Бір үйір жылқысы өртеніп кеткен ақсақал мемлекеттен көмек сұрайды (Видео)

Балқаш маңындағы өртте шаруаның 2 қожалығы да күлге айналған. 

Бір үйір жылқысы өртеніп кеткен ақсақал мемлекеттен көмек сұрайды (Видео)

Бұған дейін жаңалық жаршылары хабарлаған Балқаштағы өрт 10 сәуірде басталып, 16 сәуір күндері ауыздықталды. Қураған шөптердің тұтануынан шыққан жалын нақты қанша аумақты шарпығаны белгісіз. Төтенше жағдайдан келген шығын мен өртке оранған аумақ от өшірілгеннен кейін есептеле бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерлан Ахашовтың айтуынша Балқаш жағалауындағы жалынды сөндіруге 94 маман мен 6 арнайы техника, Бақанас пен Күртінің орман шаруашылығы және "Қазавиаорманқорғау" қызметі де жұмылдырылған.

"Аумақта қураған шөптің қалың болуынан техника жүре алмай өртті сөндіру қиын болды. Жалпы шығын көлемі анықталуда", – деді ТЖД бастығының орынбасары. 

Бір анығы қазір Балқаш маңындағы шаруалардың жайы мәз емес. Тілсіз жаудан екі балық аулау аймағы күлге айналып, ондағы 6 коттедж бен 6 моторлы қайық та жанып кеткен. Кейін өрт Желтораңғы ауылдық округіне де жеткен. Мұнда алдын ала мәлімет бойынша 5 шаруа қожалығы өртеніп кеткен. Солардың қатарында Құрыш Жайлыбаевтың екі қожалығы бар. Ақсақал жалын жақындағанда техникасын ғана арашалап қалуға шамасы жеткенін айтады. Ал қора-жай мен ірі қаралары өртеніп кеткен көрінеді. 

"4-ші күні тілсіз жау ауыздықталмай біздің ауылға таяды. Жанымыздағы орман шаруашылығы мекемесінде жұмыс істейтін 10 адам ғана бар техникасын іске қосып, көмектесуге тырысты. Бірақ олардың шамалары жетпеді. Ал басқа техникалар, құтқарушыларды көрмедік. Неге қосымша күш тартылмағанын түсінбедім. Сол күндері қатты жел тұрды. Өмір бойы жұмыс істеп келе жатқан 2 шаруа қожалығым әп сәтте өртеніп кетті. Тек арнайы техникаларымды құтқарып қалдым", – дейді шаруа. 

Құрыш ақсақалдың шаруа қожалығынан бөлек 1 үйір, яғни, 14 бас жылқысы, 150 бума шөбі, 60 бума жоңышқасы өртеніп кеткен. 

"Өрттен қаншама халық зардап шекті. Олар кімге барып көмек сұрарын білмей отыр. Желтораңғы ауылының әкімі, әкімшіліктен адамдар келген жоқ. Өзім барып кеңес сұрап едім, мамандарды жіберетінін айтты. Білуімше, учаскелік полиция келіп акт толтыру керек. Келтірілген залалды тізімдесе деймін. Осы 800 гектер жерде 1975 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысамын. Бірақ ешбір мүлкім сақтандырылмаған. Бірақ құжаттары бар. Мемлекеттен көмек беріле ме? Соны да анықтап, жанымыздағы шаруаларға көмектессек деймін. Менің 13-14 бас жылқым, көрші шаруалардың күнін көріп отырған қаншама ұсақ малы өртенді", – дейді Құрыш Жайлыбаев. 

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алматы облысы бойынша Агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің басшысы Әділ Қасқарауов өрттен жапа шеккен шаруалар әкімдікке өздері хабарласуы керек екенін жеткізді. Оның айтуынша сақтандырылмаған мүлікке мемлекет тарапынан арнайы көмек қарастырылмаған. Алайда жергілікті атқарушы билік өздері көмек қолын созуы мүмкін.

"Мүлікті сақтандыру деген болады. Осындай жағдайларда сақтандырылған мүлікке өтемақы төленеді. Ал сақтандырылмаған мүлікке мемлекет тарапынан көмек қарастырылмағаны рас. Бірақ әкімдік өздері жәрдемдесуі мүмкін. Сонымен қатар ірі қаралары өртеніп кеткен шаруалар "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы бойынша шаруашылықтарын қалыпқа келтіру үшін 6%-бен жеңілдетілген несие ала алады. Жоба аясында жер көлеміне байланысты 750 млн теңгеге дейін несие беріледі", – дейді Агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің басшысы. 

Әділ Қасқарауовтың айтуынша несие сомасы 3 гектарға 1 бас ірі қара деп есептеледі екен. Сонымен қатар "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша да несие алуға болады. 

"Қарыз 10 жылға, несие мерзімінің үштен біріне тең каникулмен беріледі. Пайыздық мөлшерлемесі 15%. Оның 10%-ын мемлекет, 5%-ын шаруа төлейді", – дейді "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі. 

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу