Бірнеше облыс "теңіз" астында қалуы мүмкін

66658

Парламент депутаты Премьерден апаттың алдын алуды сұрады.

Бірнеше облыс "теңіз" астында қалуы мүмкін

Сырдарияның бастауында орналасқан Қырғызстанның 284,3 шаршы шақырымға созылып жатқан алып Тоқтоғұл су қоймасы кезінде мықты қорғалатын, онда ауқымды күзет тобы тұратын. Қазіргі кезде оны қорғау бір-екі күзетшіге жүктеліпті деген дерек бар.

Халықаралық маңызға ие стратегиялық нысанның терроризмге қарсы қорғалуы әлсіремегені дұрыс. Бұл туралы бүгін Мәжіліс депутаты, "Nur Otan" фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл Фейсбуктегі парақшасында жазды.

Осының алдында ол Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдаған болатын.

"Құдай сақтасын, бірақ мамандардың дерегінше, бұл ғаламат су қоймасының бөгені жарылса, Қазақстанның бірнеше облысына тасқын су, тіпті "теңіз" астында қалу қаупі төнеді. Демек, салдары Мақтааралдағыдан бірнеше есе ауыр болар апаттың алдын алу үшін Қазақстан көпжақты келіссөздер аясында орталықазиялық көршілерімен бірге осындай су қоймаларының қауіпсіздігіне талдау жасап, террористік шабуылға қорғанысы осал болса, оны нығайтудың бірлескен шараларын қарастырғаны жөн", – дейді мәжіліс өкілі.

Оның айтуынша, Орталық Азияда кезінде су шаруашылығының бірыңғай кешені болды, бірақ КСРО-ның ыдырауымен бірге аймақтық су жүйесін ортақ басқару жүйесі жойылды. Кеңес одағы келмеске кетті, оны аңсамаймыз. Ал аймағымыздағы су шаруашылығын бірлесе, үйлесімді, ынтымақтаса басқаруға қайта көшкеніміз жөн.

Б.Смағұл депутат ретінде биылғы тамыз айында Түркістан облысының Мақтаарал ауданына екінші рет сапарлап қайтыпты. Бұдан бұрын ол мамыр басында Өзбекстанның "Сардоба" су қоймасында бөгеттің бұзылуы салдарынан аудан су астында қалғанда барған. Оның мәліметінше, Қазақстан халқы мен ел Үкіметінің пәрменді көмегімен тасқын басқан ауылдар қалпына келуде. Дегенмен, оларды аралау кезінде және сала мамандарымен әңгімелесу нәтижесінде қосымша біраз мәселені анықтапты. Оның кейбірі бұрыннан қордаланса, бірқатары су басу салдарынан туындады. Бұларды шешу болашақта ұқсас, тіпті одан да зор апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.

"Кеңес Одағы кезінде Орталық Азияда болған су шаруашылығы кешенін ортақ басқару жүйесі жойылды. Қазіргі кезде көршілердегі Сырдария бойындағы су қоймаларының жағдайы, бұл нысандардың террорлық шабуылдан қорғалу деңгейі бізге белгісіз. Көп мәселесі құпия. Мұндай белгісіздік салдары Мақтааралдағыдан бірнеше есе ауыр болар апатқа әкелуі мүмкін. Атап өтер жайт, биыл Өзбекстанның Сардоба су қоймасының бөгеті биіктеу жерінен бұзылды. Егер ол терең жерінде жарылғанда Қазақстанға келген шығын әлдеқайда зор болуы ықтимал еді. Себебі, Сардобада 922 млн текше метр су жиналған. Биылғы апатта соның 300 млн текше метрі бізге қарай ағындады", – дейді депутат.

Бақытбек Смағұл өңіріміздегі су-энергетика саласында қордаланған мәселені тек бірге шеше алатынымызға сенімді. Бұл үшін өзара жауапкершілікті қарастыратын мемлекетаралық деңгейдегі жаңа құқықтық база қажет.

Бұдан бөлек, Өзбекстанның Сардобасынан ағындап келген су Мақтаарал ауданының "Нұрлы жол" ауылы секілді кейбір елдімекенінің айналасында тоқтап, тұйық суға айналды. Күннің ысуымен бірге ол су бұзылып, батпаққа айналып, күлімсі иісі қолқаны ататын күйге жеткен-тін. Сонымен бірге ол жергілікті тұрғындар мен төрт түлік мал тұтынатын таза ауыз суды бүлдірді. Тасқын су аудандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарын төмендетіп жатыр. Уақытылы шара қабылдамаса, ертең ол жерлер Арал теңізінің табанындай жарамсыз сортаңға айналуы мүмкін. Мақтаарал ауданында жерасты сулары беткі қабатқа өте жақын орналасқан. Оған Сардобадан келген тасқын су қосылып, шамамен 9,5 мың гектарда тұзды сор жер бетіне көтерілді. Бұл мәселені шешу үшін тік дренаж жүйесі ретке келтірілуі керек.

Сондықтан Бақытбек Смағұл Үкіметке бірнеше ұсыныспен шықты.

"Біріншіден, болашақта суға қатысты табиғи және техногендік ірі апаттың алдын алу үшін Қазақстан орталықазиялық көршілермен бірге Мемлекетаралық комиссия құрып, осындай су қоймаларының қауіпсіздігіне талдау жасауы, террористік шабуылға қорғанысы осал болса, оны нығайтудың бірлескен шараларын қарастыруы керек. Екіншіден, биылғыдай халықаралық апат қайталанбауы үшін көрші мемлекетке қауіп келтіруі ықтимал ірі нысандарды салу кезінде Орталық Азия елдері өзара келісіп, жобада қауіптің алдын алатын және салдарларын жоятын шараларды қарастырғаны жөн", – деді Б.Смағұл.

Үшіншіден, ОА елдері арасында Сырдария мен Әмудария секілді трансшекаралық суларға қатысты барлық мәселелер бойынша түпкілікті мәмілеге келіп, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан арасында төртжақты ортақ келісімшарт бекітілуі керек. Бұл халықаралық құжатта суды пайдалану; су қоймасын және бөгенді салу жобасын бірлесе сараптамадан өткізу; апат болған жағдайда бірлескен шаралар жүргізу; осы стратегиялық объектілерді күзету және террористік шабуылдан қорғау мәселелері көрініс табуға тиіс.

Бақытбек Смағұлдың пікірінше, бұл ретте 2018 жылғы тамызда Ақтауда 5 мемлекет қол қойған "Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция" жақсы үлгі бола алады.

Төртіншіден, Мақтаарал ауданының су басқан елді мекендерін ағынды судан құрғату, жерасты суларын және сорды төмендету үшін тік дренаж тәсілін қолданып, бұрғылау ұңғылары жүйесін жасау маңызды. Бұл жұмыстар биыл қолға алынуда. Бірақ оған ары қарай қуатты қолдау қажет. Бұрындары қыруар ел қаржысы шығындалып, тік дренаж жүйесі жасалыпты, алайда оны ары қарай ұстап тұруға қаржы бөлінбегесін, қазіргі уақытта көбі істен шыққан. Оның істейтінін жөндеп, жойылғаны орнына қайта қазу керек. Сонда алтын қорымыз саналатын суармалы жерлер қалпына келеді, жергілікті аграрлық сала дамиды.

Бізге берген сұхбатында Мәжіліс депутаты аудан әкімдігінен алғызған деректерді келтірді. Ресми мәлімет бойынша Мақтаарал ауданында 339 бірлік тік дренажды ұңғыма бар екен, оның 133-і жұмыс істеуде.

"Ауданымызда жыл соңына дейін 209 тік дренаж қызмет көрсетуге толық дайын болады. Қалған 130-ына 2021 жылы жөндеу жүргізіледі. Тік дренажды ұңғымалар тегіс республикалық меншікке өткізіліп,

"Қазсушар" РМК филиалының Тік дренажды ұңғымалар өндірістік бөлімшесінің балансына берілді. Осы мекеме қызмет көрсету мәселесін шешіп, тұрақты бақылау орнатты", – деді әкімдік.

Жалпы, Мақтаарал ауданында ұзындығы 1 мың 152 шақырымды құрайтын 529 канал, сондай-ақ 802 шақырымдық 287 су қашыртқысы бар. Соның ішінде 792 шақырымдық 223 арна, 583 шақырымдық 208 қашыртқы күрделі жөндеуден өтеді. Әкімдік дерегінше, бүгінде құрылыс жұмыстарын әзербайжандық "Akelik Group", ирандық "Tunnel Sadd Ariana", израилдік "Tahal Consulting Engineers" қарқынды жүргізуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу