Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот

1951

  "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға сәйкес 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) қызметі тоқтатылады. Оның орнына меншік иелерінің бірлестігі (МИБ) құрылады.

Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот

Бүгінге дейін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қолданысқа енді. Осы құжат аясында 20 нормативтік-құқықтық акті қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Біз көптің көкейіндегі ПИБ пен МИБ-тің айырмашылығы қандай, МИБ құрылғанда ПИБ жұмысын жалғастыра ала ма деген сауалдардың жауабын  "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" АҚ әдістеме және өңірлік даму департаменті басшысының орынбасары Марғұлан Әбдікәрімовтен білдік.

Маманның мәлімдеуінше, МИБ – тұрғындар құратын коммерциялық емес ұйым. Ол пәтер иелері кооперативінен тұрғындардың өз үйлерін өздері басқаруымен ерекшеленеді. Бұл форма меншік иелерінің өз үйлерін күрделі жөндеуге қаражат жинақтауына, қаражаттың түсуі мен ақшаның мақсатты жұмсалуын қадағалауға мүмкіндік береді. Аталмыш ұйымның жиналысында пәтер иелері 3 жылға көппәтерлі тұрғын үй кеңесі мен ревизиялық комиссия құрамын сайлап, 1 жылға бірлестік төрағасын тағайындайды. МИБ жиналысына меншік иелерінің кемінде 51%-ы қатысуы керек. Шешімді кем дегенде 26 пәтер иесі қолдауға тиіс. МИБ төрағасына жалақы төленеді. Жалақыны тұрғындар бекітіп, тұрғындар төлейді. Төрағаны тұрғындар арасынан сайлауға болады. Төраға меншік иелерінің бірлестігін заңды тұлға ретінде тіркейді және қызмет көрсету ұйымдарымен келісімшарт рәсімдейді.

"МИБ атынан есепшот ашылады. Қызмет көрсеткен ұйымдарға акті бойынша ақы төленеді. Меншік иелері бірлестігінде пәтер иелері өз қаражаттарын өздері басқарады. Яғни ақша қайда, қалай жұмсалып жатқанын біліп отырады. Себебі МИБ-та бір үй – бір бірлестік – бір есепшот болады. Ал ПИК кейде бір емес, бірнеше пәтерге иелік ететін. Ақша ортақ есепшотқа жиналатын. Тұрғындар қаржының қай үйге жұмсалып жатқанынан бейхабар болатын", – деді Марғұлан Әбдікәрімов.

Оның айтуынша, пәтер иелері кооперативтеріне 2022 жылғы 1 шілдеден  кейін қызметін жалғастыру құқығы берілген. Бұл үшін ПИК басқарушы компания немесе сервистік ұйым ретінде қайта құрылуы керек. Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері басқарудың 2 формасының бірін таңдауға тиіс. Оның бірі тұрғын емес үй-жайдағы пәтер иелері құрған заңды тұлға – мүлік иелерінің бірлестігі, екіншісі заңды тұлға құрмай, пәтерлердің және тұрғын емес үй-жайлардың барлық иелерін тікелей бірлесіп басқаратын – қарапайым серіктестік.

Нақтылай кетейік, кондоминиум нысанын басқарудың 2 нысаны да "Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот немесе серіктестік - бір есепшот" қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу