Бірнеше өңірдің жылу жүйесінде апат саны артуы мүмкін

5739

Кейбір жерде жылу-электр орталықтарының тозу деңгейі 90 пайызға жеткен, деп жазады Inbusiness.kz

Бірнеше өңірдің жылу жүйесінде апат саны артуы мүмкін

Энергетика министрлігінің "Жылу-электр энергетикасын дамыту" бюджеттік бағдарламасы жобасына сәйкес, нысаналы даму трансферттері түрінде өңірлерге 2020 жылы 30 млрд 426,8 млн теңге бөлінген. Биылғы жылы шығын өсіп, 23 млрд 843,9 млн теңгеге дейін жеткен көрінеді. Ведомствоның түсіндіруінше, бұл қаражат "ел экономикасының жылу және электр энергиясына өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етуге" жұмсалуда.

Сондықтан осы салада кешенді саясат қалыптастыру қажет деген шешім қабылданып отыр.

Президенттің көмекшісі болған тұста Әлихан Смайылов (қазір ол бірінші вице-премьер) 2018 жылғы 25 мамырда "Жылу энергетикасы туралы" заң қабылдау туралы бастама көтереді. Оның байламынша, жылу энергетикасы саласындағы қызметті реттейтін жеке, салалық заң керек. Бұл бастамаға негіз – саладағы алпауыттардың технологиялық және өзге талаптарды сақтауы үшін жауапкершілігін күшейту қажет. Әйтпесе мұның соңы апатқа әкеліп, ал бұл "шұғыл континенталды климатта орналасқан, жазы аптап ыстық, қысы қатты суық Қазақстанда халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін" (ресми негіздеме).

Бүгінде республикада жылу энергетикасы саласын реттейтін жөнді заң да жоқ. Сала мәселелері "Электр энергетикасы туралы" заңда ішінара көрініс тапқан, бірақ онда барлық аспекті қамтылмаған. Сол себепті Ә. Смайыловтың идеясы қолдау табады. Әйткенмен, әртүрлі себептермен дер кезінде жүзеге аспаған. Үкімет осы мәселеге енді қайта оралып отыр. Энергетика министрлігі "Жылу энергетикасы туралы" және оған ілеспе заң жобаларының тұжырымдамасын әзірледі.

Жасыратыны жоқ, саланың ахуалы аянышты. "ҚР жылу электр станциялары мен қазандықтардың жұмысы туралы" статистикалық бюллетеньге жүгінсек, тек 2020 жылдың өзінде жылу энергиясы көздері мен жылу желілерінде 52 апат жағдайы тіркелген. Авариялардың басым көпшілігі – 48-і жылу желілеріне тиесілі.

Елдегі жылу электр орталықтарының (ЖЭО) негізгі жабдықтарының тозуы орта есеппен 55,42%-дан асқан. Тозудың ең жоғары деңгейі Жамбыл облысында 89,3%. Тек екі өңір – Нұр-Сұлтанда (34,6%) және Атырау облысында (37,2%) тозу көрсеткіші төмен.

Алайда ЖЭО-лардан әрбір үй мен ғимаратқа жылу жеткізетін құбырлар тіпті астананың өзінде көнеріп барады. Ел бойынша жылу желілерінің тозуы орта есеппен 59%-ды құрайды. Барлық өңірде жағдай мәз емес. Павлодарда жылу желілерінің 80%-ы тозған, Қарағандыда – 70%, Петропавлда – 69,8%, Шымкентте – 69%, Семейде – 62%, Қостанай облысында – 50% (соның ішінде Қостанай қаласында – 64%, Рудныйда – 58%), Алматы қаласында – 50%-дан астам, Нұр-Сұлтанда – 56%.

Ә. Смайыловтың тапсырмасын орындау мақсатында, арнайы Үкіметтік комиссия еліміздің бүкіл аймағында болып, "кешенді техникалық-экономикалық бағалау" жүргізген.  

"Кәсіпорындардың бәрінде білікті персоналдың тапшылығы туындаған, қызметкерлердің орташа жасының өсуі байқалады. Кәсіпорындарда технологиялық процесті басқарудың заманауи толыққанды жүйелері жоқ. Жылу энергетикасы секторындағы қолданыстағы техникалық стандарттар халықаралық практикаға сай жаңартуды талап етеді. Жылу энергетикасы секторы инвесторлар үшін де, мамандық таңдайтын жастар үшін де тартымды емес", – деп хабарлады бағалау қорытындысын энергетика ведомствосы.

Жылу желілері мен жылу қуаттарын салу және жөндеу қарқыны азаматтық құрылыс қарқынынан артта қалып отыр. Осының салдарынан, жаңадан қаптап бой көтерген тұрғын үй кешендерін, бизнес және сауда ойын-сауық орталықтарын, әкімшілік және әлеуметтік ғимараттарды жылытуға қуат жетпеуде.  

"Өйткені 30–50 жыл бұрын салынған қолданыстағы жылу желілері мен қуаттарына бүгінде шектен тыс жоғары жүктеме түсіп тұр. Олар сонша ауыртпалықты еңсеруге есептелмеген", – дейді Энергетика министрлігі.

Мұның негізгі себебі – "секторға салынған инвестициялардың жеткіліксіздігі және бизнес үшін сектордың тартымсыздығы".

Қазақстанда жалпы пайдаланымдағы орталықтандырылған жүйелердің жылумен қамту сапасы да, сенімділігі де өте төмен әрі тоқтаусыз құлдырап барады.

Бұлай бара берсе, өңірлеріміз бір мезетте орталықтандырылған жылу жүйесінен жаппай айрылып, үйлер пешпен жылытылған орта ғасырға оралуы ғажап емес.

Үкіметтің сарапшылары саладағы жағдайды түзеу үшін қандай шаралар атқарылуға тиістігін анықтаған. Соның бірі, мәселен, қазандықтарды жаңғырту керек. Қазақстанның орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі қазандықтардың "пайдалы әсер коэффициенті" (ПӘК) орташа алғанда 75%. Бұл мысалы, климаты бізге ұқсас Финляндияның көрсеткішінен 15%-ға төмен. Салыстыра кетсек, ішкі нарығымызда сатылатын заманауи автономды пештердің осы көрсеткіші 80%-ға дейін жетеді.

Ал елдегі орталықтандырылған жылу жүйелеріндегі, құбырлардағы ПӘК-тің орташа мәні 58% ғана. Бұл Финляндиядан 23%-ға кем.

Қазақстанның жылу желілеріндегі жылу энергиясының тұтынушыға жеткенше, жолай ысырап болуының орташа мәні 28%. Бұл Финляндиядағыдан 19%-ға артық. Финдер 9 пайызын ғана жоғалтады.

Қазақстанда орталықтандырылған жүйелерде ЖЭО-лардың 39%-ы – көмір, 19% – газ жағады екен. Қалғаны мазут және басқасын тұтынады.

Энергетика министрлігінің дерегінше, жылудың басым бөлігін – 40%-ын тұрғын үй секторы тұтынады. 2020 жылғы жағдай бойынша Қазақстанда тұрғын үй қоры 364,3 млн шаршы метрді құрады немесе 2,363 млн бірлік тұрғын үй бар. Соның ішінде 314 172-сі ғана көп пәтерлі тұрғын үйлер (КПТҮ), басым көпшілігі, яғни 2 049 446-сы – "жер үйлер", жеке үйлер (ЖҮ).

Көп қабатты тұрғын үйлердің көбі – 121 234-і немесе 38,6%-ы – 1970 жылға дейін, яғни кеңес кезінде тұрғызылған үйлер.

1971 жылдан 1980 жылға дейін салынғаны – 68 812 (22%).

1981 жылдан 1990 жылға дейінгісі – 68 345 (21,7%).

1991 жылдан 2000 жылға дейінгісі – 20 902 (6,7%). Сонда 20 жылдық және одан жаңа тұрғын үй кешендерінің үлесі 11%.

Апатты үйлер саны жетерлік. 18,1 мың КПТҮ күрделі жөндеуге зәру.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Жылу энергиясы тек өндіру және жеткізу кезеңдерінде ғана емес, сонымен қатар оны тұтыну кезінде де көп ысырап болады екен. Көп қабатты үйлердегі пәтерлерде жеткілікті дәрежеде жылу оқшаулау, қымтау жүргізілмеген. Кейбірі жел бір жыртығынан кіріп, екіншісінен шығатын Алдар көсенің шапанын елестетеді. Заң бойынша ПИК-тер мен МИБ-тер жылу энергиясы ысырабының деңгейіне жауап бермейді. Ғимараттарды жаңғырту және жылу ысырабын азайту үшін шара қолдануға міндеттелмеген. Жаңа заң жобасы осы тарапта міндеттер енгізуі мүмкін.

Жоғарыдағы сандар көрсеткендей, елдің тұрғын үй қорының едәуір бөлігі Кеңес Одағы заманынан бері келе жатыр және жылу оқшаулау, жылу сақтау деңгейін арттыру үшін күрделі салым салуды талап етеді. Ендеше ел Үкіметі бұл бағытта арнайы бағдарлама қабылдағаны жөн.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу