретеді. Әрі қарай спорттың қыр-сырын терең меңгеріп, кәсіби жаттығу үшін не соған маманданған бапкерді іздеуге кеңес береді, немесе ақылы негізде жалғастыруды ұсынады.

Оның үстіне спорттық және шығармашылық мемтапсырыстар аясында бюджеттік мол қаржыға ие болған үйірме-секциялар өз тәрбиеленушілеріне ешқандай норматив тапсыртпайды, неге үйреткенін елге, әкімдікке паш етпейді.  

Нәтижесінде, ел қазынасынан үлестірілген миллиардтарды игеруге құмартқандар саны артты. Бүгінде мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты орындауға 3 621 жеке кәсіпкерлік субъектілері жұмылған. Билік олар "қамтыған" 497 147 бала үшін жергілікті бюджеттен ақша бөледі. Жарты миллион бала – сұмдық болмағанымен, салмақты сан. Министрліктің кез келген есебін көркейтеді. Ал қайтарымы қайда?

Абаевтың командасы бұл саладағы жөнсіздіктер мен олқылықтар тым тереңнен тамыр тартып жатқанына назар аудартады.

"Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан сарапшылар да, жергілікті атқарушы органдардың мамандары да алаңдаушылық білдіріп, мемлекеттік спорттық тапсырысты орындау кезінде заңның өрескел бұзылып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Алайда осы қызметті көрсетіп, бюджетті игеретін ұйымдардың қызметтерінің сапасыздығы үшін қолданыстағы заңнамада ешқандай жауапкершілік көзделмеген", – деп түсіндірді Мәдениет және спорт министрлігі.

Қандай жөнсіздіктерге жаза қарастырылады?

Талдау нәтижесінде шығармашылық және спорттық тапсырысты орындайтын үйірме-секциялардың қандай бұзушылықтарға баратыны анықталды. Тиісінше, жаңа заң жобасында солар үшін әкімшілік жаза енгізу қарастырылады.

Біріншіден, мемлекеттік тапсырысты орындауға қатысушы кәсіпкерлік нысаны өзі туралы жалған ақпарат ұсынады.

Екіншіден, "үйірме-секцияларда балалармен айналысып, жаттықтырады" деп көрсетілген қызметкерлер тізіміндегі адамдардың шынында ол кәсіпкермен еңбек келісімшартын бекітпегені, онымен ешқандай еңбек қатынастарында, сондай-ақ азаматтық құқықтық қатынастарда тұрмайтыны әшкереленуде немесе басында қысқа уақытқа алып, кейін құтылады.

Мысалы, ата-аналар жекелеген секциялардың әлеуметтік желідегі парақшаларында, жарнамаларында интернеттен, әлеуметтік желіден алынған бөтен тренерлердің фотоларын, видеоларын пайдаланатынына шағымданады.

Үшіншіден, біраз үйірме-секциялардың мемтапсырысты иелену ережелерінде бекітілген талаптарға мүлдем сай келмейтін бөлмеде балалармен жұмыс жүргізетіні анықталды. Олар желдетілмейтін жертөлелерде, жылытылмайтын үй-жайларда орналасады.

Төртіншіден, балаларды сабаққа қабылдау тәртібін бұзатындары жетерлік. Бесіншіден, мемлекеттік тапсырысты орындауға қатысты есептілікті жүйелі түрде – екі және одан көп рет уақытылы ұсынбайды. Есебін уақытылы ұсынбаса, ақысы төленбейді. Содан олар шу шығарады. Алтыншыдан, балалармен жаттығу жүйелі түрде сапасыз деңгейде жүргізіледі екен.

Жалпы министрлік осы алты түрлі бұзушылықтар үшін ұсынып отырған жазалар "қатаң" деуге келмейді. Ведомство осы әрекеттер үшін бірінші рет тек ескерту ғана жасайды. Егер талапты аяқасты етуін жалғастырса ғана жеке тұлғаларға – 20 АЕК (биыл 61 260 теңге), шағын кәсіпкерлерге немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (91 890 теңге), орта кәсіпкерлік нысандарына – 50 АЕК (153 150 теңге), ірі компанияларға – 100 АЕК (306 300 теңге) айыппұл салу ұсынылады.

Егер бұзушылығы өрескел болса, қызметі немесе қызметінің жекелеген түрі 3 айға дейінгі мерзімге уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Бұл олқылықтар көбіне спорт секцияларына қатысты. Оларда қажетті мүлік-мүкәммал бола бермейді, экипировка, спорттық құралдарды сатып алуды ата-аналардың өзінен талап етеді. Мысалы, бассейндерде балалар батып кетпей жүзіп үйренуі үшін қажетті қалқыма орнына жай пенопласт сынығы пайдаланылатын көрінеді. 

Мемлекеттік спорт тапсырысын орындауға республика бойынша жалпы саны 1 987 жеке кәсіпкерлік субъектісі тартылған. Осы мақсатта жергілікті бюджеттерден 162 208 баланы тегін спортпен қамтуға 5 млрд теңге шығындалыпты. 2022 жылдың соңына дейін жалпы саны 352 939 баланы спортпен қамту жоспарлануда. Яғни, қосымша тағы қаражат бөлінеді.

Бұзушылықтардан өнер үйірмелері де ада емес. Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орындауға қазір 1 634 жеке кәсіпкерлік жұмылуда. Олар жергілікті бюджеттен берілген 4,898 млрд теңгені игерді. 247 388 баланы қамтып отыр.

Айта кету керек, көрші Ресейде жаза салмақтырақ. Білім беру туралы заңнамамен бекітілген талаптар орындалмаса, лауазымды тұлғаға 30-50 мың рубльге дейін (350 мың теңгедей), ал заңды тұлғаларға, кәсіпкерлік нысанға 100-200 мың рубльге (1,4 млн теңгедей) дейін айыппұл салынады.

Министрлік сондай-ақ "Мәдениет туралы" заңында мемлекеттік бақылау жөнінде норманың болмауы кесірінен балалар мен жасөспірімдерге арналған үйірме-секциялардың бюджеттік миллиардтарды қаншалықты дұрыс игеріп жатқанын толық бақылау мүмкін еместігін қаперге салды. Жаңа заңнамалық түзетулер осы кемшін тұсты да түзетуге тиіс.

Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу