Билік зілзала кезінде алматылықтардың қашу жолдарын пысықтауға кірісті

6774

"Жер сілкінісі қаупі қалаға соқпай өтеді" деген негізсіз үміт болмауға тиіс. 

Билік зілзала кезінде алматылықтардың қашу жолдарын пысықтауға кірісті Фото: canva.com

Жердің тербелістері Алатау бөктеріндегі ең ірі мегаполисімізді әрі қарай "айналсоқтауда". Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты сейсмикалық станциялар желісі 17 наурыз күнгі сағат 00:04-те жер сілкінісін тіркеді.

Зілзала ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 257 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 9,8. MPV магнитудасы – 4,5. Тереңдігі – 15 шақырымдық шыңырауда.

Артынша кеше, кешкі сағат 19:29-да Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 811 шақырым жерде де 5,7 магнитудалық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуінің ошағы Ауғанстан аумағында орналасты. Соған қарамастан, ол қазақстандық "Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының" станцияларында тіркелді.

Кешкі жер сілкінісінің энергетикалық класы – 11,1, магнитудасы – 5,7 болды. Дүмпу 25 шақырым тереңдіктен суырылып шыққан.

Осы орайда ТЖМ Алматыда жер сілкінісі болғанда, тұрғындарды ғимараттардан және зілзала ошағынан эвакуациялау жолдары мен тәртіптерін пысықтауға шұғыл кірісті. Алда соны тәжірибе жүзінде қолданып, жаттығулар өткізбек.

Осы мақсатта Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қол қоятын бұйрықтың жобасы әзірленді. Ол "Сейсмикалық жаттығулар өткізу бойынша әдістемелік ұсыныстарды" бекітеді.

"Сейсмикалық қауіпті ауданда ерте ме, кеш пе, жер сілкінісі болады. Қазіргі заманғы ғылым әзірше жер сілкінісінің нақты уақыты мен эпицентрін алдын ала болжауға қабілетсіз. Сондықтан оған жақсылап дайындалған, әзірлік іс-шараларын, халықтың жер сілкінісі кезінде іс-қимылының тәртібін алдын ала әзірлеп, орындаған дұрыс.  Сейсмикалық жаттығуларға түрлі ұйымдардың ұжымдары, студенттер мен оқушылар, педагогтер, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдарындағы балалар, тәрбиешілер мен өзге персонал тартылады", – деп түсіндірді Төтенше жағдайлар министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, Алматыда және басқа қалаларда сейсмикалық жаттығуларды дайындап, өткізу үшін жаттығу жетекшісі мен оның орынбасарлары тағайындалады. Сондай-ақ әр өңірде штаб құрылып, оның басшысы мен жаттығудың делдалдық аппараты (посреднический аппарат тренировки) белгіленеді.

ТЖМ зілзаладан бұрын, яғни дәл қазір орындалуға тиіс, 18 пунктен тұратын шараларды айқындады. Олардың бірқатарына тоқтала кетсек.

Біріншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, жер сілкінісі кезінде ТЖМ-нің өзінің, басқа да басшылардың, персоналдың іс-қимыл тәртібі бекітіледі. Әйтпесе, басшылар бірінші болып, басын ала қашса, қалған халық жетекшісіз қалып, не істерін білмей, бірін-бірі тапап тастауы, не жаппай биік қабаттардан секіруі мүмкін. Солай болатынын таяуда Алматыда болған тербеліс паш етті.

Екіншіден, Алматыдағы және сейсмикалық қауіпті өзге қалалардағы әрбір ғимаратта, әрбір объектіде жерасты дүмпуі кезінде елдің бас сауғалап қайда қашуы керектігін нұсқайтын "эвакуациялау схемалары" әзірленіп, көрнекті жерде, төрге ілініп қойылуға тиіс.

Үшіншіден, әрбір нысанға тексеріс жүргізіліп, олардағы дәліздер, өткелдер (проход), баспалдақ торлары және авариялық шығулары әртүрлі мүліктен бұғатталса, толығымен аршылады. Есіктері дәнекерленіп, тас бекітілсе, бұзылып, ретке келтірілуге тиіс.

Төртіншіден, аяқ-қолдары балғадай, сау жұрт жамырай қашқанда, қауіп ортасында мүгедектігі бар жандар жалғыз қалуы мүмкін. ТЖМ басшысы бекіткелі тұрған әдістеме жобасында оларға қатысты көп айтылмаған. Тек "объектілерде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған үй-жайлар, бөлмелер авариялық, қосалқы шығуларға мүмкіндігінше жақын орналастырылуы қажет" деп қана жазылған.

Бесіншіден, әрбір ұжымда, әрбір көп қабатты тұрғын үйде халықтың эвакуациясын, авариялық, қосалқы есіктермен шығу маршруттерін жүйелі түрде ұйымдастыратын жауапты тұлға алдын ала бекітілуге тиіс. Ол тұлға әрбір тұрғынға, қызметкерге жер сілкінісі кезінде қандай дәлізбен қозғалып, қандай есіктен шығып кетуі керектігін түсіндіруге міндетті болады.

Бұған қоса, жұрт тым-тырақай қашып жатқанда, сабыр сақтап, объектідегі газ, электр, су және басқа коммуникацияларды ажыратып шығуға жауапты адамдар тағайындалмақ.

Алматы және басқа қалалар бүгінде заңғар ғимараттарға толы. Егер кеңсе жоғарғы қабаттарда орналасса және тез түсіп үлгеру мүмкін болмаса, онда әрбір персонал жұмыс орнымен алдын ала, мұқият танысып, қауіпсіз тығылуға болатын орынды белгілеп алуы керек. Ол жерде адамның үстінен ауыр заттардың құлау қаупі төнбегені жөн.

ТЖМ тұрғындарға егер сыртқа, ашық алаңға қашып шығу мүмкін болмаса, тербеліс басылғанша, күрделі-капиталды бағаналары бар ішкі қабырғалар, бөлменің мығым ішкі бұрыштары, тірек бағаналар астындағы орындар, берік үстелдер мен есік ойықтары астында тығылуға кеңес береді. Бетін аулақ қылсын, егер биік ғимараттар жапырылып түссе, бұлар жүз пайыз құтқара алмайды.

Алматыда және басқасында әкімшілік, басқа нысандар, қонақүйлер, сауда және өндіріс орындары станоктарды, жабдықтарды, сөрелерді, жиһаздарды енді еденге немесе берік қабырғаға мықтап, сенімді бекітіп шығулары тиіс. ТЖМ алматылықтарға, басқа да қауіпті қалалар тұрғындарына үйде, кеңседе, басқасында ауыр және шыны заттарды шкафтардың, өзгесінің жоғарғы сөрелерінен қазірден алып тастауды, люстраларды және шамдарды дұрыстап, қайта бекітуді ұсынды.

Әрбір басшы алда азаматтарды олардың "тұратын, жұмыс істейтін, білім алатын ғимаратының сейсмикалық орнықтылығы деңгейінің" қандай екені, яғни қанша балдық сілкініске төтеп бере алатыны жөнінде құлағдар етуге міндеттелмек.

ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар жер сілкінісі кезінде тұрғындарды жинайтын орындарды, алаңдарды маңдайшалармен, ал оларға өтетін жолдарды – бағыттаушы көрсеткіштермен белгілеуі керек. Әйтпесе, мысалы, алматылықтар бүкіл қаланың асты теңселіп кетсе, нақты қай алаң-жерге жиналса қауіпсіз болатынын біле бермейді.

Сарапшылар озық елдердің тәжірибесіне сай, енді ондай жерлерді, алаңдарды қарапайым қағаз карталарға түсіріп, тұрғындарға тегін таратуды ұсынады. Өйткені қатты зілзала кезінде ұялы байланыс істен шығып, интернет қолжетімсіз болып қалуы мүмкін. Демек, электронды карталар жарамайды.

"Әрбір объектілердің персоналымен тұрақты негізде нұсқама-инструктаж жүргізілсін. Оның аясында жер сілкінісі кезінде жасалуға тиіс іс-қимылдар көрсетілген жадынамалар, буклеттер және басқа да әдістемелік әдебиеттер зерделенеді, сондай-ақ шұғыл қызметтердің нөмірлері еске салынады. Сирена-сөйлеу қондырғылары іске қосылған кезде персоналға не істеу керектігін қамтитын қысқа, сонымен бірге барынша түсінікті ақпаратты тез жариялау қамтамасыз етілсін. Азаматтар қауіпсіз орынға – электр желілерінен, биік ағаштардан, тозығы жеткен ғимараттардан, құрылыс орнынан алыстау орналасқан ашық жерге бағытталуы қажет", – делінген әдістемелік ұсыныста.

Әрбір объектінің басшысы сейсможаттығуға қатысады және осы нұсқауларды орындауға машықтанады.

Сейсможаттығу кезінде басшылардың және персоналдың:

  • Ұйымдастыру құжаттарын пысықтау сапасы бағаланады.
  • Ескерту-құлақтандыру жүйелерінің дайындығы бағаланады.
  • Ғимараттағы қауіпсіз орындарды анықтау және онда дұрыс жасырына білу дағдылары,
  • Персоналды ғимараттар мен құрылыстардан эвакуациялау дағдылары,
  • Қауіпсіз жерге аман шығу дағдылары,
  • Қайталама факторлар пайда болғанда, мысалы, зілзала салдарынан өрт туындағанда немесе газ таралғанда әрекет ету дағдылары,
  • Азаматтық қорғаудың объектілік құралымдарының іс-қимыл дағдылары,
  • Басшылардың басқару шешімдерін қабылдау дағдылары;
  • Дәрігерге дейінгі алғашқы көмекті өзіне немесе өзгелерге көрсету дағдылары;
  • Өзара әрекеттесуді, үйлесімді қимылдауды ұйымдастыру дағдылары пысықталады.

ТЖМ сейсможаттығулардан 1 ай бұрын оны өткізу жоспарлары әзірленетінін мәлімдеді. Әрбір нысанның жеке жоспары министрліктің аумақтық бөлімшесімен келісілуге тиіс. Құжатта сейсмикалық жаттығулардың өткізілетін күні, қатысушыларының құрамы және оларды дайындау тәртібі, құрылымдық бөлімшелерде, басқармада, бөлімдерде, цехтарда және басқасында жаттығулар өткізудің мерзімдері, материалдық қамтамасыз ету және қауіпсіздік шаралары айқындалады.

Онымен әрбір объект басшысы алдын ала танысып, қолын қояды. Яғни, жаттығу өтетін күні ешқайда кетпей, сапарламай, орнынан табылуға міндетті.

Сейсмикалық жаттығулар өткізуді арнайы штаб басқарады.

Егер басшылар мен персонал жаттығу барысында белгіленген нормативтерге, талаптарға сәйкес келмесе, ал ТЖ-дан қорғау бойынша жоспарланған іс-шаралар белгіленген уақытта орындалмаса, оқу-жаттығу қайта өткізіледі.

Сейсможаттығулар әдістемесі тек ғимарат, нысан ішіндегі іс-қимылды үйлестіруді ғана қарастырады екен. ТЖМ басшылығы бұдан кеңірек шола қарап, бүкіл қаладағы іс-қимылды үйлестіру жайын пысықтаса орынды болар еді.

Өйткені табиғи апат болып, аяқ астындағы жер тербеле жөнелгенде, абдырап, сасқан жұрттың көбі арнайы белгіленген алаңдарға жиналу орнына, көлігіне отырып, не такси жалдап, қала сыртына тұра ұмтылуы мүмкін. Бұл көшелердің кептеліспен тығындалуына, құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің қозғала алмай, тығырыққа тірелуіне соқтырады. Көмек келмеген соң, дүрбелең өршіп, қылмыс, кісі өлтіру, мародерлік қосақабат белең алуы ғажап емес.

Алматылықтар, жер сілкіну қаупі төнген қалалардың тұрғындары үшін әзіл-қалжың артта қалды, енді әрқайсысы қауіп-қатерге дайындық жұмыстарына салмақты көңіл бөлгені, дайындалғаны абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу