Біржолғы зейнетақы жинағын шотқа аудару мерзімі ұзарады

4932

Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын алынатын зейнетақы жинағын қолдану тәртібі өзгеруі мүмкін.  

Біржолғы зейнетақы жинағын шотқа аудару мерзімі ұзарады

Осыған қатысты ережеге өзгеріс пен толықтыру енгізу мәселесі ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтында талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жаңа ережеде ипотекалық тұрғын үй қарызы, тұрғын үй-құрылыс кооперативі, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарты деген анықтама пайда болуы ықтимал.

Құжаттың жаңа нұсқасында жер үй сатып алумен жекеменшікке жер телімін сатып алу нормасы қарастырылған. Бұл – біржолғы зейнетақы жинағына үй ғана емес, жер сатып алу құқығы берілуі мүмкін деген сөз. 

Естеріңізге салайық, 2021 жылғы 21 қаңтарда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі "Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" бұйрыққа қол қойды. Алдағы уақытта осы құжатқа өзгеріс енсе, зейнетақы жинағы есебінен банк алдындағы қарызды ғана емес, мемлекеттік қызметшілерге берілген бюджеттік берешекті ішінара немесе толық жабу құқығы беріледі. 

Бұдан бөлек Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігінің хабарлауынша, біржолғы зейнетақы төлемін тұрғын үй сатып алуға, айырбастау шарты бойынша тұрғын үйді меншікке сатып алуға байланысты түпкілікті есеп айырысуға, тұрғынжай сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алуға, жеке тұрғын үй салуға, ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде берілген тұрғын үйді жекешелендіруге, ипотекалық тұрғын үй қарызын ішінара немесе толық өтеуге, белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдар тіркеген тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысу шарты бойынша тұрғын үйдің құны мөлшерінде пай жарнасын төлеуге, тұрғын үй сертификаты бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге пайдалануға болады. 

Айтпақшы жаңа ережеде зейнетақы төлемін қолданғысы келген адам өзінің жұбайынан, жақын туысынан сондай-ақ жұбайының жақын туыстарынан жылжымайтын мүлік сатып ала алмайды. Бұған қоса құжатта зейнетақы төлемін өтініш берушінің арнайы шотына аудару мерзімі бұрынғыдай 3 күн емес, 10 жұмыс күніне ұзартылатыны нақтыланған. 

"Отбасы" банктің" сату және аймақтық даму департаментінің директоры Рахиля Балтабаеваның баяндауынша, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын алынатын біржолғы зейнетақы жинағын жер алуға қолдану азаматтардың баспаналы болу мүмкіндігін арттырады. 

"Бұрын жер үй сатып алу мен жер телімін сатып алу ісін бір келісіммен рәсімдеу қажет болатын. Жаңа ереже әрқайсын жеке-жеке рәсімдеуге мүмкіндік беруді көздейді. Бұған дейін сәулет-жоспарлау тапсырмасын, лицензиясы бар құрылыс компаниясымен жасалған еңбек шартын, құрылыс-монтаждау жұмыстарының шығын сметасын, алдын-ала жобалау жоспарын, құрылыстың басталғаны туралы хабарлама, жер учаскесінің құжаттарын жинау қажет болатын. Болашақта мұндай қағазбастылық болмайды", – деді  департамент директоры.

Оның сөзінше, біржолғы зейнетақы жинағын құрылысы аяқталмаған үйге де бағыттауға болады. 

"Зейнетақы жинағын тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу арқылы да жұмсауға болады. Бұл ретте пәтер ипотекасыз сатып алынады. Яғни үйдің құны толық төленуге тиіс. Ал ипотекалық займды бөліп төлеуге келетін болсақ, мәселені сізге қызмет көрсететін банкпен ақылдасып шешу қажет. Себебі бұл әр қаржы институтының ішкі тәртібі. Дегенмен дәл осы мәселеде қиындық туындамауы керек", – деді Рахиля Балтабаева. 

Оның түсіндіруінше, ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын жабуға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға болады. 

"Бұл мәселе несие берген банкпен талқыланады. Қарызды белгілі мерзімге дейін алдын ала жабуға мораторий жарияланған және мұндай жағдайда айыппұл төлеу міндеті болса, қарызды шектеу мерзімі аяқталған соң өтеген дұрыс", – деді департамент директоры. 

Оның айтуынша, бөліп төлеу арқылы алынған пәтерлерге де зейнетақы жинағын жұмсауға болады. Алайда төлем бірден жасалып, қарыз бірден өтелуі керек. 

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу