Биологиялық жолмен метагендік газ алуға болады

3009

Өнертапқыш жердің шіріндісі мен малдың қиынан тегін жылу мен жарық өндірмекші. 

Биологиялық жолмен метагендік газ алуға болады

EXPO-2017  халықаралық көрмесі шымылдығын биылғы жылдың 10-шы маусымында түреді. Бүгіннің өзінде аталмыш көрмеге 103 ел қатысуға ниет білдіріп отыр екен. Халықаралық шараға келетін қонақтардың саны шамамен  2 млн-нан  5 млн-ға  дейін болуы мүмкін деген болжам бар.

Ауқымды шараға Оңтүстік Қазақстан облысынан 150 мың адам үлес қосады. Қазірдің өзінде 100 ерікті сақадай-сай тұрған көрінеді. 

"Еріктілердің қатарына қосылу үшін 180-ге жуық студент құжат тапсырды. Әрбір үміткерге ағылшын тілі мен ел тарихын терең білу міндеті қойылды. Іріктеуден 100 адам сүрінбей өтті. Қазір олар арнайы оқыту семинарына  қатысып жүр", - дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық  кәсіпкерлік, өнеркәсіптік-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Оспанов.

Бұдан бөлек  Шымкент қаласында  "Ontustik tourism center"  ақпараттық туристік орталығы  құрылыпты. Бұл орталық   халықаралық көрме  кезінде оңтүстікке атбасын тіреген барлық туристке қызмет көрсетеді екен.

Астанада өтетін көрмеде баламалы қуат көзіне басымдық берілген ғылыми жұмыстың бәсі биік болады. Осыны ескерген облыстың жас ғалымдары 15-ке жуық жобаны іріктеу комиссиясына  өткізіпті. Ғылыми жоба ұсынғандардың бірі – Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің 3-ші курс студенті Сұлтан Ғаниұлы.

Электр механигі мамандығы бойынша білім алып жатқан жас жігіт биологиялық жолмен метагендік газ алуға болатынын айтады. "Оңтүстікте мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы жақсы дамыған. Сондықтан жобаны жүзеге асыруға толық мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Бұл жоба өзге елде әлдеқашан қолданысқа енгізілген. Енді оны Қазақстанда жүзеге асыру керек. Жоба жердің шіріндісі мен малдың қиын белгілі бір температурада ашыту арқылы тегін жылу мен жарыққа қол жеткізуді көздейді. Бұл өте қарапайым әдіс, ал тиімділігі өте жоғары", – дейді жас өнертапқыш. 

Облыстық кәсіпкерлік, өнерксіптік-инновациялық даму және туризм басқармасының мәліметіне қарағанда, бүгінге дейін халықаралық көрмеге облыстан  ұсынылатын 5 жоба мақұлданыпты. "Біздің басқармаға  облыс бойынша 12 ірі жоба  ұсынылды. Оларды Астанаға жібердік.  Нәтижесінде 5 ірі жобамыз оң баға алды. 8 жобаны  комиссия қарап жатыр", – дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық  кәсіпкерлік, өнеркәсіптік-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Оспанов.

Мақұлданған жобалар бір-біріне ұқсамайды. Мәселен "Фирма Дана" ЖШС көпшілікке қуат үнемдейтін әйнек ұсынбақшы. Ал  "Dala Fruit"  компаниясы интенсивті бау-бақша өсірудің тиімділігін дәлелдемек.

Аты аталған фирма өткен жылы тамшылатып суару әдісі арқылы 106 га жерге бау егіпті.  

Оңтүстік Қазақстан облысының өкілдері тау-кен өндірісі қалдықтарын қайта өңдеу мен  автоматтандырылған басқару жүйесі бағытындағы жобалары да тыңға түрен салатынына сеніп отыр.

Бұдан бөлек  кәсіпкерлік басқармасы  EXPO-2017  қонақтарын оңтүстіктің тарихи-мәдени орындарымен таныстыруды жоспарлап қойыпты. Қазір туристерге аймақты аралатудың бағыты түзіліп, Түркістан қаласы мен  Отырар ауданындағы тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмысы атқарылып жатыр екен.

Дайындық жұмысы жергілікті халық аузындағы аңыз бойынша "Нұх пайғамбардың кемесі қалған" Қазығұрт ауданы мен сансыз бап мекені - Сайрам ауданында да қарқын алған көрінеді.

"Оңтүстік өңір тарихи мұраға кенде емес. Осыны ескере отырып, біз барлық туристік  бағыттағы нысанның ақпаратын 3 тілде әзірлеуге кірістік", – дейді  облыстық кәсіпкерлік, өнеркәсіптік-инновациялық даму және туризм басқармасының бастығы Марат Қарабаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу