Билікке кір келтірген облыстық қалалар әкімдерінің ісі астанаға беріледі

17646

Қазақстанда әкімдерге қысым күшейтіледі. Олар тіпті кландардың құрсауына түсіп қалуы мүмкін.

Билікке кір келтірген облыстық қалалар әкімдерінің ісі астанаға беріледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бүгінгі тұңғыш Жолдауында жергілікті билік жұмысының тиімділігіне баса мән беретінін білдіргені мәлім. Осыған орай елімізде әкімдердің қызметін жергілікті бұқара бағалайтын арнайы жүйе пилоттық жоба есебінде енгізілетін болады.

Бұл ретте егер сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30%-дан астамы ауыл не қала әкімінің жұмысын "тиімсіз" деп тапса, онда Президент әкімшілігі арнайы комиссия құрып, әлгі әкімқараның ісін қарайды және оны қызметінен қуу не қалдыру туралы ұсыным береді.

Осыған орай журналистер Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ерлан Қариннен "осы тетікті жергілікті кландар пайдаланып, өздеріне ұнамаған әкімдерді жұрт жақтырмады деген сылтаумен ауыл-қаладан аластамай ма?" деп сұрады.

"Клан деген тым артық айтылған болар. Жергілікті топтар дейік. Әрине, кез келген қоғамда жік-жікке, әр топтарға бөліну деген болады. Осыған ұқсас проблемалар Қазақстанда да бар. Бірақ Президент бастамасын жүзеге асыруға бөгесін болар ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпыз. Бұл шаралар іске асырылады", – деді Ерлан Қарин.

Ол жолдауда айтылған бастамалар мен шаралар алда қосымша пысықталатынын айтты.

"Біз енді оның тетіктерін ойластырымыз керек. Бәлкім, жергілікті жұртшылық алдымен петиция беруі керек шығар. Онлайн-тұғырнамасы түзілуі қажет. Біз қазір соның барлығын пысықтайтын боламыз. Ең бастысы, бастама жария етілді. Нәтижесінде, жергілікті жұртшылықтың жалпы көңіл-күйін анықтаймыз. Президент енді ел пікірін ескеретін болады және жергілікті билік органдарын да тұрғындармен диалогта, өзара түсіністікте жұмыс жасауға бағдарлап отыр", – деді Президенттің көмекшісі.

Бүгін белгілі болғандай, сонымен қатар, "Қазақстан Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" жаңа жарлық жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Сарапшылардың байламынша, құжат әкімдердің орталыққа тәуелділігін күшейтпек.

Өйткені бұған дейін билік беделіне кір келтіріп, абыройын айрандай төккен жергілікті әкімнің ісін оны тағайындаған облыс қарап, көбіне жазаламай, қоя салатын. Ал жаңа жарлық жобасына сәйкес, алда бұл істерді қарау құзыры тек Нұр-Сұлтан қаласындағы еңселі кеңселерге берілмек.

Атап айтқанда, кезінде Елбасы қабылдап кеткен "Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы" ел Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 жарлығында былай жазылған:

"Облыстардың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалардың әкімдері жол берген қызметтік этика нормаларының бұзылуын, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы әдеп жөніндегі кеңестері қарайды. Олар қызметтік тергеп-тексеру жүргізу туралы ұсынымдар, сондай-ақ лауазымды адамдарды лауазымынан босатуға дейінгі тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы ұсыныстар енгізуге құқылы", – делінген.

Жаңа жарлық оны алып тастайды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованың түсіндіруінше, жаңа жарлық жобасында ұсынылғандай, енді облыстардың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалардың әкімдері жол берген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі комиссиясы қарайтын болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу