Бір өкпесінен айырылған адамдар отбасын құрып, өмірге бала әкеле алады

10824

Оксигенотерапия – оттегінің жетіспеушілігінен айықтырады.  

Бір өкпесінен айырылған адамдар отбасын құрып, өмірге бала әкеле алады

Коронавирус инфекциясымен ауырған адамдардың қайсысы оңалту шарасынан өтуі керек, өкпе жұмысын қалай қалпына келтіруге болады, оксигенотерапия деген не, тыныс алу гимнастикасы не үшін қажет? Бұл сұрақтарға кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру департаментінің басшысы, профессор Сауле Қасенова жауап береді.
Маманның мәлімдеуінше, пациенттер аурудың ауырлығына қарай оңалтудан өтуге тиіс. 

"COVID-19 жеңіл түріне шалдыққан адам үшін (КТ мәліметі бойынша өкпе 30%-ға дейін зақымданған) қалпына келу 1 айдан 3 айға дейін және көп жағдайда дәрінің көмегінсіз өтуі мүмкін. Бұл ретте дәрігер пациенттің жағдайын (ентігу, тершеңдік, әлсіздік, жүрек соғысының жиілеуі) және талдаудың нәтижелерін бағалайды. Оңалту шараларына тыныс алу гимнастикасы, күн тәртібін сақтау, дұрыс ұйқы, саябақта жүру секілді өз бетінше орындай алатын жаттығу түрлері кіреді. Кей жағдайда жүрек соғысын азайту мен ентігуді басу үшін қосымша дәрі тағайындалады. Аурудың орта дәрежесінде, яғни өкпе 30-дан 50%-ға дейін зақымданған жағдайда, оңалту 6 айға дейін созылуы мүмкін. Жоғарыда келтірілген іс-шаралардан басқа, аурудан жазылып кеткен пациентке терапевт дәрігер немесе жалпы практика дәрігері қанды сұйылтатын препарат белгілейді. Қан кету сияқты кері әсерді ескеріп, препараттарды 45 күннен артық қабылдауға болмайды. Коронавирустың 3-ші деңгейімен ауырғанда өкпе 50-ден 75%-ға дейін зақымданады. Бұл жағдайда өкпемен қатар жүрек, бауыр, бүйрек, ми зақымданады. Сондықтан мұндай пациенттерді стационардан шыққаннан кейін пульмонолог, кардиолог, гастроэнтеролог, нефролог, невропатолог және психотерапевт бақылауға алады. Оңалту шарасына  кемінде бір жыл уақыт қажет", – деді Сауле Қасенова.

Дәрігердің айтуынша, вирус адамға тыныс алу жолдары арқылы кіреді. Ағзадағы тыныс алу және газ алмасу қызметін өкпе жүзеге асырады. Сырқат ауыр болған жағдайда өкпе 
қанды оттегімен қанықтыру қызметін  жоғалтып, функционалдық және құрылымдық өзгеріске ұшырайды. Адамда ентігу процесі басталып,  ағзаны микро немесе макротромбозға әкеледі.

"Аурудың күрделі түрін емдеу пациенттің стационарлық жағдайына қатысты мәліметтерді күн сайын, кейде сағат сайын бақылауды талап етеді. Өкпенің жұмысын қалпына келтіру үшін иммундық қабыну мен қанның қоюлануын емдеу қажет. Қалпына келтіру үшін емхана дәрігері немесе бейінді маманның бақылауымен дәрі тағайындалады", – деді Сауле Қасенова.

COVID-19 кезінде өкпе 100% зақымдануы мүмкін. Бұл туралы профессор: "Өкпе қатты зақымданғанда оның бөліктері тыныс алу жүйесінен ажырайды. Сол кезде өкпенің сақталып қалған бөліктеріне зақымданған бөліктер үшін де жұмыс істеуге тура келеді. Оңалту шараларының дер кезінде басталған кешені тыныс алу ағзасының қызметі мен құрылымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Егер өкпеде фиброзды тін жиналып қалған болса, онда пациентке оксигенотерапия жасау қажет. Бұл терапия ағзаның оттегімен қанығу процесін өтеуге көмектеседі. Тыныс алу ағзаларының резерві мен орын толтырушы мүмкіндігі жеткілікті екенін айта кеткім келеді. Түрлі себептермен бір өкпесінен айрылған адамдар жұмыс істеп, отбасын құрып, өмірге бала әкеле алады", – деді. 

Сауле Қасенованың түсіндіруінше, оксигенотерапия – оттегінің көмегімен емдеу. Ағзада оттегінің жетіспеушілігі болса, бастың ауруы, шаршау, дене қимылы мен ойлау белсенділігінің төмендеуі, иммунитеттің әлсіреуі белгі береді. Ағзада оттегінің жетіспеушілігін атмосфералық ауадан оттегіні бөліп шығаратын қондырғы, оттегі концентраторының көмегімен қалпына келтіруге болады. Концентрацияланған оттегі ингаляциясы КВИ ауырған барлық науқастарға емделу кезеңінде көрсетіледі, өйткені аурудың ең алғашқы көрінісі қандағы оттегінің пайыздық құрамын сипаттайтын көрсеткіш – оттегі сатурациясын төмендетеді. 

"Оксигенотерапия нәтижесінде науқастарда ентігу азаяды, жүрек, бүйрек, бауыр қызметі қалпына келеді, метаболизм өнімдерімен улану азаяды. Оттегі қоспаларымен қаныққан ингаляция сауығу процесін жылдамдатуға мүмкіндік береді. Бірақ баллонды оттегіні пайдалануға болмайды, өйткені оны пайдалану адам үшін қауіпті. Оттегі концентраттарында оттегіні жеткізу қауіпсіз жүзеге асырылады. Оттегімен демалу кезінде міндетті түрде ылғалдағышты  пайдалану керек. Мұрын канюлясының көмегімен жасалатын ингаляция жеке пайдаланылуға тиіс. Аппаратта уақытымен фильтр ауыстырылуы керек", – деді Сауле Қасенова. 

Маманның түсіндіруінше, коронавирус инфекциясымен ауырып шыққан науқастар терең тыныс алу кезінде қиындық сезінеді. Оларға дәрігерлер тыныс алу гимнастикаларының ең қарапайым кешендерін жасауға кеңес береді. 

"Бірден күрделі жаттығу жасауға болмайды. Мысалы, терең демалу, мүмкіндігінше ауаны 2-3 секунд ұстап тұру. Ерінді түтікше секілді жиюға болады. Екінші нұсқасы – ішпен демалу. Тыныс алу жаттығуларын денсаулық жағдайына қарай күніне бірнеше рет жасауға болады", – деді дәрігер. 

Кез келген ауру ағза үшін стресс. Сауығу үшін  адам ағзасына тағаммен келетін энергияны қалпына келтіру қажет. Осы турасында Сауле Қасенова: "Коронавирус инфекциясы кезінде жоғалған тәбет, иіс пен дәм сезіну қасиеттері қалпына келеді. Ас мәзіріне сорпа, ақ және қызыл ет, жеміс, көкөніс қосу қажет. Жаңғақ пен жасыл шөптерді пайдаланған дұрыс. Асқазан-ішек жолдарының асқынған аурулары болмаса, қымыз, шұбат секілді ұлттық сусындарды ішкен жөн", – деді.

Орта және ауыр деңгейде ауырған пациенттерде ауыру барысында депрессия өршиді. Коронавирус кезінде науқастың кеуде қуысы қысып ауырады. Аяқ астынан тыныс алуы ауырлайды. Осыдан қорқыныш пайда болады. Оттегінің жетіспеушілігінен қолдың дірілдеуі пайда болуы мүмкін. Осындай жағдайларда тыныштандыратын препараттар тағайындалады. 

"Тыныс алу гимнастикасының сабақтары топтарда 1,5 метр ара қашықтықты сақтай отырып жүргізіледі. Өз бетінше жүре алмайтындарға мейіргерлер палаталарда жаттығу жасауға көмектеседі. Ауыр сырқатқа шалдыққан адамдарда, әсіресе өкпенің жасанды желдетуі жасалғандарда нысаналы назар аудару, есте сақтау және дұрыс ойлау секілді функциялар төмендеуі байқалады. Бұл проблема бірнеше апта немесе айда жоғалады. Кей адамдарда ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Ми қызметін қалпына келтіруге дене қимылының жаттығулары көмектеседі. Жаттығу жеңіл болуы мүмкін, алайда онымен күнде айналысу керек. Жұмбақ шешу, кітап оқу, ақпаратты есте сақтау секілді жаттығулар жасау қажет. Қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатқан кезде монша мен саунаға барудан бас тартыңыз. Ауырғаннан кейін арқа мен өкпе өте сезімтал болады, сондықтан ағза қызғаннан кейін қандай да бір салқын тиетіндей болса, ол қайтадан пневмонияға әкелуі мүмкін. Науқасқа банкі мен қыша қағазын салуға болмайды. Сонымен қатар өзіне виброаккустикалық қол массажерының көмегімен арқаға массаж жасауға шектеу қойылады", – деді Сауле Қасенова. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу