Бір белбеу, екі үміткер: Жәнібек пен Мейірімнің тағдырын Адамес шешеді

174

Орта салмақтағы әлем чемпионы атағына үміткер қазақстандық боксшылардың есімі тағы да халықаралық аренада атала бастады.

Бір белбеу, екі үміткер: Жәнібек пен Мейірімнің тағдырын Адамес шешеді

Белгілі бокс шолушысы, LDUBB Boxing YouTube арнасының авторы Буг Уильямстың айтуынша, алдағы күндері WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулы үшін өтетін жекпе-жек ресми түрде жарияланады. 

Уильямстың әлеуметтік желіде жариялаған мәліметіне сәйкес, осы аптада ресми түрде бекітілуі ықтимал бірнеше жекпе-жектің қатарында WBC белбеуінің қазіргі иегері, доминикандық Карлос Адамес (24-1-1, 18 KO) пен қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) немесе Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 KO) арасындағы кездесу де бар.

Карлос Адамес WBC белбеуін 2023 жылы Джулиан Уильямсты жеңіп алғаннан кейін өз салмағындағы басты тұлғалардың біріне айналды. Енді ол міндетті қарсыласы Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек өткізе ме, әлде бірден үш тұжырым бойынша белбеулерді біріктіру үшін Жәнібек Әлімханұлымен айқаса ма – бұл үлкен сұрақ болып отыр.

Жәнібек қазіргі уақытта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Ол бірнеше рет абсолютті чемпион атағына қол жеткізгісі келетінін мәлімдеген. Өз кезегінде Адамес те Жәнібекпен біріккен титулдық жекпе-жек өткізуге қызығушылық танытып отырғанын жасырған жоқ.

Қай боксшы таңдалса да, бұл қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше сәт болмақ. Өйткені қос боксшымыз да әзірге жеңіліс көрмеген, техникалық шеберлігі жоғары және нағыз әлемдік деңгейдегі тартысқа дайын.

Жәнібек те, Мейірім де тек Қазақстан емес, бүкіл Орталық Азияның намысын қорғап, орта салмақта жаңа дәуір бастауға қауқарлы екендіктерін талай мәрте дәлелдеді.

Буг Уильямстың дерегінше, бұл маңызды жекпе-жек ресми осы аптада жариялануы мүмкін. Жәнібекпен жұмыс істейтін Top Rank пен Адаместің промоутерлік командасы Premier Boxing Champions әзірге үнсіз. Дегенмен, ақпараттық алаңдағы мұндай мәлімдеме бокс жанкүйерлерін жақындап қалған үлкен жаңалыққа дайындап жатқандай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу