Бір жылда болған үлкен бес өзгеріс

1161

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бір жыл ішінде елімізде болған бес өзгерісті атап көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz

Бір жылда болған үлкен бес өзгеріс Фото: google.com

Былтыр 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді саяси жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын ұсынды. Содан бергі бір жылға жетпейтін уақытта бұрын-соңды Қазақстанда болмаған кең көлемді өзгеріс жасалды, деп жазды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желіде.

Біріншіден, 1995 жылдан бері алғаш рет жалпыұлттық рефендум өтті. Халқымыз конституциялық реформаға қолдау білдірді. Ата Заңдағы тоғыз тараудың сегізіне, 98 баптың 33-іне түзету енгізіліп, басты құжаттың үштен бірі жаңартылды. Сондай-ақ 7 конституциялық заңға, 15 кодекске және 29 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Екіншіден, жаңа саяси реформалар қолға алынды. Енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет сайланады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы саяси партияның мүшесі бола алмайды. Парламент пен мәслихаттарды жасақтау тәртібі өзгерді, олардың өкілеттігі күшейді. Конституциялық сот құрылып, жұмыс істей бастады.

Бұл ретте аталған сот мүшелерінің өкілеттік мерзімі Президент пен Парламент депутаттарына қарағанда ұзағырақ болады. Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Нәтижесінде екі жаңа партия тіркелді. Осылайша, мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісі қалыптасып, билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнады.

Үшіншіден, маңызды мемлекеттік институттарды жүйелі түрде қайта құру үдерісі аяқталып келеді. Президент және Сенат депутаттарының сайлауы өтті. 19-наурызда жаңа аралас жүйе (партиялық тізім мен бір мандатты округтер) бойынша Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттары сайланады.

Төртіншіден, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы да өзгерді. Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшті.

Бесіншіден, мемлекет пен азаматтық қоғам арасында сындарлы әріптестік орнату жұмысы жалғасты. Бабалар жолымен Ұлттық құрылтай шақырылуын осы бағыттағы ілкімді істердің дәлелі деуге болады. Оның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті, екінші отырысы киелі Түркістанда өтеді.

Қорыта келе, Мемлекеттік кеңесші, ең бастысы, Президенттің бастамасымен іске асқан саяси реформалар ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту үдерісіне тың серпін бергенін атап өтті. Сондай-ақ, азаматтардың белсенділігін арттыруға және олардың елімізді жан-жақты дамыту ісіне атсалысуына жол ашты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу