Журналистер жоғалып кеткен Амаяк Акопянды тауып алды. Оның есімі 80-90-жылдары дүрілдеп тұрды, атағы жер жарды.
Өзінің айтуынша, ауқатты қазақ өз тойында өнер көрсетуге шақырып, Алматының төріндегі үш бөлмелі пәтерді ұсынған екен, қызықпапты. Араб шейхтары өнеріне тәнті болып, әсем әйелдерінің бірін бермекші болыпты, алмаған көрінеді.
Ол заманда "сиқыр" көрсеткен әрбір бала Амаяктың үлгісімен "ахалай-махалай, сим-салабим!" деп айтушы еді. Иллюзионистер әулетін жалғастырған Амаяк Акопянның ойлап тапқан осы "азиялық сөзі" 1950 жылдардан бері кеңес кинолары мен "Ну, погоди!" сияқты мультфильмдер кең насихаттаған "Трах-тибидох!" орысша сөзін ысырып шығарды.
Бірде бір ірі концерт, "жаңажылдық телебағдарламалар" Акопянның сиқырларынсыз өтпейтін. Жұртшылықтың жүрегін дүрсілдетіп, дүркірете қол соққызған оның қойылымдарын кеңестік, бертінде ресейлік және қазақстандық телеарналар апта құрғатпай көрсететін, соның даңқымен рейтинг жинайтын.
ХХІ ғасыр басында сиқыршы кенеттен ел назарынан, сахнадан һәм көк жәшіктен жоқ болып кетті.
Ресейлік "Экспресс-газета" тілшілері анықтағандай, 68 жасар иллюзионист Амаяк Акопян бүгінде РФ астанасы Мәскеудегі ескі үйде тұрады.
"Ол бүгінде қоғам ортасынан қашады, ешкіммен сөйлескісі келмейді. Өйткені ауырады, хәлі мүшкіл, әрі өзін "ұсқынсыз мүскін" санайды. Амаяк Акопянның жұртшылық алдына шықпағанына көп болды. Концерт беруді қойғалы қашан. Артист Кутузовский даңғылындағы ата-анасынан қалған, көнерген, көң-қоқырға толған пәтерінде қалған өмірін өткізуде", – деп жазды "Экспресс-газета".
Акопян кезекті рет үйленген, бірақ зайыбы онымен бір шаңырақ астында тұрудан бас тартып, Останкино ауданындағы басқа пәтерге көшіп кетті. Осылайша, актер төртінші әйелімен ажырасты.
Ресейлік журналистердің мәліметінше, ерлі-зайыптылар оның үйінде аптасына бір рет, арагідік кездеседі де, қайтадан әр жаққа тарасады.
Дегенмен, Акопян әйеліне өкпелі емес. Оның үстіне одан басқа араласатын адамы да жоқ.
"Себебі, ауырамын және өз күтіміме ғана уақыт бөлемін. Менің ендігі өнер көрсетуім – өзіммен өзім сөйлесуім. Бұл дүниеде мені тек әйелім Лена ғана түсіне алады. Ол жас, әдемі және маған көмектесіп тұрады. 2020 жылы анам дүние салды, Лена болмағанда мен күйзеліп құритын едім. Тек Ленаның арқасында бұл жалғанда қалып, күнді күнге жалғаудамын. Бірақ сыртқы кейпім нашар екенін білемін. Омыртқада да, тістерімде де проблема жетерлік", – деп күрсінеді фокусшы.
Соның дәлеліндей, Амаяк тек таяққа сүйеніп қозғалады. Ол ұзақ тік тұру қиын болғандықтан сахнада өнер көрсете алмайтынын нұсқады.
Салдарынан Акопян небәрі 25 мың рубль мардымсыз зейнетақыға ("нищенская пенсия") өмір сүруге мәжбүр екеніне шағымданды. Көрші Ресейде 2025 жылы 9,5%-ға индексацияланғанның өзінде кәрілік бойынша сақтандыру зейнетақысының (көршідегі зейнетақының негізгі түрі) орташа мөлшері шамамен 24,9 мың рубльді ғана құрады. Бұл шамамен 124,5 мың теңгеге тең.
"Телеарналардың бірі түсірілімге қатысуға шақырды. Қаламақы төлейтінін айтты. Бас тарттым. Фамилиямды былғағым келмеді. Біз – кеңес эстрадасындағы жалғыз иллюзионист болдық. Игорь Кио да иллюзионист еді, бірақ ол циркте болды. Отбасымның ар-ұяты маған ақшадан да қымбат!", – дейді Акопян.
Белгілі сиқыршының ұлы бар. Оны өзімен некеде болғанда Үлкен театрдың "жұлдызды" балеринасы, кеңес аруы Юлия Левина туып берген. Ол бүгінде Израильде өмір сүруде.
Жалғыз ұлы Филипп әкесіне қарасу орнына қара басының қамын ойлап, таршылықты тоқсаныншы жылдары ауқатты Америкаға тайып тұрды. Сонда отбасы құрды, жұмыс істейді.
Жалғыз мұрагеріне әкесі отанына қайтуға қайта-қайта қолқа салатын көрінеді, алайда ол Ресейде тұрғысы келмейтінін мәлімдеген. Балаларының болашағы үшін Америкада қалуды таңдаған.
"Оның АҚШ-та тұрғанына 30 жылға таяп қалды. Ұлымның жаны туған еліне тартып тұратын сияқты. Барлық жерде "Россия" деген жазуы бар жейдеше мен күртешелер киіп жүреді екен. Қазіргі кезде америкалықтар бұл сөзді ұнатпайды. Соған қарамастан бұрынғыдай ресейлік туды көлігіне тағып жүреді", – деді Амаяк.
Дәуірлеп тұрған кезінде Акопян теледидардан түспейтін, тіпті киноға да түсті. Оның ішінде "Возвращение Будулая", "Воры в законе", "Мастер и Маргарита" сияқты картиналар бар. Оны қазақстандықтар кеңес кезінде балалар эфирін жабатын "Спокойной ночи, малыши!" бағдарламасындағы Рахат Лукумыч кейіпкері ретінде білді.
Бұл әулеттің негізін қалаған кеңестік әртіс Арутюн Акопян ұлын аталған өнердің қыр-сырына үйретті. Сонымен бірге, адамдармен, залмен етене ықпалдастық, сенімді серіктестік жасау, көрерменнің көзін арбап, алдау машықтарын меңгертті.
Соның арқасында Амаяк тек Кеңес одағында, посткеңестік кеңістікте ғана емес, Батыс елдерінде де өнер көрсетті. Тіпті Лас-Вегастағы Майкл Джексонның концертінде жаһандық жұлдыз шыққанға дейін залдың делебесін қыздыруға қатысты. Париждік "Лидо" варьетесінде француздың танымал актері Жан Маремен әріптес болды.
"Амаяк Акопян шалқыған бай, әлем таныған әйгілі тұлға болды. Алайда, алдыңғы үш некесі оның денсаулығына нұқсан келтіріп, әмиянын, қазынасын бос қалдырды. Амаяк Арутюнович тұратын ата-анасының үйі күрделі жөндеуді қажет етеді және сиқыршының түсініксіз заттарының ескі қоймасын елестетеді. Фокусшыдан тұтас ширек ғасырға жас төртінші әйелі қоқыстанған бұл үйде тұрудан бас тартты. Өнертанушы Елена күйеуінен іргесін ажыратып, Останкино ауданындағы басқа пәтерге көшіп алды. Жұбайлар аптасына бір рет оның территориясында жүздесіп тұрады", – деп жазады "ЭГ" басылымы.
80-жылдары ол төл ұйымын – "Ғажайыптар мен сиқырлар театрын" (Театр чудес и волшебства) ашпақ болады.
"Бұл әлемде теңдесі жоқ бірегей орынға айналуы мүмкін еді. Ғажайыптар дәл кіреберістен, табалдырықтан басталады. Билеттері арзан болады. Балаларымен бірге тынығуға келген отбасылар "Алисаның Ғажайыптар еліне" тап болуға тиіс еді. Барлық жерде сиқыр мен музыка. Иллюзионистер, арқанмен жүрушілер, басқасы. Мен шенеуніктер алдында сүріндім. 80-жылдары коммунистер тиісті ғимаратты бермекші болды. Үлгермеді, одақ күйреді, бүлік, былық басталды. Шенеуніктерге, олигархтарға қол жайып бардым. "Балалардың болашағына салымымыз болады, көмектесіңдер!" деймін. "Менің балаларым шетелде тұрады, сенің театрыңа баруы неғайбыл!" деген жауапты естідім", – дейді Акопян.
Ол банктерден несие алмақшы болыпты, бірақ ол кезде банктердің кредит үшін сұрайтын сыйақысы сұрапыл болатын. Салдарынан ісін дөңгеленте алмаған Амаяк труппасынан, шәкірттерінен, серіктерінен айрылып қалды. Бірі басқа театрларға, бірі шетелге кетті.
"Ол заманда мықты мектеп болатын. Арқанмен жүрушілеріміз – әлемдегі ең үздігі еді. Арқандағы эквилибр, клоунада, магия... Көрермен тік тұрып, қол соғатын. Қойылымнан кейін залда не орнайтынын енді елестете де алмайсыз, ол да бір сиқыр еді. Мен әлемдегі 65 мемлекетте қойылымдар қойдым. Біріккен Араб Әмірліктерінде көрермендер залын аралап кеттім, шаттана шауып жүрмін. Менің жүгіріп өткен жолымда шікірейген шейхтар сағаттары, баулары, әмиян-портмонесі, басқа бағалы заттары жоғалып кеткенін түсініп, сасқалақтап қалып жатты. Оларын кейін кері қайтардым, әрине. Бұл трюк қасына адам жолатпайтын шейхтарды есінен тандыра жаздады, шаттанып, мәз-майрам болды. Олар маған ілтипаты ретінде өз сұлуларын ұсынды, мұндай тартымды тарту-сыйдан бас тарттым", – дейді өткенмен өмір сүріп жатқан иллюзионист.
Ол мерейі үстем болып тұрған тұста тапқан табысының басым бөлігін мемлекетке тапсырғанын айтады.
Шың елінің бизнесмендері оның атынан "От Амаяка Акопяна" аталатын, фокус көрсетуге арналған шағын реквизиттер салынған қораптарды сатады. Акопян қытайлық инвестордан түсетін қаламақы тиын-тебен ("гроши") ғана екеніне мұң шағады.