Билік жұмыс істеуге құлқы жоқ жастардың үлесін екі есе қысқартпақ

Елімізде ауыл жастарының кәсіби біліктілігін арттыруға басымдық берілмек. 

Билік жұмыс істеуге құлқы жоқ жастардың үлесін екі есе қысқартпақ Фото: inbusiness.kz

2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына қатысты айтылған ескертулер мен ұсыныс-пікірлер ескеріліп, қайта пысықталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Аталған құжат жастарды жан-жақты қолдау мақсатында 7 бағыттан тұрады. Министр оның әрқайсысына жеке тоқталды. 

"Жастар және ауыл" бағыты. Бүгінде жастардың 43,7%-ы ауылда тұрады. Тұжырымдамада ауыл жастарының кәсіби дамуына, сондай-ақ кәсіпкерлік арқылы олардың әлеуетін іске асыруға бас назар аударылады. Сонымен қатар, кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізіледі.

"Жоғарыда аталған шаралар аясында 2029 жылға дейін 1 млн ауыл жастарын жұмыспен қамту, 1,5 млн жастың  цифрлық сауаттылығын арттыру, 3,8 млн жасты ресурстық орталықтар арқылы әлеуметтік қызметтермен қамту көзделген", – деді ведомство басшысы. 

Одан кейін министр "Азаматтық қатысу және шешім қабылдауға атсалысу" бағытына тоқталды. 

Мемлекет басшысының саяси реформалары шеңберінде бекітілген жастарға арналған 30% квота олардың саяси белсенділігін арттыруға серпін берген.

Сондықтан жастарды мектеп пен студенттік кездерден өзін-өзі басқаруды, пікірталастарды дамытудан бастап, мемлекеттік органдардың қоғамдық кеңестеріне қатысуға дейінгі шешімдер қабылдау процесіне біртіндеп тарту көзделген. 

Осының нәтижесінде 2029 жылға дейін қоғамдық кеңестерде жастар квотасын 20%-ға арттыру, жас мемлекеттік қызметшілердің көрсеткішін 25%-ға ұлғайту, 2,2 млн жасты волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тарту жоспарланған.

Одан кейінгі бағыт – "Заманауи құндылықтар және патриоттық тәрбие".
Тұжырымдамада мемлекеттік тілде заманауи зияткерлік ойындарды насихаттау, отбасын қолдау орталықтарын жетілдіру, сондай-ақ жастар арасында өз мемлекетін қорғауға дайындықты нығайту жұмыстары іске асырылады.

2029 жылға дейін "Айбын", "Найза" ойындарына қатысушылар саны 22 мыңға, әскери музейлерге баратын жастардың санын 75 мыңға артады және 880 мың жас әскери-спорттық іс-шараларға қатысады деп жоспарлануда.

Ал "Салауатты өмір салты" бағыты бойынша жастарды бұқаралық спортқа тарту үшін спорттық инфрақұрылымды дамыту жүргізіледі.

"Нәтижесінде жастардың репродуктивті денсаулығының алдын алу және қолдау мәдениетіне көңіл бөлінеді. АИТВ-инфекциясына тегін тестілеумен қамту және осы проблеманың алдын алу кеңейтіледі. Сондай-ақ өңірлердегі 2 мыңнан астам спорттық жастар клубының инфрақұрылымын әрі қарай дамыту қарастырылуда", – деді министр. 

Салауатты өмір салтын насихаттауға арналған 6 мыңнан жуық ақпараттық телеөнім әзірленіп, жарияланады.

Жастар денсаулығы орталықтарында жастарды психикалық және репродуктивті денсаулықтың профилактикасымен қамту үлесі 3 млн-ға дейін ұлғаяды.

Тағы маңызды бағыт – "Жастар әлеуеті және кәсіпкерлік". 
Жұмысқа уақытша орналаспаған жастардың пайызын төмендету мақсатында кәсіби бағдарлау жұмысы бойынша еріктілер жобалары іске асырылады. Тұрақты негізде NEET санатындағы жастардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына жүйелі мониторинг жүргізіледі.

"Осының есебінен, NEET санатындағы жастардың үлесі 6,7%-дан 3,5%-ға дейін төмендейді. Сондай-ақ, 2029 жылға дейін 18,2 мың жасқа  жеңілдетілген несие беріледі. Пысықтау нәтижесінде қосылған индикаторлардың бірі – жастарды жұмыспен және жоғары біліммен қамту. Нақтырақ айтқанда, 2,3 млн жасты жұмыспен, 2,8 млн жасты жоғары біліммен қамту көзделіп отыр", – деп нақтылады Дархан Қыдырәлі. 

Алтыншысы, бұл "Ақпараттық кеңістік" бағыты. Құжатқа сүйенсек, жаңа медиаға және жастар арасындағы қоғамдық пікір көшбасшыларымен жұмыс істеуге баса назар аударылады.

Іске асырылып жатқан шараларды объективті бағалау үшін жастарды дамыту индексі енгізіледі.

"Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы бірыңғай республикалық ғылыми-әдістемелік институтқа трансформацияланады. 

Ал соңғысы – "Оқу-ағарту және мәдениет" бағыты.
Шығармашылық индустрия жастардың қызығушылғын оятып, өз қабілетін жүзеге асыратын ортаға айналады. Дарынды жастарды қолдау жөніндегі шаралар кешенін, оның ішінде әртүрлі гранттық жобаларды іске асыру жалғасады. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында креативті кластерлер құру жоспарда.

"Жастар мен волонтерлік бастамаларды дамытуға бағытталған жобаларды гранттық қаржыландыру ұлғаяды. Нәтижесінде мәдени-шығармашылық іс-шараларға жұмылдырылатын талантты жастардың саны 500-ден 1,1 млн адамға дейін артады және жыл сайын 1000 жас ғалымның зерттеуіне арнайы грант беріледі", – деді министр. 

Жобаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен көзделген қаражат барлығы 492,1 млрд теңгені құрайды, оның ішінде: Республикалық бюджет: 385,6 млрд теңге, жергілікті бюджет: 106,5 млрд теңге.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу