Билік Ұлы далада орман отырғызуға жер таппауда

2816

Шенділер орман отаушылардың "өтемақысын" жеңілдетуді ұсынды. 

Билік Ұлы далада орман отырғызуға жер таппауда

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жасыл желекті жайпаушыларды жазалауға қатысты қызықты әңгіме айтты. Оның мәліметінше, қала ортасында орналасқан Көктөбе тауы ауданына қолдан өсірілген ағаштарды заңсыз шапқан адам табылып, жауапқа тартылды. "Алматы" телеарнасының эфирінде Akimat Live аясында тұрғындар сұрақтарына жауап берген қалабасы Медеу ауданындағы ағаштардың қайда жоғалып кеткенін хабарлады. 117 ағашты сол маңдағы жер телімдеріне ие бірнеше адам бірігіп, еш рұқсатсыз "күресінге" жіберіпті. Азаматтық кодекске сәйкес, көп жылдық өсімдіктер жылжымайтын мүлікке жатады, тиісінше, жергілікті әкімдік рұқсатынсыз оны жоюға тыйым салынған.

Оқиғаға орай құзырлы органдар тексеру жүргізіп, құқық бұзушылардың бірін ұстап алды. Оған 117 ағашты заңсыз құлатқаны үшін 41 мың 670 теңге айыппұл салынды. Бұған қоса, ол қала аумағын абаттандыру ережелерін бұғаны үшін 138 мың 900 теңге айыппұлмен жазаланды. Сот құқық бұзушыны өзі отаған ағаш орнына өтемақы ретінде күзде он есе көп, яғни 1 170 көшет отырғызуға міндеттеді. Бұл ретте көшеттердің әрқайсысының биіктігі 3 метрден төмен болмауы және тамыры топырақ кесегімен тасылуы шарт. Сондай-ақ оған жас ағаштарға 2 жыл бойы күтім жасауды қамтамасыз ету жүктелді. Қурап қалса, жаңасын отырғызуы қажет.

Б.Сағынтаевтың мәліметінше, хаттама толтыру кезінде заң бұзушы "өтемақылық ағаш отырғызуды" орындайтыны, тиісті көлемде ағаш егіп, оған екі жыл бойы күтім жасайтын ұйыммен келісімшарт бекітетіні туралы кепіл хатқа қол қойыпты. Қазіргі кезде жасыл желек оталған жер телімінің басқа қожайындары анықталуда.

"Бүгінде "Жасыл бақылау" жобасы жүзеге асырылып жатыр. Өсімдіктерге нұқсан келтіру және заңсыз жою проблемасын шешумен қоғам өкілдерін тарта отырып, айналысатын боламыз. Яғни, тұрғындармен тізе қосып, ағаштарды, олардың тамырлары мен бұтақтарын бүлдіру фактілерін бақылауға аламыз", – деді әкім.

Бірақ болашақта биліктің бұл белсенділігі төмендеуі мүмкін.

Министрліктің тосын қадамы

Себебі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінiң Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заң жобасын әзірледі. Ол – "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Қолданыстағы Орман кодексіне (38-бабының 12-тармақшасына) сәйкес, орман шабушылар "ағашы кесілген алаңның 2 еселенген мөлшеріне тең алаңда ағаш отырғызуға" міндетті. Ал экология министрлігі осы міндеттемені екі есеге жеңілдетпек ниетте.

"Орманды пайдаланушылар мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу кезінде қылқан жапырақты және қатты жапырақты тұқымдағы ағаштар үшін ағашы кесілген алқаптың 2 еселік, ал жұмсақ жапырақты тұқымдылар үшін 1 еселік мөлшеріне тең дәрежеде молықтырсын", – деп жазылған жаңа заң жобасында.

Бір ағаш кессең, орнына бір ғана көшет отырғыз. Ведомствоның түсіндіруінше, жаңа заң жобасы арқылы орманды пайдаланушылардың жауапкершілігін жұмсартып, "жұмсақ жапырақты тұқымдыларды" қалпына келтіру мөлшерін кесілген алқаптың мөлшерімен ғана шектеу ұсынылады.

Бұл ретте жұмсақ жапырақты тұқымдыларға қайың түрлері, көк терек, қараағаш, қандағаш, жөке ағашы, терек, тал және басқасы жатады.

Табиғатқа залал келтіргендердің "жазасын", жауапкершілігін осынша жеңілдетуді экология министрлігі неге сұрап отыр? 

"Мұндай қажеттілік экономикалық мәселелерден туындады. Қазіргі экономикалық жағдайда орманды 2 есе мөлшерде қалпына келтіру бойынша қосымша шығындар дайын ағаш өңдеу өнімінің түпкілікті құнына айтарлықтай кері әсер етеді. Бұл импортталатын ағаш бұйымдарының алдында отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Салдарынан, ағаш өңдеу саласы даму динамикасына шыға алмауда. Оған инвестициялар құйылмай жатыр. Себебі, отандық өнім бағасы жөнінен бәсекеде ұтылады", – деп дәйектеді салыстырмалы кестеде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Меморган тағы бір себепті атады: жер жетпей жатыр.

"Сонымен бірге, орман отырғызуға арналған мемлекеттік орман қорының жерлері де шектеулі. Бұл өтемақылық ағаш отырғызу міндетін толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Ал заңнаманы өзгертіп, осы міндеттемені азайту түптеп келгенде, жұмсақ жапырақты тұқымдыларды есепті кесу ісін экономикалық тұрғыдан ынталандыратын болады", – деді комитет.

Ол нақты есептемелерін ұсынды. Атап айтқанда, компания көктерек (осина) орманының 1 гектарын сұлатса, одан шамамен 100 текше метр тауарлық ағаш шығады.  

"Іскерлік (әртүрлі құрылыс салу) мақсатындағысын және отын үшін қолданылатынын қоса есептесек, ағаштың 1 текше метрінің орташа сату бағасы 8 мың теңге тұрады. Сонда 1 гектар не 100 текше метр орманды сатудан түсетін табыс 800 мың теңгені құрайды. Ары қарай кесілген 1 гектар жер үшін 2 гектар орман отырғызуға қаражат жұмсауы керек: мұнда 1 гектарға ағаш егу құны 135 мың теңгеге бара-бар. Ал 2 еселенген көлемі – 270 мың теңге. Орманды пайдаланушы осынша шығын шегеді. Бұған салық бойынша міндетті төлемдерді қоссақ, 1 текше метр үшін 3 600 теңгеден шығады. Нәтижесінде, бұл шығындар ағаш өнімін сатудан түсетін түсімнің 45%-ына теңеледі", – дейді ведомство.

Экологияға жауапты шенеуніктердің табиғатты емес, экономикалық пайданы бірінші орынға қоюы және орман отаушылардың сойылын соғуы әрине, қайран қалдырады. Бірақ соңғы сөз, ақырғы шешім Парламент депутаттарының қолында болмақ. Заң жобасы нормаларын қабылдайтын не кері қайтарып тастайтын да – солар.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу