Біртанов пен Әбішевтің қорғаушылары істі прокурорларға қайтаруды сұрады

2524

Қылмыстық іс 133 томнан тұрады. Онда 30 мыңнан аса бет бар.  

Біртанов пен Әбішевтің қорғаушылары істі прокурорларға қайтаруды сұрады

Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа ауданы №2 аудандық сотта бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның экс-орынбасары Олжас Әбішевтің қорғаушылары судьядан істі прокурорларға қайтаруды сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Істі Сарыарқа ауданы №2 аудандық сотының судьясы Ибрагим Әлкенов қарады. Онлайн режимде өткен отырысқа экс-министр Елжанов Біртанов, бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев, адвокаттар, прокурорлар Санат Талқанбаев, Бауыржан Шекенов және журналистер қатысты. Қос тарап сот отырысына БАҚ өкілдерінің қатысуына қарсы емес екенін атап өтті.

Алдын ала тыңдауда Біртановтың қорғаушыларының өтініші ішінара қанағаттандырылды. Олар Денсаулық сақтау министрлігінің 2 өкілінің бірі (жәбірленуші тараптың мүддесін қорғайды) сотқа қатыса алмайтынын айтты. Мәселе Жақанова ханымға қатысты. Ол Денсаулық сақтау министрлігімен келісімшарт бойынша жұмыс істейтінін, отставкадағы судья екенін жеткізді. Бірақ Жақанова министрлікке бағынысты ұйымның атауын нақты айта алған жоқ.

Осы сәтте Біртановтың қорғаушысының бірі Серік Сағалиев заңның бұзылғанын алға тартты. Оның пікірінше, отставкадағы судьяларға ақылы қызмет көрсетуге тыйым салынған.

Сондай-ақ денсаулық сақтау экс-вице-министрі Олжас Әбішевтың адвокаттары қылмыстық іспен толық таныса алмағанын атап өтіп, іспен танысуға уақыт сұрады.

Олжас Әбішевтің айтуынша, бұл іс 133 томнан тұрады, онда 30 мыңнан аса бет бар.

"Оларды оқу үшін 4 ай, ал 500 сағаттық аудио жазбаларды тыңдау үшін 3 айдан аса уақыт керек. 21 қораптан тұратын заттай дәлелдер бар. Істе тағы 4 томның барын осы тыңдауда ғана алғаш рет естідім", – деді бұрынғы министрдің орынбасары.

Елжан Біртановтың адвокаттары да тергеу тарапынан бірқатар заңбұзушылық болғанын айтып, судьядан істі прокурорларға қайтаруды сұрады

Судья Ибрагим Әлкеновтың төрағалығымен өткен сот отырысы шамамен 5 сағатқа созылды. Сот ертең, 27 қаңтар сағат 15.00-де жалғасады.

Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, Елжан Біртанов және Олжас Әбішевке Денсаулық сақтау министрлігі Ақпараттандыру платформасын қабылдау және пайдалануға беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Орындалмаған жұмыстардың құны – 4,1 млн доллар немесе 1,5 млрд теңге.

Айта кетейік, Елжан Біртанов 2020 жылғы 7 қарашадан бастап үйқамақта отыр. Алдымен ол "бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды" деген күдікке ілінді. Кейін бап "қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану" деп өзгертілді.

Сот отырыстарында экс-министр жемқорлыққа қатысы жоқ екенін бірнеше рет мәлімдеген. Ол лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланған деген айыпты да мойындамайды.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу