Білім басқармасы кәсіпкерлерге неге құлақ аспайды?

10194

Елорданың Білім басқармасы ешқандай сын-ескертпе жоғына қарамастан, кәсіпкерлермен жасасқан тамақтандыру қызметін көрсету туралы келісімшартты жаңартудан бас тартып отыр. 

Білім басқармасы кәсіпкерлерге неге құлақ аспайды?

Бұл мәселе Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Ирак Елекеевтің жетекшілігімен өткен отырыста қаралды. Іс-шараға барлық мүдделі тарап қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанышбек Мұқаштың айтуынша, Палатаға кәсіпкерлерден ұжымдық өтінім келіп түскен. Онда кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдарының арасында жалпы білім беретін мектептерде оқитын және балабақша балдырғандарын, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты жасалған келісімшарттар жаңартылмай отырғаны айтылған. Бұл келісім бойынша, егер жеткізу тарапынан қандай да бір бұзушылықтар болмаса, онда кәсіпкермен келісімшарт алдағы қаржы жылдарына екі рет ұзартылуға тиіс.

"Осы жолы басқарма 2021 жылға оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру үшін байқауды портал арқылы өткізу қажеттігін алға тартып отыр. Осы ретте білім басқармасы қағидаларға өзгерістер енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттарды ұзартуға болмайтынын айтқан. Бұл заңсыз әрі қағидаларға қайшы келеді деп санаймыз. Білім беру басқармасы келісімшарттың бір тарабы болып саналмаса да осындай тапсырмалар жіберіп, келісімшарттық қатынастарға араласып жатыр. Осылайша тапсырыс беруші – мектеп директорларын шатастырып жатыр", – деп атап өтті Қуанышбек Мұқаш.

Отырыс барысында сондай-ақ балабақша салу бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшартында айтылған міндеттерді орындау және көлік құралының төбесіне ақпараттық слайд немесе бейнежазба көрсету үшін LED DISPLAY орнату жайы да сөз болды.

 Атап айтқанда, МЖӘ келісімшартына сәйкес жекеменшік әріптеске инфрақұрылымы бар жер телімі берілуі керек. Алайда бұл міндеттер де уақытында орындалмаған. Соның салдарынан құрылыс жұмыстары мерзімінде басталмай, кәсіпкерге қосымша шығын шығаруға тура келген. Әрі қарай кәсіпкер, яғни жекеменшік әріптес өз қаражаты есебінен трансформаторлы қосалқы станса салған, осыған сәйкес мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің негізгі келісімшартына тағы бір қосымша келісім жасалған. Бұл құжат та қазынашылықта тіркелмеген және жекеменшік әріптеске оның бір данасы берілмеген.

"Жекеменшік әріптес трансформаторлы қосалқы станцияны салып бітті, қазіргі кезде трансформаторлық қосалқы станцияны мемлекеттік серіктестің коммуналдық меншігіне аудару үшін меншік құқығын тіркей отырып, пайдалануға беру қажет. Алайда жекеменшік әріптесте станцияға қажет жер телімі болмағандықтан, меншік құқығын рәсімдей алмай отыр", – деді Қуанышбек Мұқаш.

Ал бұл мәселеге жауап берген Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының мемлекеттік сатып алу  және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің жетекшісі Темірлан Шағанов трансформаторлы қосалқы станцияның қаржысын бөлу 2021 жылға жоспарланғанын, бұл мәселеден қаланың Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы хабардар және мәслихаттың да қарауына шығарылғанын айтты. Осыған сәйкес хаттама толтырылған, енді тек келесі жылы ақша бөлінуін күтуге тура келеді.

Кеңесте қаралған үшінші мәселе бойынша ӨКП директорының орынбасары палатаға елордалық кәсіпкер көлік құралына жарнама конструкциясын орнату мәселесімен өтінім жасағанын айтты.

 "Бұл кәсіпкер жарнама саласында стартап жоба ашпақшы болған, дәлірек айтсақ, көлік құралының төбесіне ақпарат көрсету үшін LED DISPLAY орнатқысы келген. Осындай кәсіпке рұқсат беру және бақылау мемлекеттік басқару органының құзыретінде болғандықтан, өтінім Нұр-Сұлтан қаласы полиция басқармасына, көлік құралы тіркелген жеріне жіберілді. Хатта Палата полиция департаментінен өтінімді қарастырып, LEDDISPLAY-ды орнатуға қатысты түсініктеме беруді сұрады. Алайда әлі күнге дейін департаменттен жауап берген жоқ. Біздің ойымызша, бұл іс-әрекеттері арқылы аталған департамент кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға кедергі келтіріп отыр", – деп сөзін қорытындылады Қуанышбек Мұқаш.

Қымбат Нұрғали


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу