Бір отбасы, қос жүлде

1575

Домрачева азаматының жеңісінен кейін туиттерге "Біздің суперпапа!" деген жазба қалдырды.

Бір отбасы, қос жүлде

Бұл күндері Аустрияның Хохфильцен қаласында биатлоннан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Әзірше отандастарымыз көңіл тоятын нәтиже көрсете қойған жоқ. Тіпті жарыс соңына дейін жүйріктерімізді алдыңғы саптан көрмеуіміз мүмкін. Өйткені  қарсыластар өте күшті.

Әйелдер арасында спринтте чех Габриэла Коукалова топ жарды. Біздің биатлоншылардың арасында үздік нәтиже Ольга Полторанинаға тиесілі. Ол мәре сызығын 37- нәтижемен қиып өтті, Коукаловадан 1:41,4 минут қалып қойды. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл аса жаман нәтиже емес. Ең бастысы  келесі күнгі із кесіп жарысу бағдарламасына қатысуға мүмкіндік берді. Ал спринтте Анна Кистанова – 41, Дарья Усанова – 51, Галина Вишневская 86-орында қалды.

Бұл тұста Усанова мен Вишневскаяның нәтижесіне ерекше назар аудардық. Екі спортшы санаулы күндер бұрын ғана Алматы универсиадасына қатысты. Вишневская екі бағдарламада топ жарды. Содан дереу әлемдік додаға аттанып, акклиматизациядан толық өтпей жатып жарыс жолына шықты. Оны былай қойғанда, әлем чемпионаты қарсаңында Қазақстан құрамасы орналасқан бөлмелер түгел тексеріліп, допинг дауының ұшы көріне бастады. Әзірше бәрі тыныш болғанмен, осының барлығы спортшының психологиясына жүк болары сөзсіз. Оның үстіне  Вишневская әлем чемпионатынан кейін дереу Жапонияның Саппоро қаласына – Азия ойындарына жол тартады. Ал бір құрлықтан екіншісіне, бір сағаттық белдеуден екіншісіне жиі ауысу қандай саңлақ спортшыны да қатты шаршататыны, тіпті қажытатыны сөзсіз.

Із кесіп жарысуда қазақстандық қыздардың ішіндегі ең жоғары нәтиже – тағы да 37-орын. Тағы да Ольга Полторанина үш қызымыздың (Усанова мен Кистанова да қатысты) алды болды. Бұл  әрине, тоқмейілситін жетістік емес. Бір жылдан кейін Оңтүстік Кореяның Пьенчан қаласында Ақ олимпиада өтетінін ұмытпайық. Қазіргі нәтижелер сол кезде кенет жақсарып кетеді деу тіпті әбестік. Сондықтан биатлоннан олимпиада жүлдесіне іліну өте қиын, тіпті мүмкін емес екенін қазірден-ақ болжай беруге болады.

Әйелдер арасындағы жарысқа жанкүйерлер қатты көз тікті. Өйткені дүниеге сәби әкелген үзілісінен кейін Сочи олимпиадасының үш дүркін чемпионы Дарья Домрачева (Беларусь) жарысқа оралған-ды. Спринтте 27-сатыда қалып қойса да, даңқты спортшы із кесіп жарысуда жұртты таң қалдырды. Ол мәреге екінші нәтижемен жетті. Демек  алдағы олимпиада да Домрачева қара көбейтуші емес, жүлделерге қол созушының бірі болатыны айдан анық.

Ерлер арасында отандасымыз Ян Савицкий бірсыдырғы өнер көрсетіп келеді. Ол спринтте 24-нәтиже тіркеді. Алғашқы ату кезегінде ешқандай қате жібермей, Ян алда келе жатыр еді. Алайда екінші ату кезегінде екі оғын далаға жіберіп, қосымша екі айналым жасады, сөйтіп, үздік 20 спортшы қатарына ене алмады. Із кесіп жарысу бағдарламасына біздің биатлоншылар арасынан жалғыз жолдама алған осы Савицкий ғана. Мұндағы көрсеткіші – отыз үшінші.

Ерлер арасында француз Мартен Фуркад ешкімді шақ келтірер емес. Ол спринтте қола жүлде алды, ал із кесіп жарысуда мәре сызығын үздік нәтижемен қиып өтті. Әсіресе норвег Оле-Ейнар Бьорндаленнің ерлігіне қатты сүйсіндік. Ол өткен қаңтар айында ғана 43 жасқа толды. Із кесіп жарысу сынында Бьорндален Фуркад пен Йоханнес Бөні ғана алға салып, қола жүлдені жеңіп алды. Даңқты биатлоншы 1997 жылдардан бері өзі қатысқан ірі сындардың бәрінде (әлем чемпионаттары мен олимпиадаларда) жеңіс тұғырына шықпай қалмапты. Оның әлемдік додаларда жеңіп алған медальдарының саны 45-ке жетті. Ең қызығы сол күні Бьорндален мен Домрачева отбасылық жеңіс тойын тойлады. Із кесіп жарысуда күміс медаль алған жарын Бьорндален туиттерде арнайы құттықтады. Домрачева азаматының жеңісінен кейін туиттерге "Біздің суперпапа!" деген жазба қалдырды.

Әлем чемпионаты ертең жеке жарыспен жалғасады. Одан әрі топтасып жарысу, эстафета және аралас эстафета өткізіледі.

Есіл Еркебай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу