Бір мезетте 150-ден астам кәсіпкер жұмыссыз қалды

Кәсіпкерлердің несиесі алты айға дейін шегеріледі.  

Бір мезетте 150-ден астам кәсіпкер жұмыссыз қалды

Қызылорда облысы Қазалы ауданында бір сәтте 150-ге жуық кәсіпкер жұмыссыз қалды. Оншақты күн бұрын аудан орталығы Әйтеке би кентінде болған алапат өрт бірнеше ірі сауда орталықтарын жалмап кетті. Кәсіпкерлер осы уақыт аралығында жергілікті билік тарапынан еш көмек болмады дегенді айтады. Несиелерін қалай төлерін білмей дал болған қазалылықтар мәселеге жоғары жақ араласып, қандай да бір өтемақы алып берсе екен деп отыр.

Қызылорда облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Р.Қайрақбаев өрт жайында былай дейді.

"Әйтеке би кентіндегі "Ер-Нұр" сауда базарының аумағында орналасқан "Нұр" асханасының шатыры, "Орынай" және "Ақбота" сауда үйлерінің жанып жатқаны жөнінде хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел жеткен қызметкерлер қосымша "Арзан" сауда үйіне, "Баян-сұлу" шаруашылық дүкеніне, "Азық-түлік" және "Теңел" дүкендеріне жалынның көшіп жатқанын анықтады. Тілсіз жау таңғы 11-де толығымен сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің жалпы ауданы 2018 шаршы метрді құрады. Бүгінде өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда. Оқиға кезінде жақын орналасқан "Тұмар", "Бурай" сауда үйлері мен "Ару-Илия" және "К-Мусаев" базарларына тілсіз жаудың таралуына жол берілген жоқ", – деді Р.Қайрақбаев.

Ірі сауда үйін жалмаған оқыс оқиға таңғы 8-дер шамасында болған. Көз алдында заттарынан айырылған кәсіпкерлер мұның барлығын алдын-алуға болар еді деген пікір айтуда.

Бір-ақ сәтте жұмыстары тұралап қалған саудагерлердің өрт сөндірушілерге деген өкпелері де қара қазандай. Себебі оқиға орнына жеткен төтенше қызметі өртті арықтағы сумен өшіріпті.

"Арнайы техникалары мен сулары толық болғанда 2 мың шаршы аумақ өртенбес еді. Өрт сөндіру көлігінің иә суы жоқ әкелген. Кейін әкелгенімен оның не керегі бар? Барлығы жанып болғанан кейін", – дейді ашынған кәсіпкер Зейнегүл Қожаева.

Ал, мамандар тілсіз жауды тоқтату үшін арықтан су алғандарын мойындады.

Бұл уәжге Қазалы аудандық №9 өрт сөндіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Жұмағұлов "Оған себеп өрт сөндіру гидранттарында базар аумағында рабочий қысымда су болмады. Арықтан су алдық. Енді не істейміз?", –  деп жауап берді.

Базарда сауда жасап, отбасын асырап отырған саудагерлер бір аптадан бері түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылған. Алапат өрттен сауда орындарының күлі көккке ұшып, түгі қалмаған. Оқыс оқғиғадан соң миллиондап шығынға батқандарға жергілікті билік "көмек береміз" деген екен. "Алайда, біршама уақыт өтсе де әлі еш қимыл жоқ" дейді тұрғындар.

"Жапа шегіп отырмыз осы өрттен, төтенше жағдай деп танып, біздің мына шығынымызды өтесін. Кредитімізді кешірсін, екі бастан кредитті кешіріп жатыр ғой жағдайы жоқ адам, деп. Осы тұрғанда бірміздің жағдайымыз жоқ. Нөл боп қалдық", – дейді жапа шеккендердің бірі Закида Ибадулла.

Ашынған халық аудан әкімдігіне жиналып, осы мәселені төтесінен қойған. Жергілікті билік өкілдері "қолымыздан келері қайырымдылық қорын ашып, басқа кәсіпкерлерден көмек сұрау", дейді.

"Шығынға ұшыраған кәсіпкерлермен аудан әкімдігінде арнайы жиналыс өтті. Түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Біздің тарапымыздан барлық көмектер болатын айттық. Мемлекеттік қызметкерлердің алды бір күндік ақыларын арнайы ашылған "Қазалы Игілік" қорына аударып жатыр. Бұл қордың жиналған қаржысына арнайы комиссия құрылып, ол қорға сол кәсіпкерлердің өздері мүше болады. Әкімдік тарапынан комиссия құрамында бір адам болмайды. Халық өз азаматтарымыз болғасын біз олардан ешқандай бөлінбейміз. Және кәсіпкерлердің несиелері 6 айға дейін шегерілетін болып банк басшыларымен келісілді", – деді Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап.

Ал әзірге кәсіпкерлер аяққа тұрам дегенше карантинде аяқталар.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу