"Биліктің қолдауын ел игілігіне пайдалануымыз керек"

2434

Қарағандылық кәсіпкер жаңа Президенттің саясатын қолдап, елді береке мен бірлікке бастауға атсалысатынын айтты.

"Биліктің қолдауын ел игілігіне пайдалануымыз керек"

"Тасада жатып, үкіметке, билікке тас ата беру, жақсыны жаман деп, ақты қара деп жамандай беру оңай. Ал нақты іспен айналысып, ұлттық экономиканың дамуына үлес қосу қиын" – дейді "Мутлу" компаниялар тобының бас директоры Дос-Мұқасан Тәукебаев.

Оның сөзінше, "жеңілдің астымен, ауырдың үстімен" жүруді әдетке айналдырғандар алғашқы жолды таңдайды.

"Тап қазір бізге жаңа Президенттің саясатын қолдап, елді береке мен бірлікке бастау қажет. Біз "Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып", шағын, орта және ірі бизнеске билік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды ел игілігіне пайдалануымыз керек. Елімізде жыл сайын жаңа кәсіпорындар ашылып, тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар салынып жатыр. Үкімет пен бизнес арасында кері байланыс орнаған. Бизнесті қолдау шаралары жыл сайын жаңғырып, жаңарып отырады. Мұның барлығы елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың нәтижесі", – деді бас директор.

Дос-Мұқасан Тәукебаевтың айтуынша, ел азаматтарына тұрғын үй мен көлік алуға жеңілдікпен несие беріліп жатыр. Салалық бағдарламалар жүзеге асырылып, өндіріс орындары мен кәсіпорындардың тынысы ашылуда.

"Біз басымыздағы бағымызды бағалай білуге тиіспіз. Халқымыз: "Қолда барда алтынның қадірі жоқ" дегенді бекер айтпаған. Өзгенің қаңсығын таңсық қылу абыройлы іс емес. Гүлденген Қазақстанда өмір сүру үшін жатыпішерлік пен масылдыққа бой үйретпеу керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерді қолдайтынын, елге инвестиция тартып, іскерлік белсенділікті арттыратынын мәлімдеді. Бұл – бізге, кәсіпкерлерге білдірілген сенім. Кәсіпкерлер бизнесті табыс көзіне ғана емес, халықты біріктіру  құралына айналдыруға тиіс. Отбасын асырап отырған адамның "көйлегі көк, бала-шағасының "қарны тоқ" болса, ештеңеге алаңдамай,  еңбек етеді", – деді ол.

Дос-Мұқасан Тәукебаев қоғамдағы бірлік ынтымақ пен сыйластықтан басталатынын тілге тиек етіп, жеткен жетістігіміз аз емес, алар асуымыз одан да көп екенін айтты.

"Елдегі саяси-экономикалық тұрақтылық, әлеуметтің әлеуетін арттырады. Ал бұзақылық пен арандатушылық бейбітшіліктің шырқын бұзады. Біз тәуелсіздік алғаннан бері ешкіммен жаға жыртыспай, жүз шайыспай, дамып келеміз. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өтіп, қазақстандық жолдың сабақтастығы сақталатынын мәлімдеді. Бізге Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындап, қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып жатқан сарабдал саясатты қолдау қажет. Қазақстан дамудың дара даңғылын әлдеқашан тапқан. Қазір сара соқпақ салу үстінде. Біз бұл істі Президетпен бірге атқаруымыз керек", – деді кәсіпкер.

Сұхбат беруші әңгімелесу барысында өзінен кейінгі буынға кеңес берді.

"Бизнес – тәуекел мен еңбектен тұрады. Оның "отымен кіріп, күлімен шықпайынша", табысқа кенелу мүмкін емес. Компания құрып, сол арқылы өзіне директор деген лауазым тағайындаған, бірақ нақты әрекет етпеген адам бизнеске құйған қаржысын түгел тауысады. Күні-түні, жатпай-тұрмай еңбек еткен адам ғана бизнестің шыңына шығады. Сондықтан өзімнен кейінгі кәсіпкерлерге айтарым, бизнесті бассыз, көзсіз емес, жүйелі түрде жоспармен жүргізіңіздер", – деді Дос-Мұқасан Тәукебаев.

Сөз арасында ол жас кәсіпкерлерге "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз қарым-қатынас орнату тиімді болатынын айтты.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылған күннен бастап кәсіпкерлердің мүддесін қорғап келеді. Қаншама кәсіпкер "Атамекеннің" қолдауының арқасында әкімшілік кедергілерден, заңсыз тескерулерден құтылды. Мұндағы маркетологтар кәсіпкерлерге бизнес-жоспарға дейін әзірлеп береді. Білмегенін үйретіп, түсінбегенін түсіндіреді", – деді ол.

Дос- Дос-Мұқасан Тәукебаевтың пікірінше, "Бизнестің жол картасы-2020", "Бизнестің жол картасы-2025", "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламалары шағын, орта, ірі бизнестің тынысын ашып, тамырына қан  жүгіртіп отыр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу