"Бір жарым жылда Ресей жаңа заманға сай соғысуға үйреніп алды"

2609

Бұл армияны тізе бүктіру Украина мен Батысқа енді оңайға түспейтін түрі бар. 

"Бір жарым жылда Ресей жаңа заманға сай соғысуға үйреніп алды" Фото: rutube.ru

"Қазіргі заманғы Ресей әскері – кеңес кезіндегі, классикалық үлгідегі Қызыл Армия. Ресей жалпы әскери бөлімшелердің күшімен Киевті алуға тырысты. Бірақ олар – жүрісі шабан, ісі шалағай нәрселер. Спутниктік түсірілімдер арқылы олардың колонналары 65 шақырымға созылып келе жатқаны анықталды. Ауыр техникалары ебедейсіз, көп отын тұтынады. Жауынгерлері орталықтың ерік-жігеріне тым тәуелді, командир не айтады деп жалтақтайды. Қолбасшысынан көз жазып қалса болды, өз бетімен жөнді соғыс сала алмай, тым-тырақай қашады. Дербес шешім қабылдай алмай, үйіріліп тұрып қалатын "отарға" ұқсап кетеді. Сондықтан армия үлкен топ болып жүреді, ал ондай топтарға дәл көздемей-ақ тигізуге болады. Украина Қарулы күштерінің оларды мыңдап жойып жатқаны да содан", – деді былтырғы наурызда берген сұхбатында Украина Президенті кеңсесі басшысының сол кездегі кеңесшісі Алексей Арестович.

Бұл ішінара шындыққа жақын еді. Басында РФ әскері нашар соғысты. Басқыншының армиясы логистика, соның ішінде тамақ, керек-жарақ, оқ-дәрі және басқасын тасымалдап, әскерін қамтамасыз етуде қалпымен қиындықтан көз ашпады. Кеңес кезіндегі ескі карталарды пайдаланды. Қарулы күштерінің әскер түрлері өзара үйлесімде қимылдамады. Сардарларының, әсіресе, орта буындағы басшыларының кәсіби біліктілігі кемшін болды.

Нәтижесінде, қарулануы, авиациясы, артиллериясы, әуе қорғанысы, жабдықталуы және басқасы жөнінен жауына қарағанда нашар болғанына қарамастан, Украина жауынгерлері жанқиярлық ерлік көрсете отырып, дұшпанын елдің үлкен бөлігінен түре қуды. РФ әскері өзі басып алған Киев, Сумы, Миколаев, Чернигов, Харьков облыстарын және Херсон, Запорожъе облысының бір бөлігін тастап шығуға мәжбүр болды.

Дегенмен, халықаралық сарапшылардың пікірінше, былтырғы 24 ақпанда басталған кең ауқымды соғыстың 562 күнінде РФ армиясы жаңа заман талабына сай соғысуға үйренді.

Foreign Affairs талдауынша, біріншіден, ресейлік радиоэлектронды күрес (РЭК) кешендері жақсырақ жұмыс істей бастады. Салдарынан, украиналық беспилотниктерді, камикадзе дрондарды нысанасына және мақсатына жеткізбей, шетінен құлатып түсіруде. Мәскеу РЭК-ті 2014-2015 жылдары Сирияда және украиналық Донбаста табысты қолданды, сөйтіп қарсыласын тырп еткізбей тастады. Алайда өткен жылдың басында үлкен шапқыншылығын бастағанда, ресейлік радиоэлектронды күрес кешендері майдан даласынан жоғалып кетті. Осыны пайдаланған Украина армиясы РФ әскерінің бірнеше шақырымдық колонналарын әуеден, түріктің "Байрақтар" беспилотниктері арқылы аяусыз талқандады.

Бүгінде ресейлік РЭК майдан даласында тегеурінді жұмыс істеп тұр: украиналық радарларға жаудың атыс жүргізген әуе қорғанысы жүйелерінің орнын анықтауға мүмкіндік бермейді, барлауға қиындық келтіруде, украиналық навигация мен байланыс жүйелерін тұншықтырады.

Украинаның бұрынғы ішкі істер министрі, бас прокуроры, соғысқа ерікті түрде қатысқан ардагер Юрий Луценконың айтуынша, қазіргі кезде орыстың РЭК-і салдарынан күніне 2–3 дрон құлатылады.

"Бастапқыда олар пилотсыз ұшатын аппараттарды атыс қаруымен атып құлататын, антидрон қаруымен тұтып, қондыратын. Ал енді орыстың РЭК-і келді: өте салмақты, қуатты, тиімді нәрсе. Арасында көлікке қондырылған алып аппараттары бар, оларды біз Хаймарстармен талқандадық. Олардың орнын шағындары басты. Сонымен қатар "окоптық күмбез" деп аталатындары қолданылуда: олар 50 метрді қамтиды. Біздің тәжірибелі ұшқыштарымыз ресейлік "радиоэлектронды жаншуға" төзіп, саңылауын, амалын тауып, сыналап еніп, соққы беріп жүр. Олармен күрестің басқа да толып жатқан құпиялары бар, бірақ оны айта алмаймын. Өз кезегінде жау бізді "Ланцеттерімен" соққылауда. Ол камикадзе дрондары 3–5 келі жарылғыш зат алып, 40–70 шақырымға дейін ұшады. Одан шығын көрген артиллериямыз тосқауыл қою тәсілдерін талап етуде. Украина бүгінде төл РЭК-ін дамытумен белсенді айналысуда. "Ланцеттер" ұшып жетпеуі үшін оларды құлатудың тиімді құралын табуымыз қажет. Украиналық РЭК басқа әскери инновациялық өндірістерден әзірге арттап қалып тұр", – деді Юрий Луценко.

Екіншіден, енді Ресейдің басқару орталықтары анағұрлым жақсы қорғалған. Әйтпесе, бұрындары Украина армиясы жауының қаншама штабын сондағы биік лауазымды қолбасшыларымен, генералдарымен бірге жойып жіберді.

Қазіргі кезде ресейлік басқару орталықтары, штабтары алғы шептен, қарсыластың әскерімен түйісетін майдан сызығынан көп аулақтатылды. Олар мықты бекіністермен нығайтылды, барынша терең көмілді. Сонымен бірге әскери бөлімшелер, командалық пункттер арасындағы телефон байланысы да жақсартылды. Қауіпсіз спутниктік радиобайланыс сыртында стационарлы, кабелді байланыс тартылған.

Үшіншіден, соғыстың басында Ресей 500–700 жауынгерден құралған, шағын танктер тобы мен артиллериясы бар батальондық-тактикалық топтармен (БТП) ұрыс жүргізді. Енді Мәскеу БТП-лардан бас тартып, оларды қайта құрды. Олардың орнына артиллерия мен жаяу әскердің мамандандырылған бригадалары құрылды. Нәтижесінде, танктердің, артиллерияның тұтасқан қолы Украина армиясына үйлесімді түрде, үстемелете соққы беруде. Бұл жаяу әскердің элиталық бөлімшелері арасындағы шығынды қысқартуға мүмкіндік беріпті.

Төртіншіден, Ресей бір жарым жыл ішінде майдан даласында тәжірибе жинақтаған, тісқаққан, білікті артиллеристерін даярлап шықты. Олар да украиналық әріптестері сияқты барынша дөп тигізеді. Бұрын Ресей артиллерияны жаппай әрі бейберекет қолданатын. Мәселен, соғыстың алғашқы айларында тәулігіне 40 мың снаряд шығындайтын болған. Яғни, бүкіл майдан даласын қызыл шоқтай қызған табаға айналдыруға тырысатын. Бұл ақыры оқ-дәрінің тез таусылуына және майдан даласында "снаряд тапшылығының" туындауына соқтырды.

Бүгінде РФ әскері снарядтарды барынша үнемдеп, ұқыпты, ұтымды жұмсайды. Сол үшін нысанаға дәл тигізуге тырысады.

Ендеше биылғы маусым айының басында бастау алған Украинаның қарсы шабуылының кібіртіктеп, баяулап қалуына тек қару жеткізілімін кешіктірген және қуаттырақ, заманауи әскери техникаларын бермей отырған Батыс қана кінәлі емес. Бұған Ресей армиясының қазіргі заманғы соғыс өнерін меңгеруі де себепкер.

Бірақ халықаралық сарапшылардың байламынша, Ресейдің бұл соғыста жеңілуіне ықпал ететін көптеген факторлар бар. Олардың көбі басты бір айырмашылықтан тамыр тартып жатыр: Украина – демократия, ал Ресей – диктатура. Бұл армияға да әсер етеді. Украиналық әскерилер майдан даласындағы іс-қимылда тактикалық еркіндікке ие. Тіпті командир өз жауынгерлерін сақтау үшін қажет деп тапса, шегініп кете алады.

Ресей әскері еркіндіктен жұрдай деуге болады. Онда шегінгендерді оқ жаудырып қарсы алатын бейресми "кедергі жасақтары" әрекет етеді.

Ресейлік сарапшы, Қаупсіздік және жаңа технологиялар орталығы директорының талдау жөніндегі орынбасары Маргарита Қонаеваның пікірінше, РФ армиясында бастама білдіру, немесе қолға түскен әскери ақпаратты өзгелермен бөлісу деген әдет жоқ. Бұл іс тіпті ынталандырылмайды. Бұған қоса, қолбасшылар жауынгерлік құрамға сенім артпайды. Сондықтан мұның бәрі құрылымдық проблемаға айналған. Оны өзгерту үшін РФ Қарулы күштерінде радикалды реформа жүргізу қажет болады. Ондай ауқымды реформа таяу мерзімде күтіліп отырмаған көрінеді.

Ал осы кезде, Foreign Affairs жазуынша, украиналық Қарулы күштер жаңа технологияларды, тың ұрыс тәсілдерін жылдам енгізіп, осы қабілетін ары қарай ұштап жатыр. Саны мен қаруы жөнінен бірнеше есе көп дұшпанды тек осылай ғана жеңуге болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу