Белсенділер "5:32" сериалында былапыт сөздердің көптігіне шағымданды

3861

Қоғам белсенділерін, қарапайым адамдарды отандық фильмдер мен сериалдарда былапыт сөздердің көбейіп бара жатқаны алаңдатады.

Белсенділер "5:32" сериалында былапыт сөздердің көптігіне шағымданды

Детектив, триллер жанрындағы қазақстандық "5:32" киносериалы посткеңестік кеңістікте көрермендердің үлкен қызығушылығын туғызды, пиары мықты болды. Ресейлік қарақшылық онлайн кинотеатрларда да ол көп көрермен жинады. Алайда кинохикаяның шамадан тыс қатыгездікке, қантөгіске толы болуы, әсіресе, боғауыз сөздің көптігі қазақстандықтардың көңіліне қаяу түсіріпті.   

Жалпы кино туындысында балағат сөздердің тым көптігін режиссер Әлішер Утев те мойындаған болатын. Онда тергеушілер образындағы актерлар жай ғана боқтамайды, олардың диалогтары боқтық сөзге құрылған. Журналистер мұның себебін режиссерден сұрады.

"Өмірде одан да жаман, одан да қатаң ғой. Кісі өлтірушілермен тілдесу полицейлерге қандай психологиялық жүктеме түсіретінін түсінесіздер ме? Маньяк адамдармен сөйлесу үшін моральдық тұрғыдан мықты болуың керек. Сондықтан сериалымда былапыт сөз көп, оның жөні бар деп санаймын. Полиция қызметкерлеріне қылмыскерді соққыға жығуына болмайды. Бірақ маньякқа қатысты агрессиясы бар, оны олар боғауыз сөз арқылы білдіреді, солай сөз саптайды. 90-жылдары тәртіп сақшыларының жалақысы тым төмен болды. Машина жетіспейтін. Маған олар әңгімелегені бар. Қылмыс орнына шұғыл шақырады, бірақ қызметкердің не көлігі, не жолға ақшасы жоқ, содан олар жаяу-жалпылап жететін болған. Сіз ондай адамдар былапыт сөз айтпайды деп санайсыз ба?", – деп түсіндірген еді Әлішер Утев.

Мұндай пікірмен көрерменнің бірі, психолог Мақпал Жолдасбек келіспейді.

"Біздің көбіміз 80-90 жылдардағы "Спрут" фильмін көріп өстік. Оның басты кейіпкері комиссар Коррадо Каттани тұтас мафиямен, қанішерлермен күресе жүріп, қаншама қиындықты бастан кешті. Ол телехикаядағы оқиғалар да нақты полицейлердің өмірінен алынған. Алайда соған қарамастан ондағы қаһармандар боғауыз сөзге тіпті де үйір емес. АҚШ, Италия, Ұлыбритания сияқты дамыған елдер полицейлер, соның ішінде маньяктардың ісімен шұғылданатын тергеушелер туралы көптеген фильм және сериалдар түсірді. Оларда боқ сөз жоқ. Одан фильмнің көркемдік құндылығы артпаса, еш кемімейді. Ендеше кино туындыны былапыт сөзге толтырудың себебін режиссердің бойынан іздеген жөн сияқты. Бәлкім бұл оның бала кезден келе жатқан психологиялық жарақатымен байланысты шығар?", – деп болжайды психолог. 

Ал түркістандық Нұрғали Айдаров Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровқа хат жазды.   

"Соңғы жылдары отбасымен бірге отырып көруге мүлдем жарамайтын қазақстандық сериалдар тым көбейіп барады. Олардың ішінен соңғылары сапында Игрок, 5:32 туындыларын атауға болады. Олар қалпымен боғауыз сөзге толы. Қазақстанда кім көрінген фильм түсіре беретін болды. Осы мәселемен мен алдымен Мәдениет және спорт министріне қайырылдым. Бірақ мәдениет министрлігі "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" заңының талаптарын сақтау бойынша БАҚ-қа мониторинг жасау біздің құзырымызға жатпайды деген ауанда жауап қатты. Бұл функцияны ақпарат министрлігі жүзеге асырады. Онда неге бұл министрлік мұндай фильмдердің көрсетілуіне рұқсат етеді?", – деп қайран қалды Нұрғали Айдаров.

Билік не дейді?

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі аталған сериалдан және оны көрсетуден заңға қайшы ештеңе таппапты. 

"Біздің министрлік БАҚ саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау функцияларын орындайды. Біз баланың денсаулығына, адамгершілігі және рухани дамуына залал келтіретін ақпараты бар, заңға қайшы контент таралмауы үшін ақпараттық кеңістікке, соның ішінде интернеттің қазақстандық сегментіне тұрақты негізде мониторинг жүргізіп тұрамыз. Атап айтсақ, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2022 жылғы 21 маусым аралығында интернетке мониторинг жүргізу қорытындысында министрлік жалпы саны 12 700 бұзушылықты анықтады. Оларда баланың денсаулығына, адамгершілігі және рухани дамуына зиянды ақпараттар болды. Мысалы, соның ішінде олар суицидті, порнографияны насихаттады", – деп баяндады ақпарат министрлігі.

Нәтижесінде, сол бұзушылықтарға жол бергендерге қатысты 439 ден қою құжаттары толтырылған.

Министрлік интернетте орналастырылған "5:32" және басқа отандық сериалдарда былапыт сөздердің пайдаланылуына қатысты қазақстандықтардың шағымын қарапты. Бұл ретте "Кинематография туралы" заңының 8-бабына сәйкес, Қазақстанда шығарылған барлық фильмдерге және Қазақстан аумағына прокаттау мақсатында жеткізілген фильмдер жас сыныптамасына бөлінуге тиіс. Егер қатігездік, порнография сценалары болса, боғауыз сөз айтылса, онда олар "18 жастан бастап", "21 жастан бастап" таңбасының бірімен таңбаланады. Яғни тек 18 және 21 жасқа толған көрермендерге ғана арналған фильмдер қатарына жатқызылады. Мұндай фильмдер мен сериалдарда дөрекі жаргонды, былапыт сөздерді, нормативтік емес лексиканы эпизодтық қолдануға рұқсат етіледі.

Былапыт сөздерге толы фильмдерді әдетте, телеарналар көрсетпейді. Егер қоя қалса, онда "18 жастан бастап" жас санаты бар фильмді – жергiлiктi уақытпен сағат 22-ден кейін таңғы сағат 06-ға дейiн, ал "21 жастан бастап" жас санаты бар фильмді түнгі 12-ден таңғы сағат 06-ға дейiн көрсетуге жол берiледi.

"Атап өтетін жайт, Қазақстаннң заңнамасы "18 жастан бастап", "21 жастан бастап" таңбасы бар фильмдерді телеарналарда да прокаттауға рұқсат етеді. "Игрок", "5:32" сериалдары YouTube, AiTube платформаларында орналастырылған. Жүргізілген талдау нәтижесінде бұл сериалдарға "18+" және "21+" жас сыныптамасы бекітілгені анықталды. Осыған байланысты Қазақстан заңнамасының талаптарын бұзу дерегі анықталмады", – деген түсініктеме берді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Қалай болғанда, ұлттық заңнама фильмдер мен сериалдарда боғауыз сөйлеуге, ол аз болса, тіпті балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратты беруіне, "кинотуындының сюжеті мен көркемдік міндеті тұрғысынан ақталуы шартымен" суицидтің, адам өлтірудің, отбасылық өмір проблемалары мен ажырасудың, есірткіге және алкогольге тәуелділіктің, аурулардың, бейәлеуметтік жүріс-тұрыстың, жалаңаштанудың, жыныстық қатынас немесе басқа эротикалық әрекеттер көріністерін паш етуге тыйым салмайды. Тек оны түнде көрсетсе болғаны.

Жалпы қазақстандықтар отандық киносымақтарды отбасы болып көру мүмкін болмай бара жатқанына көп шағымданып жүр. Билік ақша игерген режиссерлардың жетегінде кете бермей, сол өнімді тұтынушылардың, яғни халықтың да пікірін ескеріп отырса, жөн.

Жанат Ардақ

Фото: SSM

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу