Білімге жұмсалған ақша шығыс емес, инвестиция

3567

Елімізде қосымша білім беру нарығы қыз-қыз қайнап жатыр. Себебі балаларының бәсекеге қабілетті болуын қалайтын ата-аналар репетиторлардың аяқ-қолын жерге тигізбей жүр.  

Білімге жұмсалған ақша шығыс емес, инвестиция

Пандемия да, карантин де оқушылардың мектептен тыс қосымша сабаққа баруына кедергі келтірген жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz репетиторлықпен айналысып жүрген жанның сөзіне сілтеме жасап. 

2020 жылы ата-аналар репетиторларға жаппай жүгіне бастады. Ал оқушыларға қосымша сабақ беретін мұғалімдердің саны осыған дейінгі 
36%-дан 76%-ға өсті. 

Репетитор Бекзат Жүсіпқызы оқушылардың үйіне барып, математика пәнінен қосымша сабақ береді. Оның сөзінше, қазіргі ата-аналардың балаларының сабағын қадағалайтын уақыты жоқ. Сондықтан барлық жауапкершілікті репетиторға жүктейді. 

"Ата-аналардың мектептегі білім сапасына, мұғалімдердің біліктілігіне көңілі толмайды. Сондықтан олар репетиторларға жүгінеді. Бұл біз үшін жақсы. Өйткені қосымша табыс табамыз", – деді Бекзат Жүсіпқызы. Оның сөзінше, пандемия репетиторлыққа кері әсерін тигізген жоқ. 

Керісінше, онлайн оқудан шаршаған оқушылар ата-аналары арқылы репетиторлармен келісіп, үйлерінде немесе білім беру орталықтарында білім алды.

"Негізі репетиторды бастауыш сынып оқушысына жалдаған дұрыс. Себебі 
мұғалім бір сабақта 25 балаға оқу бағдарламасын толық меңгерте алмайды. Мысалы мен мектепте де сабақ беремін. Жасыратыны жоқ, оқу үлгерімі нашарлаған оқушыларға қосымша сабаққа баруды ұсынамын. Қазір ұлттық бірыңғай тестке репетитормен дайындалу қажеттілікке айналды. Мұның пайдасы жоқ емес, бар. Дегенмен білімді болу әр оқушының қабілет-қарымына, зейін-зердесіне байланысты. Әйтпесе бірнеше жыл репетитордан дәріс алса да, жақсы нәтиже көрсетпейтін оқушылар жетерлік", – деді Бекзат Жүсіпқызы.

Педагогтің сөзінше, репетиторлар ұстаздардың беделіне нұқсан келтіреді. 
"Ел арасында мектепте сабақ беретін мұғалімдер нашар, репетиторлар мықты деген ұғым бар. Бұл – қате. Себебі репетиторлардың дені мектепте сабақ беретін мұғалімдер", – деді Бекзат Жүсіпқызы.

Қытай репетиторлыққа қырын қарайды 

Мұғалімдерге арналған EdSurge пор¬та¬лының зерттеуінше, азиялықтар отбасылық бюджеттің кем дегенде 15% қосымша сабаққа жұмсайды. Содан болар, білім сапасының әлемдік көрсеткішіндегі Топ-10 мемлекеттің құрамында үнемі Сингапур мен Жапония жүреді. 

Оңтүстік Кореяда да репетиторлар шалқып өмір сүреді. Олардың арасында 
жылына 8 млн доллар табатын репетиторлар бар. Қуантарлығы, азиялықтар білімге жұмсалған ақшаны шығыс емес, инвестиция деп есептейді. Ал Қытай Халық Республикасы репетиторлыққа қырын қарай бастады. Сянъян, Хуанган қалаларының жергілікті билігі репетиторлықты жезөкшелік пен құмар ойындарына теңестіріп қойды. 

Қытай мемлекеттік кеңесінің шешімі бойынша, қосымша білім берумен айналысатын адамдар коммерциялық емес ұйым құруға тиіс. Мұндай компаниялар өздеріне қаржы тарту және биржаға шығу құқығынан айырылады. Қытайдың бұл қадамға баруына ел азаматтарының балаларының қосымша білім алуына көп қаржы жұмсауы түрткі болды. Қытай билігі репетиторлық елдегі демографияға кері әсерін тигізіп тұр деп санайды. Билік өкілдерінің пайымынша, ата-ана баласына қаржы құйған сайын, ұрпақ көбейтуден тартыншақтай береді. Ал Қытайға болашақта пайдаланатын еңбек күші қажет. 

Ментальді арифметика мезі қылды 

Академик, математик Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша, репетиторлардың қаптап кетуі Білім және ғылым министрлігінің бүгінге дейін жүргізген 
реформасының жемісі. 

"Анаған еліктеп, мынаған еліктеп, босқа далақтағанымыздан осылай болды. Қазір мектепте оқушы оқып отырған сабағын ұқпайды. Осындай деңгейге жеттік. Оқушылар қосымша сабақ оқуға мәжбүр", – дейді академик. 

Оның сөзінше, ментальді арифметика жұртты әбден мезі қылды. Оқу орталықтары мен репетиторлар жұрттың барлығын тез есептеуді меңгеріп алуға үгіттеп жүр. Баланың қабілетіне қарап жатқан ешкім жоқ. Басты мақсат – ментальді арифметика дегенді алға тартып, ата-аналардан ақша алу. 

"Бұдан 100 жыл бұрын ешқандай компьютер, калькулятор болмаған. Ментальді арифметика сол кезде жапондар мен қытайлардың ойлап тапқан өнері. Онда 2 таңбалы санды 2 таңбалы санға көбейтеді. Сіз оны бір минутта, ол 30 секундта көбейтеді. Ал не болды? Мұны калькулятормен есептей салған оңай емес пе?" – деді Асқар Жұмаділдаев.

Репетиторлар қанша алады?

Қосымша сабаққа барып жүргендердің айтуынша, ең қымбат пән – математика және ағылшын тілі. Қазір бұл пәндердің бір сағаты 2 250-2 750 теңге тұрады. Егер, ағылшын тілінен шетелдік сабақ берсе, сағатына 5 мың теңгеге дейін сұрауы мүмкін. Қазақ тілін меңгеріп жүргендер репетиторға сағатына 1 600 – 2000 теңге санап береді. Оқушылар орыс тілі, физика, химия пәндерінен қосымша сабақ алғаны үшін де шамамен осындай ақша төлейді. 
  
Кім репетитор болып жүр?

Бүгінгі таңда студенттен бастап, 30 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімге дейінгі аралықтағы адамдар қосымша білім беріп, табыс табады. Олардың арасында зейнет демалысына шыққан ұстаздар да бар. Жалпы алғанда репетиторлардың басым бөлігі әйел адамдар. 

Онлайн-репетитор 2020 жылға дейін сұраныста болған жоқ. Бүгінгі таңда олардың 46%-ы Skype немесе басқа онлайн ресурстар арқылы қосымша сабақ беріп жатыр. Репетиторлардың басым бөлігі көбінесе ағылшын, қазақ, тілдерінен және математика, физика пәндерінен қашықтан сабақ береді. 

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу