Таяуда бір топ депутат "білім саласында миллиардтаған теңгені құрайтын қаржы жымқырудың көптеген фактілерінің" әшкереленуіне алаңдап, Үкіметке сұрау жолдаған болатын.
Бұған үн қатқан Үкімет бұл саланы түбегейлі жаңғыртуға ниетті екенін жариялады. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова тиісті ақпарат жіберді.
Өйткені бұрынғы білім және ғылым басшысының тұсындағы реформалар ақыры білім саласының шенеуніктеріне ел қаржысын миллиардтап "жеуге" мүмкіндік берген. Жүйені түп қопара өзгертпей, "косметикалық жөндеулер", үстірт түзетулер нәтиже әпермейді.
Мысалы, Тамара Босымбекқызы жүйедегі вертикальді өзгерту қажет етілетінін жеткізді.
"Функцияларды аудандық деңгейден облыстық деңгейге ауыстыру арқылы білім беру саласын қаржыландыру вертикалын өзгерту Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауындағы тапсырмасын орындау аясында жүргізілді. Бұл ретте білім беру саласын басқарудың тікелей вертикалына көшу халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға әлеуметтік қолдау көрсету кезінде бірыңғай тәсілдерді (әлеуметтік төлемдер, жалпыға бірдей оқыту қоры), бүкіл облыс деңгейінде педагогтерге жалақыны уақтылы төлеуді ұйымдастыруды, нақты қажеттілік бойынша мектептердің ағымдағы және күрделі жөндеулерін жоспарлауды қарастырады", – деді вице-премьер.
Осыған орай, оның мәліметінше, қазіргі уақытта Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері бірлесіп, "Барлығына қолжетімді сапалы білім беру" ұлттық баяндамасын мақұлдады.
"Осы ұлттық баяндама аясында білім беру саласын қаржыландыру моделін толығымен өзгерту көзделеді. Соның ішінде, мысалға, облыс әкіміне енді тек МЖМБС-ті (мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын) іске асыруға байланысты шығындарды қаржыландыруды қалдыру ұсынылады. Ал, инфрақұрылыммен, көлікпен қамту, оқу ғимараттарын салу және оларға қызмет көрсету, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік аудандық және қалалық әкімдіктердің құзыретінде және жауапкершілігінде болуға тиіс", – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Бүгінде бұл модель Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының 4 ауданында сынақтан өтуде. Ол сынақ аяқтала сала, алдағы айда Үкімет шұғыл шараларға кірісуі мүмкін.
Тамара Дүйсенованың мәлімдеуінше, аталған пилоттық жобаның нәтижелері бойынша, сондай-ақ Ұлттық баяндамада қойылған міндеттерді ескеріп, биылғы жылдың мамыр айының соңына дейін "Білім беруді дамытудың салалық тұжырымдамасына" тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Бұл – салада реформаның басталғанын білдірмек.
Балалар балабақшаға жаңа қабылданады
Реформа бюджет қаражатын жоспарлау және игеру процестеріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталады. Осы мақсатта, Т.Дүйсенованың дерегінше, Үкімет коррупция тәуекелдерін және бюджет қаражатын ұрлаудың алдын алуға бағытталған, әлеуметтік саланы және көрсетілетін қызметтерді цифрлық трансформациялау шараларының кешенін қабылдауда. Бұл балабақшадан бастап, білім берудің барлық саласын қамтиды.
"Біріншіден, балабақшаға кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасы әзірленді. Ол ата-аналардың цифрлық форматта өтінім беруінен, өтінімнің ілгерілеу мәртебесінен, балабақшаны таңдауынан, шарт жасасудан бастап, баланың балабақшаға барғанын растауға дейінгі бүкіл процесті бақылауға мүмкіндік береді. Бұл алгоритм мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік балабақшалардағы орындарды бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ балабақшаға қатысты қос кезекті және ілеспе сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған", – деді вице-премьер Т.Дүйсенова.
Қазіргі уақытта платформаны сынақтан өткізу аясында, пилоттық режимде 1 279 бала балабақшаға жаңа тәсілмен, жаңа бірыңғай база аясында қабылданды. Тағы 1801 бала қабылдау рәсімінен өтуде: олар Жамбыл және Қызылорда облыстарында, Атырау, Петропавл, Шымкент қалаларында, Қарағанды облысының Шахтинск қаласында және Павлодар облысының 8 ауданында тұрады.
Білім беру "бұлтқа" көшеді
Екіншіден, Үкімет "Бірыңғай бұлтты платформа" құрады және саланы "Бұлтты есепке алу жүйесіне" толық көшіреді. Реформа аясында бұл бағыт "бірыңғай есепке алу саясаты" деп аталады.
Ол не бермек? Тамара Дүйсенованың сендіруінше:
• "Бақыланбайтын шығыстар" тәуекелдерін барынша азайтады;
• төлем алушылардың тізілімі арқылы айла-шарғы жасауға,
• сомаларды кешіктіріп, не асыра, не төмендете отырып, қасақана қате төлемдерді тағайындауға тосқауыл қояды;
• көрсетілмеген қызметтер үшін ақы төлеуді болдырмауға мүмкіндік береді.
"Үшіншіден, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, арнайы Жол картасы іске асырылуда. Соның шеңберінде Ұлттық білім беру деректер базасының ақпараттық платформасында "Педагог профилі" жаңа модулі әзірленді. Сондай-ақ білім беру ұйымдары мен меморгандардың бухгалтерлік есебі ақпараттық жүйелерінің интеграциялануын қамтамасыз ететін "Тарифтеу" модулін құру көзделген. Жалпы, білім саласындағы коррупциямен күрес мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында", – деп уәде етті Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.
Сала жемқорлары миллиардтарды ғана місе тұтады
Қалай болғанда, бір шара жасамаса, білім саласында қаншама ел қаржысы босқа талан-тараж болуда. Мысалы, өткен аптада Жетісу облысында Антикор Сарқан ауданының білім бөлімінің бас бухгалтерінің қылмысын әшкерелегені мәлім болды.
"Ол аса ірі көлемдегі соманы – 1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілікті. Бұл үшін ол осы бөлімнің бухгалтерлерінің шотына жалақыларды шектен тыс көп аударған. Тергеу іс-қимылдары барысында бас бухгалтерден 156 миллион теңге ақша табылып, алып қойылды. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда", – деді Антикордың ресми өкілі Данияр Бигайдаров.
2024 жылдың 7 ақпанында Қызылорда облысының Жаңақорған аудандық соты Жаңақорған ауданының білім бөлімінің басшысы Б.Ибрагимовқа, бас бухгалтері К.Аязбаеваға және 24 мектептің бухгалтерлеріне қатысты үкім шығарды. Бөлім басшысын лидер еткен бухгалтерлердің қылмыстық тобы жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен мекеменің басшысы және бас бухгалтері 8 жыл бас бостандығынан айрылды. Мектеп бухгалтерлерінің біріне – асырауында жас баласының болуына байланысты жазасын 5 жыл мерзімге кейінге қалдырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ, Жетісу облысында қалалық білім бөлімінің қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, соның құрамында 2,5 жыл ішінде 4,4 миллиард теңге жымқырған. Бұған қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық топқа білім бөлімінің басшысы және оның қарамағындағылар, сондай-ақ орта мектептің бухгалтері кірді. Топта барлығы 13 адам әрекет еткен.
Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Олар бюджет қаражатын аса ірі көлемде, жүйелі негізде жымқырды деген күдік бар.
Тергеу мәліметінше, күдікті тұлғалар 2020–2023 жылдар аралығында білім беру саласында жұмыс істемейтін тұлғалардың шоттарына ақша қаражатын аудару, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеу арқылы бюджет қаржысын жымқырған.
Түркістан облысының осы екі ауданында ғана Шардара және Сарыағаш білім бөлімдерінің қызметкерлері үш жылда 3,7 миллиард теңге ұрлапты.
Қазіргі уақытта Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр, олардың 4-еуі қамауға алынды. Залалды өтеу мақсатында қымбат 39 жылжымайтын мүлік, 44 автомобиль, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалары бұғатталды.
Годунова қайда қараған?
Бұған дейін Антикор білім беру саласында Алматы, Шымкент қалаларында, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы, Жетісу облыстарында қылмыстық схемаларды ашты. Салада сыбайлас жемқорлық жүйелі сипат алған.
Қазақстанның барлық өңірінде білім бөлімдері басшыларының, қызметкерлерінің, бөлім және мектеп бухгалтерлерінің, тіпті олардың қылмыстық ісін жасырған мемлекеттік аудиторлардың үйлерінен қораптарға толтырылған, бума-бума ұрланған қаражат табылуда.
Мысалы, тергеу барысында Түркістан облысының Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы әшкереленді. Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған коррупция мен ел қаржысын жымқыру фактілерін пайдакүнемдік ниетпен жасырған.
Сарапшылар Жоғары аудиторлық палатаның бұрынғы төрайымы Наталья Годунованың отставкаға жіберілуінің және оны кетерінде Президенттің қабылдап, ұзақ қызметі үшін алғыс айтпауының бір себебі осы болуы мүмкін деп тұспалдайды. Яғни, көптеген саланы жайлаған жемқорлық фактілерін аудиторлардың бүркемелеп келгені белгілі болуда.
Білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет еңбекақы төлеу қорынан қаражат жымқырумен байланысты тұрақты қылмыстық схемалардың жолға қойылғанын әшкере етті. Бұл схемалар келесідей:
• қызметкерлерге жалақы оның лауазымына тиесілі мөлшерден әлдеқайда көп аударылады, артық қаржыны басшы не бухгалтер қалтасына басады;
• жалақы білім беру мекемелерінде ресми түрде тіркелмеген адамдарға да беріледі;
• қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеледі, ал төлем құжаттарында басқа тұлғаның деректері көрсетіледі;
• бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет қайталайды.
• туыстарын, жора-жолдастарын сырттай жұмысқа тұрғызып ("өлі жандар"), жұмыс істемесе де ақша аударады.
Бұрынғы Білім және ғылым министрлігі, қазіргі Оқу-ағарту министрлігі мектептердің бухгалтерлік есеп жүйелерін, ұлттық білім беру базасын және "Қазынашылық-клиент" жүйесін өзара кіріктірмеген. Бухгалтерлер осы мемлекеттік жүйелер арасында интеграцияның жоқтығын пайдаланады. Олар төлем құжаттарына қолмен түзетулер енгізіп, бюджет ақшасын жымқырған.
2023 жылдың басынан бері Антикор білім беру саласында барлығы 192 қылмыстық істі тіркелді. Тек солар бойынша келген залал 13 миллиард теңгеден асып кетті.
Ең ірі жымқыру Түркістан, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында анықталды.