Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты сот үкімі шықты

2766

Экс министр санитарлық авиацияны пайдалану ісі бойынша кінәсіз деп танылды. 

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты сот үкімі шықты Фото: newtimes.kz

Ал Қылмыстық кодексінің 361-бабы, 4-бөлім, 3-тармақ бойынша тағылған айыпқа сәйкес, Сарыарқа ауданы №2 аудандық сотының судьясы Ибрагим Әлкенов Біртановты 5 жылға бас бостандығын шектеу туралы жаза тағайындады, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Бұрынғы денсаулық вице-министрі Олжас Әбішевке қатысты 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шықты. Оларға мемлекеттік қызметпен айналысуға өмір бойы тиым салынады. Сондай-ақ ескертусіз мекен-жайын өзгертуге болмайды. 

Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылған болатын. Осы платформа бойынша орындалмаған жұмыстың құны 4,5 млн доллар немесе 1,5 млрд теңге деп танылды.

Азаматтық талап-арыз қаралғаны үшін Е.Біртанов пен О.Әбішевтің әрқайсынан 20,2 млн теңге мемлекеттік баж салығын өндіріп алуға Үкім шығарылды. 

Олжас Әбішевтің 7765 еуро және 34120 АҚШ доллары көлеміндегі жеке қаржысына және оның атына тіркелген, 2014ж шығарылған KIA Sportage көлігіне Астана қаласы ауданаралық мамандандырылған соты салған бөгеу, азаматтық талап-арыз бойынша материалдық шығын өтелгенше күшінде қалады. 

Сот шешіміне сәйкес, азаматтық талап-арыз бойынша Үкімді айыпталушының екеуі де өз еркімен орындауы үшін 3 ай мерзім беріледі. Бұл уақыт ішінде материалдық шығын өндірілмесе мәжбүрлеп өндіру бойынша шара қолданылады. 

Сот Үкімі бойынша, ҚК 44 бабы, 1 бөліміне сәйкес, Әбішев негізгі жазасын өтеу мерзімі біткенше, жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке жегіледі. 

Сонымен қатар, айыпталушылар сот үкімі күшіне енген күннен бастап, үйқамақтан босатылады. 

Қылмыстық кодекстің 62 бабы 3 бөлімі, 1 және 4 тармағына сәйкес   Біртановтың 30 қазан мен 6 қараша аралығындағы тергеу изоляторында болған әр күні - бостандығы шектелген 2 күн есебінде саналады. 2020 жылдың 6 қарашасынан бастап, Үкім заңды күшіне енген мерзімге дейінгі үйқамақтағы уақытының әр 2 күні-бостандығын шектеудің 1 күні болып есептеледі. 

Олжас Әбішевтің  2020 жылдан 1 тамыздан 6 қарашаға дейінгі тергеу изоляторында отырған мерзімінің әр 1 күні, жазасын өтеудің 2 күні болып есептеледі. 2020 жылдың 6 қарашасынан бастап, Үкім заңды күшіне енгенге дейінгі үйқамақтағы мерзімінің әр 2 күні, бостандығын шектеудің 1 күні болып саналмақ. 

Егер, айыпталушылар бостандығын шектеу жазасын орындаудан бас тартатын болса, Сот жазаны бас бостандығын айыру түріне ауыстыруы мүмкін.

Сот Үкімі оқылған отырыстан кейін бұрынғы Денсаулық министрі Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрлігінің талабын түсінбейтінін және аппелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. 

"Мен санитарлық авиацияға байланысты шешімге ғана қанағаттандым. Ал екінші шешімге келетін болсақ, әрине, қанағаттанбаймын. Мен өзімді кінәлімін деп санамаймын. Заң бойынша, шағымдануға құқығым бар. Біз міндетті түрде шағымданамыз, сондықтан мәселе әлі шешілген жоқ. Біз өз ісімізді дәлелдеу үшін күресуді тоқтатпаймыз", деді Елжан Біртанов.

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен вице-министр Олжас Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеу өткен жылдың шілде айында аяқталды. Қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау биыл 26 қаңтарда басталды. Сот отырысы Астана қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотында 26 мамыр күні басталған болатын. Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі қызметінен 2020 жылдың 25 маусымында босатылды. Ол 2020 жылғы 7 қарашадан бастап үйқамақта отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу