Билікке өкпелі емхана дәрігерлері өшін сырқаттардан алуда

7630

Емханадағылар келушілерді алдауға және ұруға көшкен бе?  

Билікке өкпелі емхана дәрігерлері өшін сырқаттардан алуда

Пандемия кезеңінде бар игілік пен қолдаудың тек инфекциялық ауруханалардағы және ковид-стационарлардағы медперсоналға ұсынылғанына, үстемеақылар мен мол сыйақының да коронавируспен күрестің алдыңғы шебіндегі "ақ халаттыларға" берілгеніне емхана қызметкерлерінің көбі өкпелі.

Ел Үкіметіне, Денсаулық сақтау министрлігіне қарша бораған шағым хаттарында емханалар қызметкерлері пандемия кезінде сырқаттарды қабылдағандарын, үй-үйді аралағандарын алға тартады. Содан біразы пациенттерден КВИ жұқтырып, қатты ауырған. Алайда мемлекеттен бір тиын қайыр көрмеді. Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов та, оның орнын басқан Алексей Цой да МСАК персоналына сыйақы төлеу мәселесін Үкімет емес, емхана өзі шешуге тиіс деп табандады.

Бұл ақыр соңында медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарындағы салғырттықтың, саботаждың күшеюіне, осы сектордан кадрлардың кетуіне соқтырды. Өзіне тиісті жәрдем көрсетілмегеніне наразы сырқаттарға емхана дәрігерлері мен мейірбикелері арыстандай айбат шегіп, айқайға басып, жер-жебіріне жететінді, соңынан түк көмегі жоқ Үкіметке шағымдануға жолдайтынды шығарды.

Бұған қоса, емханалар көрсетпеген қызметтерді ойдан тауып, оны өзінде тіркелген тұрғындарға жаппай қосып жазуға қайта кіріскен. "Дамумед" қосымшасына үңілген көптеген азамат осыған көз жеткізуде.

Енді Үкімет пен ДСМ-ға сырқаттардың шағымы тасқындай бастады. Тіпті сақтандырылған, яғни ӘМСҚ қорына жарна аударып отырған адамдар да лайықты қызмет ала алмауда. Осылайша, медсақтандыру жүйесі көп жағдайда халық пен бизнестен ақша жинауға ғана қызмет етуде. Елордалық Ілияс Әділ өз емханасы жедел медициналық көмек көрсетуден бас тартқанына қынжылады.

"Бірнеше күн бойы басым сырқырап ауырып, қысымым көтеріліп, жағдайым нашарлады. Жедел жәрдемді шақырдым, ол учаскелік дәрігерге қаралуға кеңес берді. Содан биылғы 25 ақпанда Қабанбай батыр көшесіндегі "Шипагерге" жүгіндім. Бірінші қоңырау соғып, қабылдауға жазылмақ болғанмын: 3 наурызға дейін талон жоқ екен. Тіркеуші қыз шұғыл түрде тексеріле алатынымды айтты. Келдім, қарамады. Есігінің алдында қиналып отырғанымды көрсе де, дәрігер мен мейірбике қабылдаудан бас тартты. Қабылдауға жазылмағанымды бетке басты. Осы кезде бөлме ішінде медперсоналдың 5 өкілі ерігіп отырды: кезек күткен басқа адам жоқ еді", – дейді ол.  

Сырқат емхана меңгерушісіне шағымдануға ұйғарады, ал ол кабинетінде болмай шыққан. Қайда кеткенін ешкім айта алмады.

"Келесі күні амалсыз ақылы клиникаға жүгіндім, олар көмек көрсетіп, дереу емдеуге кірісті. Сондықтан министр А.Цойдан медсақтандыру қорының және одан қаржы алып отырған медициналық ұйымдардың жұмысына және медициналық қызметтері сапасына тексеру жүргізуді сұраймын! Халықтың форумдарда, әлеуметтік желілерде емханалар мен МӘМС қорына қатысты теріс пікірлері көп. Билік қазақстандықтарды осы жағдайға көндігуге мәжбүрлеп жатқан сияқты. Мемлекет қазір емханаларда тек арсыз-көргенсіз, жауапсыз әрі біліксіз медқызметті ғана кепілдендіреді", – деп ашынады ол.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Динара Шаймерденова елордадағы №6 емхананың УДЗ-дәрігеріне қатысты шағым айтты.

"Жүктіліктің 1 триместрінде жоспарлы скринингтен өтуім керек. Содан гинекологтың бағыттауымен биылғы 24 ақпанда УЗИ-ге бардым. Тексеру кезінде дәрігер әйел қарныма гельді жағып, медициналық жаялықты жапты да, кенет еш ескертпестен ішімнен жұдырығымен қойып қалғаны! Онымен тоқтамай, іле-шала тағы да бірнеше рет тоқпақтады. Және мұның мән-жайын да түсіндірмеді. Мұндай тексеруден алғаш өтіп тұрғандықтан солай жасау дұрыс екен деп ойлап, шыдауға тырыстым. Мұны аз көрсе керек, УЗИ аппаратының датчигімен де ішімді соққылады. Адам төзбес ауырсыну сезіміне шыдамай, шыңғырып жібердім. Үйге оралған соң, қарнымның төменгі жағы қатты ауыра бастады, жүре алмай, қозғала алмай қалдым", – дейді Динара.

Артынша оған ақылы түрде ультра-дыбысты зерттеуден қайтадан өтуге тура келеді. Оның нәтижесінде, миометрия гипертонусының басталғаны, техникалық зақым келгені жайында диагноз қойылған. Сол себепті ол ДСМ басшысынан емхана маманы Б.Қазақбаеваға қатысты тексеріс жүргізіп, шара қолдануды сұрайды. Бүгінде Динара сәбиінің жағдайына алаңдаулы. Әрі дәрігердің не себепті өзіне солай жасағанын түсінбейді.

Сақтандырылғандардың өзі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры уәде еткен КТ, МРТ тексерулерінен тегін өте алмауда. Клиникалар әртүрлі сылтау айтып, сырқаттарды ақылы түрде өтуге итермелейді.

"Қызым Галина "University Medical Center" орталығына бас миын шұғыл МРТ-ға түсіруге бағыттама алды. Бағыттама 2021 жылғы 16 ақпанда берілген. Клиникаға хабарлассам, олар 25 ақпанда қоңырау шалу керектігін түсіндірді. 25-і күні бірнеше рет телефон соқтық, әзер дегенде телефонын көтерді, бірақ наурызға жазу аяқталғанын, енді тек бір айдан кейін, 25 наурызда қоңырау соғуымыз қажеттігін мәлімдеді. Сонда сәуірге жазбақ. Биліктен бір пәрменді шара қабылдауды өтінем. Әйтпесе, бір айдан кейін бұлар тағы да "тегін өту мүмкіндігі қалмағанын" мәлім етеді. Ал бағыттама жарамсыз болып қалады", – дейді мазасы кеткен әке Рафик Толстогубов.

Сондай-ақ ол МРТ-дан тегін өтуге жазылу үшін айына бір күннің ғана бөлінгеніне наразы. Оның отбасы Нұр-Сұлтанда тұрады, соның өзінде клиникаға хабарласа алмаған. Сол себепті, өз аяғымен барып, регистратурада жазылуға дайын. Алайда емхана оған тыйым салған, тек қана телефонмен тіркелуді талап етеді.

"Балам болса, бас ауруынан азап шегуде. Сырқаттар игілігін көре алмаса, сақтандыру қоры не үшін ақша жинап отыр?!" – дейді әке.

Жанат Ардақ

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу