Билли Джин Кинг қазақстандық теннисшілермен кездесті

1081

Билли Джин Кинг Ярослава Шведовадан осы спорт түрінің елімізде дамуы, әсіресе, әйелдер мен жеткіншек қыздар арасында қандай деңгейде екендігі туралы сұрады.

Билли Джин Кинг қазақстандық теннисшілермен кездесті Фото: ktf.kz

Атақты теннисші Билли Джин Кинг Шотландияның Глазго қаласында командалық әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан құрамасымен кездесті. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады. 2020 жылдың күзінде халықаралық теннис федерациясы әйелдер арасында командалық әлем  чемпионатының атауын өзгерту туралы шешім қабылдағаны белгілі. Федерация  кубогі Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) негізін қалаушылардың бірі Билли Джин Кинг кубогі болып аталды. "Үлкен дулыға" турнирлерін 39 рет (12-сі –  жекелей, 16-сы – жұптық сында, 11-і – миксте) ұтқан теннисші Қазақстан ұлттық құрамасы мүшелерімен арнайы жолықты.

Билли Джин қазақстандықтарды әлем чемпионатының финалдық кезеңінде алғаш рет өнер көрсетуімен құттықтап, табыс тіледі. Қазақстан құрамасының капитаны Ярослава Шведова Кингтің сауалдарына жауап берді. Атақты теннисші осы спорт түрінің дамуы, әсіресе, әйелдер мен жеткіншек қыздар арасында қандай деңгейде екендігі туралы сұрады. Ярослава біздің елдегі теннистің қазіргі жай-күйі, болашағы жөнінде әңгімелеп берді.

Айта кетейік, осыдан бірер күн бұрын Шотландияның Глазго қаласында теннистен командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде С тобында Қазақстан Испанияға есе жіберді. Екінші кездесуде Қазақстан мен Испанияның бірінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Паула Бадоса сынға түсті. Қарсыластар осыған дейін төрт рет кездесіп, соның үшеуінде Бадоса жеңіске жеткен еді.

Теннистен әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатындағы Қазақстан құрамасының нәтижесін әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова қорытындылады.

"Қыздар Ұлыбританияға қарсы ойында жақсы нәтиже көрсетті. Ал Испанияға қарсы тұр өте қиын болды. Олар соңына дейін күресті. Біз қарсыластарымызбен қатар жүрдік. Жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Әр матчқа дайындалып, оңай болмайтынын білдік. Бізге кестеде сәттілік жетіспеді. Қыздардың қайта бабына келуіне уақыты болмады. Ал испаниялықтар бабында болды. Олар өте мықты және тәжірибелі қарсыластар. Бірінші ойын күні турнир қожайындары – Ұлыбританияны ұттық. Өз ойынымызды көрсеттік, қателіктерімізді мойындадық, кемшіліктерді де, мықты жақтарымызды да ескердік. Енді жұмыс істеп, келесі матчтарға дайындаламыз", - деді Ярослава Шведова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу