Экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев сотта соңғы сөзін айтты. Екеуі де өздерін кінәсіз деп санайтынын және тағылған айыптардың қисынсыз және еш дәлелденбегенін жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев ведомствоның цифрлық платформасын құру жобасы туралы айта келе, цифрландыру "медициналық мафияға" кедергі келтіргенін мәлімдеді.
"Цифрландыру "медициналық мафияға" кедергі келтірді, олардың қылмыстық жолмен келетін кірістері күрт төмендеді, контрабанда арналары жабылды. Енді, міне, Біртановпен сотта отырамыз. Біз сыбайлас жемқорлықпен күрестік, сол үшін Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігі бізді жазалау туралы шешім қабылдады. Мен кінәлі емеспін. Менің іс-әрекетімде қылмыс құрамының жоқтығы үшін мені ақтауыңызды сұраймын", – деді Олжас Әбішев.
Одан кейін сөз алған Елжан Біртанов соңғы 2 жылдағы шырмалаң оған ауыр тигенін жеткізді.
"Істеген істерімнің барлығын жоққа шығарғандай. Денсаулық сақтау саласына арнаған 30 жыл еңбегім әп сәтте жоқ болды. Жемқор шенеунік, халық жауына айналдым, бұл мен үшін өте ауыр", – деді Елжан Біртанов.
Сөзін жалғай келе экс-министр өзін кінәсіз деп санайтынын және мұны сотта барынша дәлелдегенін айтты.
"Біз қылмыс жасаған жоқпыз. Оның барлығын сот барысында дәлелдедік. Алайда көптеген заң және Қылмыстық-процессуалдық кодекс нормалары бойынша бұзушылықтар орын алды, біздің елде мұндай жағдай болмауы шарт. Тергеу объективті болуы керек. Біз тәуелсіз сарапшыларды, кәсіпқой мамандарды тыңдадық – олардың барлығы тергеу органдарының сараптамасы кәсіби емес, біржақты екенін растады. Айыптау тарапының осындай әрекеттеріне қарамастан, біздің тарап осы көптеген факті мен дәлелдемені ұсынды. Қылмыс құрамы жоқ екенін бәріміз көріп отырмыз. Ең бастысы пайда табу туралы ойымыз болмағанын дәлелдедік. Біздің бар мақсатымыз – жақсы мемлекеттік қызметші болу еді", – деді Біртанов сөзін қорытындылай келе.
Еске сала кетсек, 2020 жылдың 25 маусымында Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. Ол 2020 жылдың 30 қазанында ұсталды. Содан бері бұрынғы министр үйқамақта отыр.
Елжан Біртанов пен бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясы әзірлеген Денсаулық сақтау министрлігінің Ақпараттандыру платформасын қабылдау және пайдалануға беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Алайда олар бұны жоққа шығарды.