Binance хакерлік шабуылдан кейін клиенттеріне 6,3 млрд доллар өтемақы төледі

165

Binance хакерлік шабуылдан ұрланған қаражаттың 90%-ын қайтарды.

Binance хакерлік шабуылдан кейін клиенттеріне 6,3 млрд доллар өтемақы төледі Фото: canva

Әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы Binance платформаға жасалған хакерлік шабуыл салдарынан ұрланған қаражаттың 90%-ын клиенттеріне қайтарғанын мәлімдеді. Қалған 10%-ы жақын арада өтеледі. Шабуылға Солтүстік Корея хакерлері қатысы болуы мүмкін деген күдік бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.

Binance шығынды өтеуге жалпы 6,3 млрд доллар бөлген. Компанияның 31 қазанда жариялаған мәлімдемесіне сәйкес, Binance BTC, ETH, USDT, BNB, SOL, USDC, XRP, USD1, RLUSD және ZEC токендері бойынша келтірілген шығынды толық өтеген. Қалған 10%-ы өтімділігі төмен, ірі ондыққа кірмейтін токендерге тиесілі. Оларды қажетті көлемде сатып алып, клиенттерге қайтару үшін қосымша уақыт қажет.

Хакерлер биржаға 30 қазанда шабуыл жасаған. Сарапшылардың бағалауынша, бұл криптовалюта тарихындағы ең ірі ұрлық болуы мүмкін. Elliptic, Chainalysis және TRM Labs талдау компанияларының зерттеушілері шабуылға Солтүстік Корея хакерлері қатысуы ықтимал деген қорытындыға келген.

Ішкі тергеудің алдын ала нәтижелері бойынша, криптовалютаның ұрлануына Binance-тің IT инфрақұрылымын сүйемелдеп, қызмет көрсеткен инженерлердің бірінің ноутбугінің бұзылуы себеп болған. Қаскөйлер қызметтік контейнерге қол жеткізіп, рұқсатсыз түрде қаражатты сыртқы шоттарға аудару операцияларын жүргізген. Алайда кейін компания шабуылдың ауқымы бастапқыда болжанғаннан әлдеқайда үлкен болғанын хабарлады.

Binance-ке жасалған шабуыл туралы ақпарат тарағаннан кейін криптовалюта бағамдары төмендеді. Биткоин бағасы 4%-дан астам арзандады.

Binance криптобиржасы 2017 жылы Қытайда құрылған. Платформа пайдаланушыларға цифрлық активтермен сауда жасауға мүмкіндік береді. Әртүрлі дерек бойынша, биржада әлем бойынша 300 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. 2024 жылы компания басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 160 млрд доллардан асатынын хабарлаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу