Сенат депутаттары: Білім грантын ҰБТ нәтижесімен ғана бөлу дұрыс емес

3071

Сенаттың жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев мемлекеттік білім гранттарын ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге уәжі бар жастарға беру керегін айтты.  

Сенат депутаттары: Білім грантын ҰБТ нәтижесімен ғана бөлу дұрыс емес

Әйтпесе, ел бюджетіне оқу оқығанымен, қалаларда қалып, жұмыссыздар тізімін толтырғандардың қатары артып кетті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Қазақстанда адамдардың табыстары бойынша өте көп айырмашылық бар. Пандемия, экономикалық дағдарыс және инфляция халықтың аз қамтылған топтарын одан ары кедейшілікке алып келді. Ал табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың үлесі қалаға қарағанда ауылдық жерлерде 2,5 есе көп. Бірақ мұндай әлеуметтік ахуал еліміздің болашақ ұрпағына әсер етпеуі тиіс. Біздің жастар өз отбасының материалдық жағдайына қарамастан лайық білім алуы керек", – деді сенатор. 

Ауыл мен қала мектебін салыстыруға бола ма?

Депутаты келтірген дерекке сүйенсек, жыл сайын елімізде 150 мыңнан астам оқушы орта мектеп бітіреді, ал олардың жартысы, 74 мыңнан астамы ауыл оқушылары. Оның айтуы бойынша, ауылда бір мұғалім бірнеше пәннен қатар сабақ беруге мәжбүр. Өйткені ауылдық жерде 2100-ден астам педагог тапшы. Бұл – республика бойынша қажеттіліктің 60 пайызы.

"Елдегі ең ірі аграрлық университетті басқарып отырған адам ретінде ауыл балаларының табиғатынан дарынды болатынын, оларды патриоттық сезімдері ерекшелендіріп тұратынын айтқым келеді. Бірақ өкінішке қарай, аз қамтылған отбасынан шыққан дарынды балалар білімнен тыс қалып жатыр. Мұның себебі ауыл мектептерінің мәселесімен байланысты. Ауыл мектептерінде бір мұғалім физика, әдебиет және музыка сынды бірнеше пәнді қатар оқытатын жағдайлар бар. Қала мен ауыл мектептерінің метериалдық базасы салыстыруға келмейді. Ауыл тұрғындары арасында былтыр әлеуметтік сауалнама жүргізгенбіз. Қатысқандардың бірде-біреуі өз ауылында интернет жақсы жұмыс істейді деп жауап берген жоқ", – деді Күрішбаев. 

"Ұсыныстар неге орындалмайды?"

Депутаттың сөзіне қарағандай, аграрлық университеттерде қисынсыз жағдайлар қалыптасқан. "Елімізде 22 ауылдық ауданда колледждер (кәсіптік білім беру ұйымдары) жоқ. Жоғары оқу орындарына келсек, ауыл мектебінде алған білімінің төмендігінен жастар мемлекеттік гранттарды ала алмайды, ал көпшілігінде ақылы оқуға мүмкіндік жоқ. Аграрлық университеттерде қисынсыз жағдайлар қалыптасып келеді. Ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген мемлекеттік гранттарды ең алдымен жоғарғы оқу орынды бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге қажетті уәжі бар адамдар алуы керек. Яғни негізінен ауыл жастары. Осы ретте көптеген Парламент депутаты Білім және Ғылым министрлігінің алдында ауыл мектептерінің түлектеріне аграрлық оқуға түсу үшін ауылдық квотаны 30 пайыздан кем дегенде 50 пайызға дейін арттыру керегі туралы мәселені көтеріп келеді. Бірақ ол табанды түрде шешілмей отыр. "Парламенттік тыңдаулардың ұсыныстары неге орындалмайды" деген сұрақ туындайды", – деді ол. 

Аграрлық университеттерді бітірушілердің тек 30 пайызы ауылдық жерде жұмысқа орналасады. "Қалғандары мемлекет есебінен оқу оқып, жұмыссыздар қатарын толықтыра отырып, қалаларда қалады. Осындай себеппен ел бюджетінде жыл сайын кем дегенде 1,5 млрд теңге тиімсіз жұмсалады", – дейді депутат. 

Білім – адам капиталын дамытуға мүмкіндік

Оның айтуы бойынша, дамыған елдерде әлеуметтік, материалдық жағдайына қарамастан оқимын деген, іріктеуден өткен барлық жасқа жоғары білім алуға мүмкіндік берілген. Өйткені білім алған адамдар көбейген сайын халықтың деңгейі көтеріледі.

"Қазақстанда биыл мемлекеттік гранттарға 310 млрд бюджет қаражаты бөлінді. Бірақ олар ұлттық тестілеу нәтижесімен беріледі. Әлеуметтік осал топтардың әртүрлі санаттарына арналған квота бар болғаны 0,5-5 пайыз. Бұл мәселені шешпейді. Білім беру гранттарын бөлуге өзгеріс енгізетін уақыт жетті. Оны тест нәтижесі мен үлгерім негізінде ғана емес, мемлекет қолдауынсыз оқи алмайтындарға да бөлген жөн. Бұл шаралар аз қамтылған отбасынан шыққан жастардың әлеуметтік-мансаптық өсуіне лифт бола отырып, елімізде адам капиталын жан жақты дамытуға мүмкіндік береді", – деп аяқтады сенатор өз сөзін. 

Премьер-Министр Асқар Маминге жолданған бұл депуттаттық сауалға Ақылбек Күрішбаев, Алтынбек Нухұлы, Мұрат Бақтиярұлы, Динар Нөкетаева, Мұхтар Жұмағазиев, Серікбай Трұмов сынды бірнеше сенатор қол қойған.

Тасқын Болатұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу