Биліктің елге 1 триллион теңге шығын келтірген көзбояушылығы әшкереленді

3400

Мемлекет "кешенді жекешелендіруді" толқын-толқынмен қарқынды жүргізуде, ал квазимемлекеттік секторға бюджеттік шығын еселеп артып барады.

Биліктің елге 1 триллион теңге шығын келтірген көзбояушылығы әшкереленді Фото: inbusiness.kz

Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне – құрылтайшысы, акционері немесе қатысушысы мемлекеттің өзі болып табылатын ұйымдар жатады. Олардың арасында ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, олардың қаптаған еншілес, тәуелді компаниялары, мемлекеттік кәсіпорындар, АҚ, ЖШС, мемлекеттік банктер (Отбасы банк, Қазақстан даму банкі, Береке банк) және басқасы бар.

Үкімет экономика мен бизнеске белсенді араласуын жалғастырды, тиісінше, квазимемсектор нысандарының саны да көп: бұл тізімге шамамен 6,4 мың ұйым кіреді. Олардың ішінде "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры, "Бәйтерек" сияқты супергиганттары да, "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан темір жолы", "Самұрық-Энерго" сияқты "ұрпақтары" көп, тарамдалған ұлттық компаниялар да, сондай-ақ медицина, білім беру салаларындағы көптеген ірілі-ұсақты ұйымдар да жетерлік.

Мемлекет 90-шы жылдардан бері өз активтерінен арылуға күш салып келеді. Әйтпесе, Үкімет отандық бизнеспен экономиканың әр саласында қатаң бәсекелесіп, олардың өсу, өркендеу өрісін тарылтып келеді.

Оның үстіне отыз жылдан астам уақыттан бері жүргізілген жекешелендірудің үш толқыны барысында мемлекеттен тартып алынған құнды активтер билікке жақын қаржылық-өнеркәсіптік топтардың, олигархтардың қолында шоғырланды. Салдарынан мемлекеттік монополия орнына олигополия пайда болды.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, биліктің бұл қарекеті көзбояушылыққа көбірек ұқсайды. Салдарынан, одан елге қайтарым да шамалы.

"Мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту Президенттің Үкімет алдына қойған стратегиялық міндеті саналады. 2022 жылы мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындардың 45 түрлі қызметі толығымен нарыққа табысталыпты. Мемлекеттің меншігін жаппай жекешелендіру екпінді жалғасуда. Үкімет квазимемсектор кәсіпорындарын үнемі түгендеп, ревизия жүргізеді. Бірақ мұның табысты тәжірибе болып отырғаны шамалы. Өкінішке қарай квазимемлекеттік кәсіпорындарды ұстап тұру шығыстары тек 2022 жылы 1,4 есе ұлғайып, 1 триллион теңгеден асып кетті", – деді депутат.

Билік мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі серпінді түрде азайып келе жатқаны, Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында жеті жүзден астам кәсіпорынның бәсекелестік ортаға тапсырылғаны жөнінде көркем есеп берді. Демек, мемлекет біраз масылдан арылғанға ұқсайды. Онда неге квазимемкәсіпорындарды ұстап тұруға бюджет шығыстары керісінше еселеп артты?

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ондай парадоксқа өздері де таң қалатынын жасырмады.

"Шынында, сондай проблема бар. Біз бүгінде барлық мүмкін болатын жерде, салада мемлекеттік кәсіпорындарды бәсекелі ортаға беру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатырмыз. Бұл істі табысты жүргізу үшін Дүниежүзілік банктің сарапшыларын жалдадық, антимонополиялық органды жұмылдырдық. Квазимемсекторға реформаны жүзеге асырып жатырмыз. Алайда соған қарамастан өткен жыл қорытындысында бұларға жұмсалған бюджеттік кредиттер екі есеге артып шыға келді. 500 миллиард теңгеден асты. Бұдан бөлек сектор субъектілерінің жарғылық капиталын толықтыру бойынша бюджет шығыстары 4 есеге өскен", – деді еліміздің бас экономисті Ә.Қуантыров.

Оның түсіндіруінше, бюджеттік кредиттер мен жарғылық капиталды толықтырулар негізінен әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған. Мысалы, Азық-түлік корпорациясының капиталын толықтыру агроөнеркәсіптік нарықта бағаларды тұрақтандыруға жұмсалған. 200 миллиард теңге индустриалдық жобаларды қаржыландыруға бөлінді. Мысалы, Сораң (Сарань) қаласындағы индустриалдық жобаларға, шина зауытына қомақты 46 миллиард теңге берілген екен.

Сонымен бірге квазимемлекеттік сектор тағы 46,3 миллиард теңге ел қаржысын көзделген мақсатына жұмсамай қойыпты. Министр Әлібек Қуантыров бюджеттік бағдарламалар әкімшілігі жауапкершілік арқалайтынын айтты. Жауапсыздардың қашан жазаланатыны, тіпті ақырында жаза тартатыны-тартпайтыны белгісіз.

Жалпы, Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталын ұлғайтуға және бюджеттік кредиттеуге республикалық бюджеттен 2022 жылы 722 миллиард теңге шығындалды. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде, 2021 жылмен салыстырғанда 42 пайызға көбейген.

Аудиторлар квазимемсекторға берілген ел қаржысының игерілуіне мониторинг тиісінше жүргізілмейтінін анықтады. Бұған қоса, қажет болмай қалған қаражат қалдықтарын республикалық бюджетке қайтару бойынша жүйелі проблемалар бар.

Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, квазимемлекеттік сектор шоттарында пайдаланылмаған 46,3 миллиард теңгеден артық бюджет ақшасы жатыр.

"Егер жіктеп қарасақ, оның 38 миллиардтан астамы квазимемлекеттік кәсіпорындардың жарғылық капиталын арттыруға арналған қаражат. 7,5 миллиард теңгесі мемлекеттік тапсырыстарды орындауға көзделген қаржы. 38 миллиард теңгенің жартысы сумен жабдықтайтын "Қазсушар" мекемесіне тиесілі. Жарғылық капиталын толтыруға қажетті қаражат бір күнде игерілетін ақша емес. Оның қаржылық негіздемесін, сметалық құжаттарын дайындаудың өзіне бірнеше ай қажет. Құжаттар бірнеше меморганның келісімінен өтеді. Ал жобалар екі-үш жыл жүреді. Сондықтан олардың қалдықтары жыл басында үнемі қалып отырады. Дегенмен бұл қалдықтар ешқайда кетіп жатқан жоқ. Бізде Қазынашылық комитет бар. "Қаржылық жоспар" аясында ай сайынғы кірістер мен шығыстарды баланстап отырады. Сол кезде бұл қаражаттардың қалдығы біздің тарапымыздан пайдаға жаратылатын болады", – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бірақ проблеманың барын ол да мойындады.

"Әрине, келешекте бұлардың бәрін реформалау керек. Бізде 6 мың 400-ден астам квазимемлекеттік мекеме бар екен. Олар екі санаттағы кәсіпорындардан тұрады. Оның ішінде экономикалық қызметі арқасында өз күнін өзі көре алатындары да, сонымен бірге оған қауқарсыз кәсіпорындар да бар. Соңғылары тек бюджеттен қаражат алып отыр. Бұлардың көбісі мектептер, ауруханалар, тағы басқа мекемелер. Сондықтан біз реформа жүргізгенде экономикалық қауқарлы мекемелерге азырақ қаражат беруге тиіспіз. Мектеп, аурухана сияқты мекемелерге қаражатты қажетті көлемде береміз", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Депутат Азат Перуашев квазимемлекеттік секторды "паразитке" теңеді. Оның айтуынша, бұл сектор 20 жылдай бұрын мемлекеттің активтерін тиімдірек басқару және бюджеттің табыстарын арттыру үшін құрылды. Екі онжылдықта ұлттық компаниялар төрт аяққа тік тұрып, мемлекет қазынасына мол кіріс құя бастауы керек еді. Оның орнына бюджетке жүктеген шығыстары тек артып барады.

2020 жылы Президент Қ.Тоқаев ұлттық компанияларға таза табысының 70 пайызын бюджетке құю туралы тапсырма берген болатын. Ал іс жүзінде олар өз табысының 12 пайызын ғана бюджетке берген. Бұл олардың әкімшілік және басқа шығыстарынан да аз. Мысалы, "Самұрық-Қазына" қоры 2022 жыл қорытындысында 1 триллион 600 миллиард теңге табыс тауыпты. Соның небары 170 миллиард теңгесін немесе 10 пайызын ғана дивиденд ретінде бюджетке аударды.

Яғни, мемлекет холдингтер мен ұлттық компанияларға триллиондап ақша береді. Ал олар оны бюджетке алты есе аз көлемін ғана қайтарады. Сөйтіп, мемлекет мүддесі аяқасты болып отыр.

Масқарасы сол, квазимемлекеттік сектор Қазақстан экономикасының 60 пайызын құрайды. Ендеше депутаттардың байламынша, ел экономикасының басым бөлігі тиімсіз жұмыс істеуде. Салдарынан, салықшылар бюджетті толтыру үшін жеке бизнеске қырғидай тиіп, олардан негізді, негізсіз түрлі алым, салық жинайды.

Мәселен, ашық деректер бойынша "Самұрық-Қазына  Өңдеу"  (бұрынғы Бірлескен химиялық компания) он жылдан бері 240 миллиард теңге қарыз қордалаған, соған қарамастан басшылары көрпесіне қарай көсіліп отырған жоқ, алшаң басуда.

Сонымен бірге, мемлекеттік аудиторлар негізінен мемлекеттік бюджеттің жұмсалуын бақылайды. А.Перуашевтің байламынша, триллиондарды квазимемлекеттік секторға бөлу арқылы Үкімет пен ұлттық компаниялар үлкен көлемдегі қаражатты бюджеттен тыс, "Парламент қабырғасынан аулақта", көлеңкеде, өз қалауынша жұмсайды. Себебі, ұлттық компаниялар енді бұрынғыдай өз бюджеттерін Парламентте қорғамайды, негіздемейді. Депутаттарға жария етпейді.

Депутаттар осының кесірінен Президенттің ықпалды, пәрменді Парламент құру идеясы жайына қалғанын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу