Бірнеше сағаттан кейін Олимпиада ашылады: Париж қаншалықты дайын?

327

Бұл – Жазғы Ойындардың ашық аспан астында өтетін алғашқы ашылу салтанаты. 

Бірнеше сағаттан кейін Олимпиада ашылады: Париж қаншалықты дайын? Фото: reuters

Франция жұма күні Париждің қақ ортасында өтетін экстравагантты Олимпиаданың ашылу салтанатымен әлемді таң қалдыруды мақсат етіп отыр. Жазғы ойындар әлемде геосаяси шиеленіс күшейген шақта басталады.

Шамамен 45 000 полиция, 10 000 сарбаз және 2 000 жеке күзет қызметкері Сена өзенінде, оның жағалауы мен айналасындағы ескерткіштер бойымен өтетін парадтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

7000-ға жуық спортшы мінген баржалар өзенмен жүзіп, Париждің ең танымал жерлерінен өтеді, ал 300 000-нан астам көрермен оларды жағадан тамашалайды.

2022 жылы Бейжіңде өткен соңғы Олимпиада ойындарынан бері Украина мен Газада соғыс оты тұтанып, биылғы Ойындар үшін шиеленісті жағдай туындап отыр. Сондықтан Франция қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейіне көшірілді. Бірақ жергілікті шенеуніктер ашылу салтанатына немесе Ойындарға нақты қауіп төніп тұрмағанын бірнеше рет айтқан.

Кең ауқымды қауіпсіздік операциясының бір бөлігі ретінде билік терроризмге қарсы заңды алға тартып, 155 адамның қозғалысын қатаң шектеуге алып отыр.

Сонымен қатар, израильдік спортшыларды элиталық тактикалық бөлімшелер іс-шараларға әрі-бері тасымалдап, Олимпиада аяқталғанша 24 сағат бойы қорғамақ.

Ашылу салтанатына әлемнің көптеген лидерлері барады, оларды шатырларға орналасқан снайперлер қорғайды. Сена өзенінің арнасына бомба қойылғаны-қойылмағаны да мұқият тексеріліп, Париждің әуе кеңістігі жабылады.

Ойындар үшін радарлы-бақылау ұшақтары мен Reaper дрондары күдік тудыратын жерлерді жоғарыдан қадағалайды, ал Mirage 2000 жойғыш ұшақтары шектелген әуе кеңістігіне адасып кірген ұшақтарды ұстау үшін күту режиміне көшірілген.

Бәрі дайын

"Бәрі дайын. Тіпті (Олимпиада) сақиналары да сонда. Ойындардан ләззат алыңыз!",- дейді Франция президенті Эммануэль Макрон Эйфель мұнарасына қарап тұрып. Бұл туралы видео оның X-тегі парақшасында жарияланды.

Мәскеу Украинаға әскер кіргізгендіктен, Ресейдің әдеттегі ірі командасы, ХОК-тың 20 шілдеде жариялаған тізіміне сәйкес, 15 адамға дейін қысқарды.

Беларусь 17 спортшысын бейтарап ретінде жібереді.

Украина Парижге 140 атлет аттандырып отыр. Бұл - оның Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі ең аз контингенті.

Судағы парад

Ашылу салтанаты жергілікті уақытпен 19:30-да басталады. Судағы парад француз астанасының аса көрікті жерлерінен өтеді. Солардың қатарында Лувр мұражайы мен Өнер көпірі бар.

"Біз Сена маңындағы барлық тарихи ескерткіштерді пайдаланамыз және музыкаға, биге немесе қойылымға толмаған бірде-бір өзен жағасы немесе көпір қалмайды", - дейді салтанат хореографы Мод Ле Пладек.

Бұл стадионның сыртында өтетін  алғашқы ашылу салтанаты.

Олимпиаданың басталғанын паш ететін алауды кім әкеліп, жағатыны әзірге құпия.

Тағы бір беймәлім жайт сол – ашық аспан астында ауа-райы қандай болады? Ұйымдастырушылар ашылу салтанаты "күн қызарып батып бара жатқанда" өтеді деп үміттенген еді. Метео мамандар аспан бұлтты болады деген болжам айтып отыр.

10 500-ден астам спортшы Олимпиада ойындарына Париждің соңғы рет өткізгеніне 100 жыл толғанда кірісейін деп отыр. Жарыс сәрсенбіде басталып, 329 алтынның біріншісі сенбі күні табысталады. Жабылу салтанаты 11 тамызда өтпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу