Биологиялық вирустан "экономикалық" вирус қауіптірек?

4973

Ресейде коронавирус жұқтырудан рекорд жаңартылып жатса да, карантин жариялауға ниет аса байқалмай отыр. 

Биологиялық вирустан "экономикалық" вирус қауіптірек?

Осы айда Ресейде коронавирус эпидемиясы өзінің көктемдегі рекордын қайта жаңартып жатыр. Жарты жылдан астам уақыт бұрын Кремль пандемияны тоқтату үшін карантин жариялағаны белгілі. Қазір Еуропа елдерінің үкіметтері вирус жұқтыру оқиғаларының қайта көбеюіне тосқауыл қою үшін шектеу шараларын енгізіп жатқанда, РФ билігі бизнесті тағы жабуды қаламай отыр. Әрине, Федерацияның кейбір аймақтарында түнгі клубтар жабылып, ресторандар мен барлардың жұмыс уақыты қысқартылды. Дегенмен вирустың эпицентріне айналған Мәскеуде шектеулер аса байқалмай отыр.

Жұма күні Ресей 15 мыңнан астам адамнан коронавирус табылғанын жариялады. Пандемия басталғалы елде бір күнде мұнша тұрғын қауіпті инфекция жұқтырмаған екен. Мәскеуде мемлекет халқының 10 %-ға да жетпейтін бөлігі тұрады. Соған қарамастан, күнделікті жұқтыру оқиғаларының 30 %-ы осы мегаполистің үлесінде. Жақында Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдегендей, госпитальдерде коронавируспен ауырғандарға арналған орындардың  90 %-ы толық. Ал өткен аптада коронавирустан қайтыс болғандардың саны үш күн бойы көктемдегі рекорд – 232-ден жоғары болды.

Жұқтырғандар мен құрбандардың осынша тез көбеюі – алаңдатарлық жағдай. Кейбір сарапшылардың ойынша, әлем бойынша да мұндай науқастардың саны артып келеді. Шындығында олардың қаншаға жеткені ашық жарияланбай отыр. Сыншылар Ресей үкіметін де пандемияның шын ауқымын жасырып отыр деп айыптап келеді. Алайда ресми Мәскеу мұндай уәждерді үнемі жоққа шығарып отыр.

"Дәл қазір жағдай қиын. Бірақ экономикаға ешқандай шектеу қажет емес", – деді РФ премьер-министрінің орынбасары Татьяна Голикова сәрсенбі күні президент Владимир Путинмен өткен кездесуде.

Көктемдегі локдаун Ресейдің онсызда әлсіреген экономикасын, тіпті, титықтатып, азаматтардың табысын төмендетіп, тұрмысын нашарлатып жіберді. "Левада" орталығының мәліметінше, сәуірде Путинннің рейтингі 59 %-ға дейін түскен. Сарапшылардың пікірінше, оның үкіметі сол сүреңсіз күндерге енді оралуды қаламас еді.

"Билік халықтың оқшаулау шараларына енді көнбейтінін біледі. Қайта енгізілген карантин жұртқа мүлде жақпас еді", – дейді АҚШ-тың Вирджиния Достастық Университетінің саясаттану профессоры және ғаламдық денсаулық маманы Джуди Твигг "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Пандемия қайта өршіп жатса да, өткен аптада Ресей тағы үш елмен әуе рейстерін жандандыратынын хабарлады. Айта кетсек, Ресей көктемде барлық халықаралық авиациялық сапарларды доғарған еді.

Демек билік карантиннен бас тарта отырып, халыққа денсаулығыңа өзің қара деген үндеу тастағандай. Кейбір пікірлерге қарағанда, Ресей басшылығы шектеу шараларын енгізбей, қайта өршіген эпидемия үшін жауапкершіліктің басым бөлігін елдің өз мойнына жүктегісі келеді.

"Мәскеу қажетті шараларды қабылдады. Бірақ адамдар оған бағынбаса, өздеріне және айналасына көмектеспесе, ештеңе жұмыс істемек емес", – дейді тұрғындарының саны 12,7 миллионға жеткен Ресей астанасының мэрі Сергей Собянин.

Жаз кезінде Ресейде вируспен байланысты шектеулердің көбі алынып тасталып, өмір қалпына келе бастады. Кейбір бақылаушылардың ойынша, Кремль карантиннен асығыс бас тартып, халықты конституцияны өзгерту туралы референдумға қатысуға ынталандырғысы келді.

Ресейде қазір күніне бірнеше мың адамнан COVID-19 анықталады. Соған қарамастан, ресторандар мен кинотеатрлар қайта ашылып, Қара теңіз жағалауындағы курорттарға аттанушылар көп болды. Ал тамызда Мәскеуде өткен жартылай марафонға 17 мыңдай адам қатысқан. Сол кезде елдің спорт министрлігі ол жарысты "пандемиямен күрестегі жеңіс" деп сипаттаған еді.

Сонымен қатар жаздың соңғы айында Ресейде коронавирусқа қарсы бірінші вакцина мақұлданды. Бүгінде кең ауқымды сынақтан өтіп жатқан препарат дәрігерлер мен мұғалімдерге ұсынылып отыр. Дегенмен ол көпшілік үшін әзірге қолжетімді емес.

Зерттеулерге қарағанда, Путиннің рейтингі бүгінде қайта өсіп келеді. Сондықтан жергілікті үкімет экономиканы тағы әлсірететін және халықты ашындыратын қадамға бара алмайды.

"Билік экономикалық вирустың биологиялық вирустан жаман екенін жақсы түсінеді. Елдегі кәсіпорындардың 70 пайызы екінші толқыннан және онымен байланысты шектеулерлен аман өте алмайды", – дейді Ресейдің бизнес-омбудсмені Борис Титов өткен аптада кәсіпкерлер алдында жасаған мәлімдемесінде.

Мәскеу басшылығы бүгінде қарттар мен созылмалы ауруға ұшырағандарды үйде отыруға үндеп отыр. Ал жұмыс берушілерге штаттың 30 %-ын онлайн режимге ауыстыру туралы бұйрық беріліп, мектептерде күзгі каникул бір аптаға ұзартылып, орта және жоғары сыныптардың оқушылары қашықтықтан оқуға жіберілді.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу