Бір жыл кешіккен трамвайлар енді келе бастады

2714

Павлодар көшелерінде қатынайтын жаңа трамвайлардың саны төрт вагонмен толықты.

Бір жыл кешіккен трамвайлар енді келе бастады

Елімізде трамвай байланысы Өскемен және Павлодар қалаларында ғана бар. Павлодарда қоғамдық көліктің бұл түрі 20 бағыт бойынша қатынап, күніне шамамен 45 мың жолаушыны тасымалдайды.

"Трамвай басқармасы" акционерлік қоғамы тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау үшін 2017 жылы ауқымды жаңғырту жобасын қолға алған болатын. Бұл жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландырды. Атап айтқанда, жаңғыртуға 2,7 млрд теңге бөліп, оған Беларусь еліндегі "Белкоммунмаш" акционерлік қоғамынан 23 трамвай сатып алу жоспарланған еді. Айта кетейік, бір трамвайдың құны 109 млн теңге деп бағаланды. Бірақ, түрлі кедергілерге байланысты шетелдік кәсіпорын вагондарды жеткізу мерзімін қайта-қайта кейінге шегере берді.

Айталық, су жаңа трамвайдың алғашқы легі 2017 жылдың қазан айында жеткізіледі деп жоспарланғанмен, сол жылдың желтоқсанында жалғыз ғана вагон келді. Тағы 9 вагон өткен жылдың басында көлік паркін толықтырды. Осылайша, алғашқы лектің жұмысы тоқтады.

Ал "Қалған 13 трамвайды 2018 жылдың шілде айына дейін әкелеміз" деген кәсіпорынның уәдесі тым ұзаққа созылып кетті. "Белкоммунмаш" басшылығы тапсырысты уақытылы орындай алмауын былтыр былай түсіндірген еді:

"Аукционда көрсетілген техникалық тапсырысқа сәйкес, трамвай вагондарын құрастыру кезінде тек бір өндіруші – Псков электр-көлік құрылысы зауыты шығаратын қозғалтқыштар қолданылуға тиіс. Бұл зауыт қазіргі уақытта әскери өндіріс пен ресейлік көлік шығарушылардың тапсырыстарын орындауда. Қозғалтқыштардың уақытылы жеткізілмеуі салдарынан трамвай вагондарын Павлодарға жөнелту мүмкін болмай тұр".

Кейін белгілі болғандай, бұл мәселеде тек шет елдің кәсіпорны кінәлі емес екен. Павлодар қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі субсидия ретінде бөлінуге тиіс қаржы көлемін өткен жылдың желтоқсан айында ғана нақтылаған. Ал вагондарды жеткізудің екінші кезеңі мемлекеттік қазынадан қаржы қарастырылған соң ғана басталады. Демек, жергілікті биліктің де жеберген кемшілігі бар.

Осылайша, Трамвай басқармасын жаңа вагондармен жабдықтау ісі түрлі себептермен сағызша созылып кетті. Өткен жылдың шілдесінде басталуға тиіс болған екінші лек осы айда ғана қайта жанданды. Дәлірек айтқанда, осыдан бірнеше күн бұрын Беларусь астанасы Минск қаласынан 4 жаңа трамвай жеткізілді.

"Павлодарлықтардың жаңа вагондарды күткеніне біраз уақыт болғаны рас. Көпшілік заманауи, ыңғайлы трамвайлармен қатынағанды ұнатады. Бұған дейін қала көшелерінде 10 жаңа трамвай қатынаса, енді олардың қатары 4 вагонмен толықты. Жоспар бойынша маусым, шілде, қыркүйек айларында екі трамвайдан, ал тамызда 3 трамвай жеткізіледі. Сөйтіп, жаңғырту жобасы толығымен аяқталады", – дейді "Трамвай басқармасы" АҚ төрағасының экономика жөніндегі орынбасары Виталий Сирик.

Айта кетелік, бүгінде Трамвай басқармасында 104 вагон бар. Бір ауысымда жолаушыларға 140 жүргізуші мен 140 кондуктор қызмет көрсетеді.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу